Жарнама
Саясат

БАСҚАРМАЛАР НЕ ТЫНДЫРЫП ЖАТЫР?

alogo1223333334Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметі бойынша, биыл «Жұмыспен қамту — 2020 жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 5,3 млрд. теңге бөлінді. Онымен барлығы 5700 адамды қамту жоспарланған. Енді осы меже қалай орындалуда?
Аталмыш бағдарламаның бірінші бағыты «Инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету» деп аталады. Оны жүзеге асыру үшін облысқа 2 млрд. 394 млн. теңге бөлініп, 73 жобада құрылыс және күрделі жөндеу жұмыстарын жүзеге асыру көзделген. Сөйтіп, 1540 жергілікті мамандарды қызметке тарту межеленген.
Бүгінде 20 жоба бойынша күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталып, 1110 адам жұмысқа орналастырылды. Яғни, бұл бағытта 1 млрд. 649,91 млн. теңге мақсатты игерілді.
Бағдарламаның екінші бағыты – «Ауылда кәсіпкерлікті дамыту арқылы жұмыс орындарын құру және тірек ауылдарды дамыту». Бұл бағыт бойынша 1166 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылып, конкурс қорытындылары бойынша өз ісін ашуға немесе бұрынғы кәсібін одан әрі жалғастыруға мүмкіндік алды. Сөйтіп, несиеге бөлінген 2 млрд. 165,028 млн. теңге қаражат толық игерілді. Барлығы 706 адам несиемен қамтамасыз етілді.
Осы бағдарламаның үшінші бағыты «Жұмыс берушінің қажеттігі шеңберінде оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу» деп аталады. Оған республикалық бюджеттен 474,3 млн. теңге бөлінді. Бүгінде кәсіптік колледждерде 793 адам оқуын жалғастыруда. Ал, биылғы бірінші қыркүйекте тағы да 100 адам оқуын бастады. Қайта даярлау курстарына 427 және біліктілігін арттыруға 99 адам жіберілді. Мақсатты топтарға жататын азаматтар ішінен әлеуметтік жұмыс орындарына 1142 адам орналастырылды. «Жастар тәжірибесіне» 1213 жас маман жіберіліп, бұл бағытта 380,893 млн. теңге игерілді.
Бүгінде маңызды бағдарламаны халық арасында кеңінен насихаттау мақсатында ақпараттық-үгіт тобы қала мен аудандарды жоспарлы кесте бойынша аралап жүр. Соның нәтижесінде кәсіпкерлікке ұмтылғандар саны да артуда.
* * *
Облыстық кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму басқармасының деректеріне қарағанда, биылғы бірінші жартыжылдықта құны алты миллиард теңгені құрайтын «ШевронМұнайГаз Инк.» корпорациясының құбыр жүргізуші арматура шығаратын зауыты пайдалануға берілді. Сөйтіп, мұнда 75 тұрақты жұмыс орны ашылды. Енді алдағы уақытқа нендей жобалар межеленді?
Жыл соңына дейін жалпы құны 4,2 млрд. теңгелік 207 жаңа жұмыс орнын құрумен тағы да алты жобаның қатарға қосылуы көзделіп отыр. Олар: «Тұз» кәсіпорнының натрий гипохлоритін өндіру зауыты, «ЖігерМұнайСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өндірісті жаңғырту (сервистік қызмет көрсету, телеметрикалық жүйелерді қолданумен көлбеу бұрғылауды жөндеу және техникалық сүйемелдеу) жобасы, «Бірінші мамыр» ЖШС-нің сүт және сүт өнімдерін шығаратын тауарлы-сүт фермасының құрылысы, «Селбаева Ш.» жеке кәсіпкерлігінің газды бетон блоктары өндірісі, «Розметова» шаруа қожалығының ешкі сүті мен оның өнімдерін өндіру кәсібі және «Эко-Техникс» мекемесінің мұнай шламдарын қайта өңдеу бойынша өндірісін жаңғырту. Міне, осы жобалардың бәріне өңірде үлкен сұраныс боларына үміт зор.
