Жарнама
Саясат

АЙТЫЛҒАН СӨЗ АЯҚСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

— «Нұр Отан» партиясының сайлауалды тұғырнамасын іске асыру – жауапты міндет. Біз партиялық үкімет ретінде «Нұр Отан» ХДП-мен және оның парламенттегі фракциясымен бірлесе отырып, Ұлттық іс-қимыл жоспарын толығымен орындаймыз деген сенімдеміз, — деді отырыс кезінде Премьер-министр Серік Ахметов.
Партияның басшылығында кадрлық өзгерістер болғаны белгілі. «Соны ескере отырып, іс-қимыл жоспарына кешенді талдау жүргізу қажет» дегенді селекторлық кеңеске қатынасып отырғандар жиірек қайталады. Ал, «Нұр Отан» ХДП төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің баяндауынша, қазіргі күні жаңа доктрина әзірленіп жатыр. Мұнда билік партиясының миссиясы мен ХХІ ғасырдағы Қазақстанның жетістіктерін қамтамасыз ететін құндылықтары айқындалған.
Селекторлық кеңесте үкімет мүшелері, облыс әкімдері «Нұр Отанның» бағдарламасы ауқымында жасалып жатқан жұмыстарды баяндады. Көпшіліктің алдына шыққандардың бірі экономика және бюджетті жоспарлау министрі Ерболат Досаев болды. Оның айтуынша, Қазақстан Қашаған кенішін пайдалану арқылы 2017 жылы мұнай өндіру көлемін 102 млн. тоннаға дейін арттырмақ. Оған дейінгі кезеңде (2013-2017 жылдары) ел экономикасының нақты өсімі жылына 6-7,6 пайыз көлемінде болады деп жоспарланыпты.
— Бұл 2018 жылы жалпы ішкі өнімнің адам басына шаққанда 20 мың АҚШ долларынан астам деңгейге көтерілуін қамтамасыз етеді. Жылына орташа 6,5-6,85 пайыз қарқынмен өсетін ішкі сұраныстың ұлғаюы, қазақстандық өнімге сұраныстың сақталуы, сонымен қатар инвестициялардың артуы жалпы ішкі өнімнің негізгі өсу көзі болып табылады,-деді министр.
Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов айтқан деректер де ел назарын ерекше аударды. Естіп-білгеніміз, республикамыздың 8 жоғары оқу орны беделді «QS» рейтингіне кіріпті. Базалық 18 жоғары оқу орнында және инновациялық бағыттағы университеттерде Назарбаев Университетінің тәжірибесін тарату жұмыстары жүргізілуде екен.
— «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» Заң қабылданды. Ол биылдан бастап тәжірибеге енгізілетін болады, — деді министр Бағытжан Тұрсынұлы.
Алқалы жиында мәдениет және ақпарат министрі М.Құл-Мұхаммед, еңбек және әлеуметтік қамту вице-министрі Т.Дүйсенов, тағы басқалары сөз алды.
Үкімет отырысы аяқталғаннан соң облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов «Нұр Отанның» қоғамдағы орны, қарымды қызметіне байланысты пікір айтты. Елбасы тапсырмаларының қаншалықты орындалып жатқандығын білу мақсатында өзінің орынбасарлары мен басқарма басшыларын орындарынан көтерді, сауал қойды. Соның бірі жер мәселесіне қатысты еді.
— Адамдардың қолындағы малын өріске шығаратын, жаятын жері қалмады. Өйткені, оның бәрі әркімнің иелігіне өтіп кеткен. Бұл не деген бассыздық? — деді Бақтықожа Салахатдинұлы.
Өзекті проблеманың түйінін тарқату үшін облыстық жер қатынастары басқармасының бастығы Рысқали Сисатовқа бір апта уақыт берілді. Сонымен қатар, жергілікті жерлерде салынатын емхана, мәдениет үйлерінің құрылысы, жолдарды жөндеу, қаладағы Алмагүл мөлтекауданындағы үйлерге лифтілерді іске қосу, тағы басқа жайлар хақында нақты тапсырмалар берілді. Аудандардағы есеп беру жиналыстарындағы ортаға түскен мәселелердің тізімі де жасақталатын болды.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button