БАРДЫ БАҒАЛАЙ БІЛЕЙІК!
Жолдауда айтылғандай, халқымыз мұндай күрделі кезеңдерді бұған дейін де әлденеше рет бастан кешіріп, сындарлы тәжірибе жинағаны белгілі. Сондықтан, бүгінгідей кезеңдегі өткеріп жатқан кедергілерді жеңіп шығатындығымызға бек сенімдімін.Тек бірлігіміз бекем, алған мақсатымыз айқын, еңбегімізді тиімді ұйымдастыра білгеніміз дұрыс. Оған негіз де жоқ емес. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығындағы биылдың өзінде қол жеткен табыстарымыз бізге осындай қорытынды жасауға жол ашады. Оны биыл қарашада Көктоғай ауылында өткен аудан ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің жиынында саланың басшылары мен мамандары ашық айтты. Осы жиында Социалистік Еңбек Ері Маржан Енбаева атындағы байрақ тұңғыш рет осы ауылдың жылқышысы Есімғали Зәйдекенұлына табыс етіліп, мерейімізді тасытты.
Елбасы сөз еткен «Агробизнес – 2020» бағдарламасы біздің ауданда да іске асырылу үстінде. Әсіресе, осы бағдарламалар арқылы мал басын асылдандыру ісін жалғастырушылар өз арамыздан шыға бастады. Соңғы кезде шұбат пен қымыз өндіру жобасын іске асырып, арнайы субсидияға ие болып жүрген «Алға-1» шаруа қожалығының бастамасының өзі неге тұрады!
Бүгінде аудандағы 203 қыстақ орнында төрт түлік мал қыстатылуда. Қыстың басы әзірге малшылар үшін жайлы болып тұр. Осынау жауапты науқанның барлық шаруасын үйлесімді іске асыру жолында әріптестерім, ізбасарларым барлық тәжірибелерін, күш-қайраттарын жұмсап жатқаны аян. Малшы қауым әрбір науқанның өз орны бар екендігін жақсы түсінеді.
Елбасы Жолдауында «қуатты ел болу – бәсекеге қабілетті болу» дегенді қайталап айтты. Қазақстанда жасалған әрбір бұйымның сапалы, ыңғайлы, әдемі және арзан болуына қатысты берген тапсырмаларына толық қосыламын. Қазақ даласында өскен, өнген өнімнің сапасы жағынан қашан да жоғары, әрі табиғи құнарлы болуымен ерекшеленеді.
Қазақтың шұбаты мен қымызы, құрты мен айраны, бидайы мен балығы, ең ақыры етінің де жоғары сұранысқа ие екенін жақсы білемін. Тек соны атакәсіпті жалғастырушы кейінгі жастар бағалай білуі керек. Ол үшін көп еңбектеніп, іздену қажет. Мен жастарға соны жеткізгім келеді.
Сақан ДӘУЛЕТҚАЛИЕВ,
Социалистік Еңбек Ері,
Атырау облысының Құрметті азаматы,
Индер ауданы.