БІЗДІҢ БАҒДАРЫМЫЗ АЙҚЫН
Осыған сәйкес, елді басқару жүйесінің жаңа механизмдері іздестіріліп, тиісті органдар өз ұсыныс, пікірлерін білдіре бастады. Бұл мәселе жергілікті басқару жүйесіне де қатысты еді. Тәуелсіздік елең-алаңы саналған 1993 жылдың аяқ кезінде «Республиканың жергілікті басқару органдары туралы» заң қабылданып, нәтижесінде бұрынғы кеңестердің орнына өкілетті органдар — мәслихаттар құрылды. Облыстық мәслихаттың тұңғыш сессиясы наурыз айының 25-ші жұлдызында өтті.
Рас, бастапқы кезеңде тың істер мен бастамаларды жүзеге асыру, оларды күнделікті өмір талаптарына сәйкес жүргізу оңай болған жоқ. Өйткені, егемендігін енді ғана алған жас мемлекет ішкі, сыртқы саясатта өз бағыттарын айқындап, елді басқару саясатын ұтымды ұйымдастыруы тиіс еді. Осындай зор міндеттерді арқалаған сол кездегі ел ағаларының берекелі істерінің қатарында түрлі деңгейдегі мәслихат жұмыстарының да қолтаңбасы жатыр. Өйткені, тәуелсіздік елең-алаңында мәслихат депутаттары ұйымшылдық көрсете отырып, жаңа қадамдар жасады. Нақты істер атқарыла бастады. Ол кезде мәслихат аппараты да шағын болатын. Бір ғана ұйымдастыру бөлімі болып, онда бар болғаны 4-5 жауапты қызметкер жұмыс жасады. Айта кету керек, алғашқы облыстық мәслихат депутаттары белсенді жұмыс жасап, өздерінің міндеттерін тиісті заңға сәйкес барынша пәрменді жүргізе білді.
Жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, облыс алдында тұрған маңызды міндеттерді қоян-қолтық атқарысты. Әсіресе, тоқсаныншы жылғы тоқырау кезеңдерде облыстың әлеуметтік ахуалын қалыпты жағдайда ұстап отыру оңайға соқпады. Жаппай жұмыссыздық жайлап, әлеуметтік, мемлекеттік сала қызметкерлері дорба арқалап, базарға кеткен кездерде халыққа тиесілі әлеуметтік төлемдер төлеудің өзі мұң еді. Осындай әлеуметтік қиын кезеңде мәслихат депутаттары жергілікті билік органдарымен бірлесе отырып, ел үшін ең керекті, маңызды әрі ұтымды шешімдер қабылдай білді. Халықты сабырға шақырды. Нәтижелі жұмыстарымен бұқараның сеніміне ие болды.
Осылайша, мемлекеттік дамудың түрлі кезеңдерін бастан өткерген мәслихаттардың қоғамдағы орнын «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заң айқындап берді. Айта кетерлігі, жергілікті басқару органдары туралы заңда мәслихаттардың жоғарыдан төмен қарай бағыныштылығы белгіленбеген, яғни мәслихаттардың республикалық жоғарғы органы жоқ. Сондықтан да, алғашқы жылдары жергілікті өкілетті басқаруды жүзеге асыруда біраз қиыншылықтар болды. Бұрынғы кеңестік жүйе кез-келген нәрсені жоғарыдан сұрай салуға үйретіп келген болса, егемендік алғаннан кейін жұмысты жаңаша көзқараста ұйымдастыру талап етілді. Осылайша, мәслихаттар өзінше ұтымды жұмыс жасауға тырысты. Дегенмен, көптеген мәселелер облыстық мәслихат арқылы шешіліп жүрді. Кейіннен аталған заңға бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, әр мәслихат өзінше дербес жұмыс жасай бастады.
Бір айта кететін жәйт, ол кезде көптеген өзекті деген мәселелердің заңдылық базасы толықтай жасақталмаған еді. Оның ең бастысы — мәслихат депутаттарының мәртебесі туралы заңнамалық құжаттың болмауы. Мәслихаттың халық өкілдерінен, яғни депутаттардан құралып отырған орган екендігін ескерсек, сол депутаттың өзінің мәртебесі туралы нормативтік-құқықтық құжат қажеттілігі заман талабы екені даусыз еді. Бірақ, оған қарамастан әр депутат өзі сайланған округіне қарасты елді мекен тұрғындарының ұсыныс, шағымдарын әрдайым ескеріп, ол бойынша тиісті атқарушы органдар мен мекеме, ұйымдар басшыларымен бірлесе жұмыс жасап, олардың оң шешімін табуына атсалысқанын айтуға тиіспіз.
ІІ сайланған облыстық мәслихаттың І сессиясы 1999 жылдың 12 қарашасында өтті. Онда облыстық мәслихат хатшысы, төрт тұрақты комиссиясы сайланды. Жұмыс тәртібі бекітілді. Комиссиялар экономика, кәсіпкерлікті дамыту, қаржы және бюджет мәселелері бойынша құрылды.
Облыс мәслихаттарының өткен жиырма жыл ішінде үлкен тәжірибе жинақтап, жергілікті өкілетті орган ретінде қалыптасқандығын атап өткеніміз жөн. Бүгінде мәслихат қоғам дамуының қазіргі талаптарына сәйкес қызмет атқаруда. Әр ауданның, қаланың, кент пен селоның өз ерекшеліктері мен проблемаларының болатыны белгілі. Соларды уақтылы шеше білу, тұрғындардың талап-тілектерін орындау әр мәслихаттың, әр депутаттың абыройлы міндеті. Басым бағыттарды анықтау арқылы оларды жергілікті атқарушы органдарға өз кезегінде қоя білумен қатар, бірлесе шешу де басты мақсат болып табылды.
Соңғы жылдары мәслихаттар құзіретін кеңейту мақсатында жоғарыда аталған Заңдарға бірқатар өзгерістер енгізілді. Мәслихаттардың тексеру комиссияларының ролі көтерілді. Нәтижесінде жергілікті әкімдіктермен бірге халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарта түсу мақсатында жұмыстар атқарылуда. Бюджеттің, мемлекеттік, экономикалық бағдарламалардың орындалуы үнемі бақылауда келеді.
Қоғамның қазіргі даму сатысы олардың алдына жауапты да жаңа қүрделі міндеттер жүктеуде. Ең бастысы — халықпен жұмыстың жаңаша жолдарын тауып пайдалану, өзекті мәселелерді дер кезінде қойып, тұрғындардың ойынан шыға білу. Күні кеше Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұқараға дәстүрлі Жолдауын жариялады. Елімізді әлеуметтік, экономикалық, саяси тұрғыда заман талабына сай одан әрі дамыту міндеті жүктелген стратегиялық құжат арқылы Үкіметтен бастап, барлық деңгейдегі атқарушы органдарға нақты тапсырмалар берді. Біз ендігі күш-жігерімізді әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарына ену жолында жұмсауға тиіспіз. Бұл – ұлтымыздың ұлы мұраты. Ұлттық идеологияға айналған стратегияны жүзеге асыруда мәслихаттардың да ролі жоғары. Демек, біз осы мақсатқа жұмылуға тиіспіз.
Қабази ҚҰБАШ,
облыстық мәслихат аппаратының 1994-2006 жылдарғы аппарат басшысы, еңбек ардагері.