Азат Перуашев мобильді аударымдарды бақылау жүйесін сынға алды
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев Қазақстандағы мобильді аударымдарды бақылау жүйесінің шағын бизнес пен халыққа ауыр тиіп отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл шаралар кәсіпкерлердің жұмысын қиындатып, экономикалық белсенділікке теріс әсер етуде.
КазТаг ақпараттық ресурсының хабарлауынша, Ұлттық банктің дерегіне сәйкес, 2024 жылдың алғашқы тоқсанында мобильді төлемдер көлемі 30%-ға азайған. Депутат Қазақстандағы бақылау шегінің тым төмен екенін айтып, өзге елдермен салыстырды. Мысалы, елімізде бұл көрсеткіш айына 255 мың теңге болса, Ресейде шек 1 миллион рубльді (шамамен 5,5 миллион теңге) құрайды.
«Қазіргі талаптар шағын кәсіпкерлерге қысым түсіруде. Бақылауды жеңілдетіп, айлық шекті 1 миллион теңгеге дейін көтеру керек. Бұл кәсіпкерлердің еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік береді», – деді Азат Перуашев.
Сонымен қатар, депутат шағын бизнестің қызметіне шектеу қоятын шаралардың орнына, оффшорға қаражат шығаратын ірі заңбұзушылармен күресуді ұсынды.
А.ҚҰРМАШЕВА