БІЛІКТІ МАМАН – ЕЛДІҢ ТІРЕГІ
— Атырауда қазақстандық мұнай компанияларымен бірге көптеген шетелдік мекемелер де жұмыс жасайды. Оларға қажетті мамандар осы институтта дайындалады. Елбасымыздың «Ұлт жоспарына» сәйкес жоғары оқу орнының кадр даярлаудағы жаңа бағыты қандай?
— 1993 жылдан бері Жапония, Оңтүстік Корея, Англия, Венгрия, Италия, Ресей, т.б. көптеген елдермен 50-ден астам халықаралық жобаны дайындауға атсалысып келемін. Америкада болған екі жыл ішінде «ондағы жоғары оқу орындарындағы білім сапасы неліктен жоғары?» деген сұраққа жауап тапқандай болдым. Себебі, ол оқу орындары – қаржылық емес ұйымдар. Демек, жоғары оқу орындары жеке кәсіпшіліктер мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерге айналмауы керек. Биыл қыркүйек айынан бастап институт коммерциялық емес ұйым болып қайта құрылмақ. Ондағы мақсат – бәсекеге қабілетті технологиялық университет болу.
— Өзіңізге белгілі, қай мемлекеттің болмасын, өсіп-өркендеуі, ең алдымен, оның экономикасына, қалыптасқан еңбек нарығына байланысты. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы жариялаған 5 реформаны іске асыруға бағытталған 100 қадам әрқайсымыздан жоғары жауапкершілікті талап етеді. Бұл жөнінде не айтасыз?
— Осы нақты жүз қадамның тоғызы тікелей институт ұжымының қызметіне қатысты деп айта аламын. Ұлт жоспарының 34-қадамында мемлекет-жекеменшік серіктестігін дамыту шеңберінде пенитенциярлық инфрақұрылымды жаңғырту міндеті жүктелді. Бұл ретте өндірістік мекемелер білім саласымен бірігіп жұмыс жасауы керек.
Бүгінгі таңда қай саланы алсақ та, кластерсіз даму мүмкін емес. Хьюстон университеті сол кластер құру арқылы шикізат өнімін де өңдейді, сервистік қызметін де атқарады, транспорт, тамақтану, басқасы да өзінен. Біздің елде алғашқы кластер осы мұнай-химия саласынан бастау алмақ. Бұл бағытта институттың төрт қызметкері қазір жұмыстануда.
— Білім ордасының жаңа оқыту стратегиясы негізінде қандай шетел оқу орындарымен байланыс орнатылған?
— 56-қадамда көрсетілгендей, экономиканың басым секторларында халықаралық стратегиялық серіктестермен бірлескен кәсіпорындар құру, шетелдерден жоғары білікті мамандар тарту үшін қолайлы көші-қон режімін қалыптастыру қажет. Осы мақсатта оқу орнымыз академиялық мобилдік бағдарламалары арқылы АҚШ-тың Хьюстон, қытайлық Сиань мұнай, Мәскеудің И.М.Губкин, М.Ломоносов, Уфа мемлекеттік мұнай-технологиялық және ресейлік Достық университеттерімен келісім-шарттар жасасуда. Ресей халықтар достығы университетіне бармай-ақ, «e-learning» ақпараттық-технологиялық жүйесі арқылы студенттеріміз тәжірибе алмаса алады. Ресейлік әріптестеріміз де сессия науқанында Атырауға келіп тұрады.
Сондай-ақ, институт «АРЕС Petrotechnic» жоғары техникалық мектебімен бірігіп, ағылшын тілінде білім беру бағдарламасын жасақтады. Келесі оқу жылында студенттер мұнай-газ ісі, автоматтандыру және бас-қару, органикалық заттардың химиялық технологиясы, электроэнергетика мамандықтары бойынша бітірер кезде қос оқу орнының дипломын алып шығады.
— Облыста «Таза сессия» секілді жемқорлықпен күрес акциялары тұрақты ұйымдастырылып келеді. Жоғары оқу орындарында жемқорлыққа жол бермеудің қандай жолдары бар?