Облыстық әкімдікпен «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыру барысында биылға белгіленген ағымдағы нысаналы трансферттердің жалпы сомасы 976,8 млн. теңгені құрайды. Оның ішінде субсидиялауға – 429,6; кепілдендіруге – 58; сервистік қолдауға – 30; грант ұсынуға – 10 және индустриялық инфрақұрылымды дамытуға 449,2 млн. теңге көзделген.
Биылғы жыл басынан бері Өңірлік үйлестіру кеңесімен несиенің пайыздық ставкасын субсидиялауға 31 жоба мақұлданып, барлығы 8 млрд. 760,7 млн. теңге қарастырылды. Бұл бағдарламаға қатысу арқылы облыс кәсіпкерлері шағын және орта бизнестің жаңа нысандарын қатарға қосу мүмкіндігіне ие болды. Сөйтіп, жаңадан 347 жұмыс орны ашылмақ.
Несиені ішінара кепілдендіру бойынша «Эко-Техникс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Жабдықтар мен арнайы техника сатып алу» жобасы қолдау тапты. Мұндағы кепілдендіру сомасы — 170 млн. теңге.
Өндірістік (индустриялдық) инфрақұрылымды дамыту бойынша жалпы құны 193,3 млн. теңгелік үш кәсіпкердің өтініші мақұлданды.
Ісін жаңа бастаған кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік гранттар ұсыну бойынша «Изимова» жеке кәсіпкерлігінің «Мамандандырылған диотологиялық орталығын ұйымдастыру» жобасы қолдау тапты.
Бағдарламаның қаржылай емес құралы шеңберінде 262 ісін жаңа бастаған және жұмыс жасап тұрған кәсіпкерлер «Бизнес-кеңесші» курсынан өтті. Өңірдегі 265 шағын және орта бизнес субъектілеріне сервистік қолдау көрсетілді, 1106 қызмет түрі ұсынылды. Топ-менеджментті оқыту бойынша 17 кәсіпкерлік нысанының жоғары және орта буын басшылары оқудан өтті. «Іскерлік байланыстар» жобасы бойынша оның бірінші кезеңінде атыраулық бес кәсіпкер Қазақстандағы бизнес-тренингке қатысты.
Мемлекеттің және облыс басшылығының тұрақты қолдауымен өңірде шағын және орта бизнесті дамыту барысында алда да нақты шаралар жүзеге асырылмақшы.
* * *
Облыстық қаржы басқармасы ұсынып отырған мәліметке қарағанда, биылғы тоғыз айда бюджеттің шығыс көлемі 112,8 млрд. теңге шамасында жоспарланған. Нақты орындалғаны — 112 млрд.теңге немесе 99,2 пайыз. Турасын айтқанда, бұл – республиканың өзге өңірлерімен салыстырғанда жоғары көрсеткіш.
Соның ішінде әлеуметтік салаға ерекше көңіл бөлінуде. Атап айтқанда, бұл бағытта 40 млрд. 897,5 млн. теңге бюджет қаражаты жұмсалды немесе ол барлық шығыстардың 36,5 пайызын құрады. Яғни, білім беруге 22 млрд. 674,6 млн. теңге; денсаулық сақтауға 10 млрд. 482,3 млн. теңге; әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамтамасыз етуге 2 млрд. 287,3 млн. теңге; мәдениет, спорт және ақпараттық кеңістікке 5 млрд. 453,3 млн. теңге бағытталды.
Мемлекеттік бағдарламалар аясында игерілген қаржының мөлшері: «Бизнестің жол картасы — 2020» – 98,3; «Жұмыспен қамту — 2020 жол картасы» – 91,6; «Тұрғын үйлер құрылысы» – 100; «Сумен қамту жүйесін дамыту» 99,1; «Өңірлерді дамыту» – 82,9 және «Моноқалаларды дамыту» – 91,2 пайыз.
Елбасы тиянақтап тапсырғанындай, бюджет қаржысының мақсатты және мезгілінде орындалуы – халыққа қажетті әлеуметтік нысандардың қатарға қосылуы. Облыс басшылығы мұны тұрақты бақылауға алып, үнемі қадағалап отыр.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button