Жарнама
Саясат

Басшылыққа жаңа толқын келе жатыр

«Өңірлік кадр резерві – жас басқарушыларды қолдауға және өңірлердің дамуына серпін беруге бағытталған маңызды қадам. Міне, қазір екі күндік семинар өтіп жатыр. Мұндай оқыту бағдарламалары резервшілердің құзыреттерін жетілдірумен қатар, өңірлік басқарудың тиімділігін арттыруға ықпал етеді» деді ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалының директоры Еркебұлан Ғабдығапаров облыстағы резервшілер үшін ұйымдастырылған арнайы семинарда.

«Өзгеріске қорқынышпен қарамау керек»

Құрманғазы ауданы Теңіз ауылдық округінің әкімі Қайсар Махсутовтың мемлекеттік қызметте еңбек етіп келе жатқанына биыл 13 жыл болыпты. Осы аралықта тұрғылықты халықпен тіл табысып, бірқатар жұмыстарды жүзеге асырып, біраз тәжірибе жинақтаған. Содан білімін жетілдіріп, біліктілігін арттыру мақсатында биылғы 1 наурызда резервке іріктеу құжаттарын тапсырған көрінеді. Тамыз айында мақсатына қол жеткізген.

– Бүгінгідей шара бізге өзгерістерге бейімделудің жаңа қырларын ашты. Әртүрлі көшбасшылардың тәжірибесін талдап, шешім қабылдаудағы ұтымды тәсілдерді үйрендік. Бұл күнделікті қызметімізде тиімді нәтижелерге жетуге көмектеседі деп сенемін. Мемлекеттік қызметкер заман талабына сай өзгеріске бейім болуға міндетті екенін осы сабақтарға қатыса отырып, тереңірек түсіндік,-дейді Қайсар Еркінұлы.

Ол пандемия кезінде жинақталған тәжірибені мысалға келтіріп, өзгерістерге жылдам бейімделудің мемлекеттік қызметтегі маңызын ерекше атап өтті.

– Пандемия кезінде өмірімізге жаңа форматтағы жұмыс енді. Бұрын уақыт пен күшті көп қажет ететін маңызды жиындар онлайн форматта өткізіле бастады. Бұл біз үшін алғашында таңсық болғанымен, кейін оның офлайн форматтан кем еместігін түсіндік. Онлайн жиындар уақытты үнемдеп, қызмет тиімділігін арттырудың бір құралына айналды. Осындай бейімделудің нәтижесінде қашықтықтан да сапалы жұмыс істеуге мүмкіндік туды. Бұл өзгерістерге дайын болу және оны қабылдай білу қажеттігін көрсетті.

Қазіргі заман мемлекеттік қызметкерден икемділік пен жаңашылдықты талап етеді. Жаңадан келген өзгерістерге қорқынышпен қарамау керек. Сабақ барысында біз уақытты тиімді пайдаланудың, кәсіби білімімізді жетілдірудің және заманға сай біліктілігімізді арттырудың маңызын терең түсіндік. Бұл бізге қызметте ұтымды шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді,-деді ол.

Алыс жол алғашқы қадамнан басталады

ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалының директоры Еркебұлан Ғабдығапаровтың айтуынша, резервшілердің оқыту бағдарламасынан алған білімдері мен тәжірибелері мемлекеттік басқару мәдениетін жаңғыртуға мүмкіндік туғызып, олардың кәсіби дамуына жаңа бағыт ашады.  «Бұл – өңірлік басқаруда жаңа толқынның пайда болуына жасалған алғашқы қадам» деді сұхбаттасушымыз.

Облыс әкімі аппаратының басшысы Нұрлыбек Жеңісбекұлы семинардың салтанатты ашылуында «Өзгерістер процесінің көшбасшысы» тақырыбында дәріс оқып, қатысушыларды өзгерістерді басқарудағы көшбасшылықтың маңызды қағидаларымен таныстырды. Іс-шара бағдарламасы жан-жақты әрі тәжірибелік бағытта құрылып, мемлекеттік секторды трансформациялау мен жаңғырту бойынша кешенді тақырыптарды қамтыды. Қатысушыларға мемлекеттік жоспарлаудың қазіргі жүйесі, стратегиялық жоспарлау және бюджеттеу әдістері, мемлекет қаражатын жоспарлау және оның тиімділігін арттыру тәсілдері, сондай-ақ өзгерістерді басқару мен белгісіздік жағдайындағы басқару құралдары жайында терең білім берілді.

Мемлекеттік жоспарлаудың қазіргі жүйесі тақырыбы аясында басқару жүйесінің негізгі принциптері мен тиімділігін арттыру жолдары қарастырылды. Стратегиялық жоспарлау мен бюджеттеу әдістері бойынша ұзақ мерзімді мақсаттарға жетуге қажетті тиімді құралдар ұсынылды. Бюджет қаражатын жоспарлау және оның тиімділігін арттыру әдістері қаржы ресурстарын тиімді пайдалану және оңтайлы нәтижелерге қол жеткізу жолдарын ашып көрсетті. Өзгерістерді басқару және белгісіздік жағдайындағы басқару құралдары көшбасшыларға күрделі жағдайларда дұрыс шешімдер қабылдау және өзгерістерге бейімделу дағдыларын дамытуға көмектесті.

Бұл бағдарламаның мазмұны тек теориямен шектелмей, практикалық әдістермен толықтырылды. Интерактивті пікірталастар, case-study және brainstorming сессиялары қатысушылардың алған білімдерін нақты өмірлік жағдайларда қолдануына мүмкіндік беріп, мемлекеттік сектордағы өзгерістерге тиімді бейімделуге бағытталды.

Алғаш рет жүзеге асқан жоба

Екі күндік семинарда өз саласының үздік мамандары дәріс оқыды. Атап айтсақ, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрлан Еркебаев «Мемлекеттік сектордағы трансформация және жаңғырту» тақырыбында интерактивті пікірталас ұйымдастырып, case-study өткізді. Ал, Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Нұрболат Сарманов  «Мемлекеттік жоспарлау және бюджеттеудің қазіргі жүйесі» тақырыбында тәжірибелік сабақ жүргізді.

Айта кетерлігі, «Өңірлік кадр резерві» жобасы – Мемлекет басшысының бастамасымен биыл алғаш рет жүзеге асқан тың бастама. Ол талантты жастарды мемлекеттік басқаруға тартуды және жас басқарушылардың аймақтық пулын қалыптастыруды мақсат етеді. Іріктелген қатысушылар мемлекеттік әкімшілік қызметтің «Б» корпусы санатындағы лауазымдарға сайланатын қызметтерді қоспағанда, уәкілетті органның келісімі негізінде тікелей тағайындалу мүмкіндігіне ие.

Екі күндік семинар – бұл тек білім алмасу ғана емес, болашақ басқарушылардың тәжірибесін нығайтуға және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған қадам. Қатысушылар өз пікірлерімен бөлісіп, өзгерістерді басқарудың жаңа қырларын меңгерді. Бұл бастама өңірлік басқару мәдениетіне тың серпін беріп, мемлекеттік қызметтің жаңа буынын қалыптастыруға негіз болары анық.

Жайна МӘЛІМҚОЖА

Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button