— Біз, институт ұжымы, жемқорлыққа түбегейлі қарсымыз! Әр мекеме өз қызметкерлерінің әлеуметтік мәселесін шешіп отырса, мұндай жағдай орын алмайды деп ойлаймын. Бұл қаржылық сауаттылық пен ашық пікірді қажет етеді. Елбасы реформасының 84-қадамында әлеуметтік көмекті оның атаулы сипатын күшейте отырып оңтайландыру жөнінде айтылған. Сондықтан, оқу орнының қорына түскен әр тиынды мақсатты, яғни, сол білім ордасының қажеттілігіне пайдаланған жөн. «Оптимизация»деген желеумен қызметкерлерді қысқарта беру де дұрыс емес. Өйткені, оптимизациялау қысқарту емес, «жағдайды жақсарту» деген ұғымды береді.
— Құлсары қаласынан он шақырым жердегі Құлсары кен орнынан оқу-өндірістік полигон ашу жұмыстары аяқталды ма?
— Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын алға жылжыту жөніндегі ұлттық жобаны әзірлеу 88-қадамда нақты айтылды. Қазір тәжірибесіз ешкімді де жұмысқа қабылдамайды. Сондықтан, биыл дуалды оқыту шеңберінде елімізде тұңғыш рет Атыраудан оқу-өндірістік полигон ашылады. Оқу жоспары жасақталды, бәрі дайын тұр. Ауысымдық әдіс арқылы студенттер оқу мезгілінің бір бөлігін полигонда өткізетін болады. Оларға «Ембімұнайгаз» мекемесі есебінен жалақы төленіп, еңбек кітапшасы ашылады. Әзірше пилоттық жоба негізінде мұнай-газ саласы бойынша төрт мамандықтан 40 студент (келесі оқу жылының 3-4 курс студенттері) қамтылмақ. Осыдан кейін оларға қай жұмыс беруші «тәжірибең жоқ» деп қарсылық білдіре алады?
— Осындай тағы бір ауқымды жоба – Каспий зерттеу орталығын ашу болатын. Мұны жүзеге асыруға бола ма?
— Неге ашпасқа? Оқу орнында ғылыми үйірмелер жетерлік. Орталықта мұнай-газдан басқа, туризм, транспорт тақырыбына қатысты мәселелер де сараланып, зерттелетін болады. Каспий төңірегіндегі проблемаларды басқа емес, біз көтеруіміз керек. Екіншіден, Вокзал маңы мөлтекауданында орналасқан институт ғимараттарын біртұтас кампусқа айналдырғымыз келеді. Ол кітапхана, спорт, оркестр, дәріхана сияқты түрлі бөлімдерді де қамтымақ.
— Көп елдерде «көшбасшылық» деген ұғымға зор мән беріледі. Мұның артында қандай мақсат көзделген?
— Керек десеңіз, дамыған елдер тұтас бір жылды көшбасшылық мәселесіне арнап отырады. Біз жастарды «бар, ананы алып кел, мынаны мұнда қой» деп оңды-солды жұмсай бермеуіміз керек. Қалаған ісімен айналысуына мүмкіндік беріп, таңдау еркін ұсынғанымыз жөн. Студенттер неге қызығады, бойларында қандай дарын бар, бос уақытында немен шұғылданады? Осыларды негізге алып, әр жастың бойындағы өнерді дамытуға жағдай жасамақпыз.
— Мемлекеттік грант қанша орынға тағайындалды?
— Барлығы 300 мақсатты орынға грант бөлінді. Оған қосымша «Серпін» әлеуметтік даму қоры Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан, Алматы, Жамбыл облыстарынан әлеуметтік аз қамтылған 300 баланы тегін оқумен қамтымақ. Бізде барлығы 14 категория бойынша 20-100 пайыз аралығында түрлі жеңілдіктер қарастырылған. Талапкерлер санына шек қойылмайды, қанша бала грантқа ұсынылса, соншасын оқыта аламыз. Сырттай және кешкі оқыту бөлімдерінің оқу ақысы былтырмен салыстырғанда едәуір төмендеп отыр.
Әңгімелескен
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.