АУЫЛДЫҢ ӨНІМДЕРІ
«Басшы — тәрбиеші» деген қанатты сөзді аталмыш ұжымның бүгінгі директоры Жеңіс Әбілхайыровқа қаратып айтқанның еш артығы жоқ. Өйткені, ол өндірістің аса білгірі Өмірзақ Қажымғалиұлы бастаған шаруа тізгінін қолына берік ұстап, жаңашылдыққа батыл бетбұрыс жасауда. Бірнеше жұмыс бригадасын құрып, қолы бос ұжым мүшелеріне қамыстан тақта байлаттырды. Арзан құрылыс материалы саналатын бұл тақталарды шығаруды ұлғайтты. Кооперативтің маңдайалды жүргізушісі Бекболат Қажетов Маңғыстау облысының Бейнеу ауданына қатынап, қамыс тақтаны апарып, орнына ол жақтан ұлу тастар тиеп әкелді. Ол тастың әрбірі мақаштықтарға арзандатылып, 120 теңгеден, ал, өзге алушыларға 160 теңгеден сатылуда. Мұның өзі аз-мұз табыс құрап, ұжымның кіріс көзіне едәуір септігін тигізуде.
Өндірістік кооперативтің негізін мал шаруашылығы құрайды. Мұнда қой өргізіп, табысқа кенелгендер аз емес. Соның бірі — есімі ауданға белгілі азамат Қадырбай Мүбәраков. Сонау жылдары «Толқын», «Жайдарлы» комсомол жастар бригадасын басқарып, есімі елге танылған аға шопан Қадекең жұбайы Зүлпәт бақилық болса да, атакәсіптен табаны екі елі ажырамай, елге пайдасын тигізуде. Оның бағымындағы тоқтылар күн санап қоңдана бастады. Қадырбай Мүбәраковтың қойды асылдандыру ісіндегі ерен еңбегі бүгінде өзге әріптестеріне үлгі. Екі ұлының бірі Асхат ферма басқарса, шаруа орайында әке тәжірибесімен жиі бөліседі. Біздің ойымызша, ұрпақ сабақтастығы деген осы болар.
Сондай-ақ, ер азаматы Дәулетбай Сисенов бақилық болса да, бар шаруаны бір өзі дөңгелентіп отырған оның жұбайы Тоты Мансұрова туралы да айтпай кетуге болмас. Ол мал төлдету ісіне баса ден қойып, меже биігінен көріне білді. Қаһарлы қыстың аязында ұлы Жасұлан анасына көмекші болып, бар қиындықты екеуі бірге бөлісті. Жасұлан аудандағы аграрлы колледждің студенті бола тұра, демалыс кезінде ауылға жиі келіп, анасына қол ұшын беруден кенде емес.
Осы сияқты, марқұм болған Болат Сатыбалдиевтың жұбайы Зура Ізғалиева аталмыш кооперативтің қарамағына көшіп келген. Оның негізгі міндеті – бағымдағы 750 бас тоқтыны тұсаққа дейін өсіру. Бұл күндері жайлауда отырған Зураның отары да қоңын күн санап арттырып келеді. Қоражайы таза, шаруасы тап-тұйнақтай.
Шалғайдағы «Самат» телімін жайлап отырған аға шопан Асылбек Өтешевтің отарында да үлгі тұтарлық істер аз емес. Алдымен, көктемгі жұмысына тоқталсақ, биыл саулықтардан 115 қозы алып, аудан бойынша ең үздік көрсеткіштің бірін ұстап шықты. Асылбектің ерекше қадап айтарлығы, көктемгі төл алу науқаны кезінде сырттан кісі алмайтындығы, яғни, бар шаруаны өзінің мектеп жасындағы балаларымен бірлесіп атқарады. Демек, ол ұрпақтарын да осы күннен бастап атакәсіпке баулып отыр деген сөз.
Мақаштықтар бұл күндері «Көкарна» телімінде аға жылқышы Нысанбай Мусин, көмекшісі Қуанбай екеуі 10 бас бие байлап, Гүлсім Әдиатоваға сауғызып, қымыз өндіріп отырғанын мақтан тұтады. Ферма меңгерушісі Ерболат Шайхымеденов бұл турасында былай дейді:
— Маса мен сонаның көптігіне қарамастан қазірдің өзінде 80 пайыз көлемінде сапалы қымыз дайындап, сатылымға шығардық. Оған деген сұраныс та жоғары. Тұрғындар жергілікті шипалы сусынға қолдары жеткеніне риза. Жыл аяғына дейін бұл көрсеткішті 200-250 центнерге жеткізуді меже тұттық. Жыл сайын сауын биелерінің санын өсіріп, өнім өндіру көлемін ұлғайтамыз. Сонда кооперативке пайда бүгінгіден де көбірек түсетін болады, — дейді ол.
Мақаштықтар сонымен бірге аға бақташы Әділбек Серікбаевтың жайлауында да шұбат өндіруді қолға алды. Сауын жұмысымен түйешінің жұбайы Раушан Әзімжанова айналысады, орталыққа бір келгенде олар 150-200 литр шұбат әкеледі екен. Мамандардың айтуы бойынша, түзгін жеген, сорға аунаған інгендердің сүт өнімі өте сапалы келеді. