Жарнама
Саясат

БАСҚАРМАЛАР НЕ ТЫНДЫРЫП ЖАТЫР?

Сонымен, облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметіне сәйкес, өңірде «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы жүйелі жүзеге асырылып жатыр. Әсіресе, шағын және орта бизнесті одан әрі дамыту бағытында атқарылған шаралар жеткілікті.
Атап айтқанда, осы салада тұтынушыға ұсынылған өнімдер мен көрсетілген қызметтер көлемі 387,6 млрд. теңгені құрапты. Жыл басынан бері бұл бағытта 86,1 мың адам тұрақты қызметпен қамтылған. Демек, өңірдегі кәсіпкерлік саласы облыста жұмыссыздық проблемасын шешуде үлкен үлес қосып отыр.
Ал, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы қолға алынғаннан бері Өңірлік үйлестіру кеңесімен екінші деңгейдегі банктер несиелерінің сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға 21,6 млрд. теңге жұмсалды. Яғни, 116 жоба мақұлданды. Ендігі тілек – осы жобалардың өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосуы.
Сонымен қатар, өткен мерзімде жалпы көлемі 570,1 млн. теңгелік тоғыз жоба бойынша несие ішінара кепілдендірілді. Әрі, осы бағдарлама шеңберінде кәсіпкерлік нысандарына дейін барлық жетіспейтін инфрақұрылымды жүргізу қарастырылған. Оның ішінде, жақсы жол, үзіліссіз электр, жылу және табиғи газбен жабдықтау бар. Осы орайда, үстіміздегі жылдың өткен мерзімінде 1,8 млрд. теңге жұмсалып, 14 кәсіпкердің өтініші орындалды.
Кәсібін жаңа бастап жатқан бизнес иелерінің де жобалары қолдауға ие болуда. Мәселен, мемлекеттік грант арқылы «Изимова» жеке кәсіпкерлігінің жобасы мақұлданып, оған үш миллион теңге грант берілді.
Жалпы, бизнеспен шұғылданғысы келетіндердің алдымен оның әліппесін үйренгендері абзал. Биыл 1242 талапкер «Бизнес Кеңесші» курсы бойынша тәлім алды. Енді, олардың алдағы уақытта тиісті қолдауға ие болып, өз ісін бастап кететіндеріне сенім де мол. Өңірдің 1200 шағын және орта бизнес нысандарына сервистік қолдау көрсетілді. Сөйтіп, оларға 2730 сервистік қызмет ұсынылды. Топ-менеджментті оқыту бойынша 28 шағын және орта бизнес кәсіпорындарының жоғары және орта буын басшылары арнайы оқудан өтті. Ал, «Іскерлік байланыстар» жобасы бойынша оның бірінші кезеңінде Қазақстандағы бизнес-тренингтерден тоғыз кәсіпкер өтті. Ал, жобаның екінші кезеңі аясында шет елдердегі білім көтеру шарасына тағы да төрт кәсіпкер қатысты. Ақырында, мемлекеттік маңызды шараны жұртшылыққа кеңінен таныстыру мақсатында «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жан-жақты ұйымдастырылуда.
Жергілікті атқарушы билік «Даму» және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау» қорлары, облыстық кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер одағы, «ҚазАгроҚаржы» мен «АграрлықНесие Корпорациясы» акционерлік қоғамдарының қатысуымен аудандарда көшпелі мәжілістер ұйымдастырып, ауыл адамдарын тиімді бизнеске тартудың барлық шараларын алуда. Қазір халыққа қызмет көрсету орталығында кәсіпкерлер үшін «Ашық есік» күні тұрақты өтіп тұрады.

Меңдібай ЕЛЕМЕСҰЛЫ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button