БАҚЫТТЫҢ БӘРІ – БІРЛІКТЕ
Біз бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан ұрпақпыз. Татулық пен тұрақтылықты сақтап, баянды етуіміз үшін әрқайсымыз аянбай еңбек етуге тиістіміз. Елбасы ағымдағы жылды Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы деп жариялады. Көптеген ұлт өкілдерінің басын құраған ұйымға 20 жыл толып отыр. Бірнеше буынды бауырмалдық пен туыстық сезімге тәрбиелеген бейбітшіліктің қазақстандық үлгісі өз жемісін беріп келеді. Осынау айрықша дата алдында біз де өз ісімізге есеп беріп, толғанып отырған жайымыз бар.
«Технологиялық комплектациялау басқармасы» «УПТК» ЖШС – сонау Кеңес Үкіметі тұсынан бері, яғни 1968 жылдан қызмет етіп келе жатқан мекеме. Серіктестік тарихында оған басшылық еткен жандардан әр түрлі ұлт өкілдерін білеміз. Міне, өзім мекемеге 2008 жылдан бастап басшылық етсем де, сол үрдіс бүгін де жалғасын тауып келеді. Жүзден астам қызметкері бар ЖШС-інде бірнеше ұлт өкілдері еңбек етеді. Біле білсеңіз, арамызда қазақ та, болгар да, кәріс те, орыс та бар. Бірақ, біз оларды ешқашан ұлтына бөлген емеспіз. Оның үстіне, компания байырғы мамандарымен де мақтанады. Бәріміз ұйыған отбасының балаларындай татулықта кәсібімізді жемісті жалғастырып жатырмыз.
«УПТК» ЖШС құрылыс материалдары, атап айтқанда, темірбетонды, пластикті өнім шығарып, қызмет көрсетумен айналысады. Сондай-ақ, өзіміздің темір жол айырықтарымыз да бар. Аққан судай зымыраған заманда көштен қалмай, бәсекеге қабілетті өнім өндіру жолында ешқашан күш-жігерімізді аяған емеспіз. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлік саласына көрсетілетін көмекті де сезініп келеміз.
Мәселен, былтыр Ұлттық қордан отандық бизнесті қолдауға бөлінген 100 млрд. теңге табысты игеріліп, шағын және орта бизнестің игілігіне жұмсалды. Ал осы жылдан бастап бұл бағытқа тағы қосымша қаражат бөлінетіні белгілі болды. Бұл бизнесті тағы бір серпілтіп тастайтыны анық.
Барша Қазақстан, соның ішінде еліміздің кәсіпкерлік секторы да ағымдағы жылы жаңа экономикалық саясат жағдайында дамитынына сенімдімін. Ортақ мақсат жолында бәріміз үлес қоссақ игі.
Виталий ПАН,
«УПТК» ЖШС директоры.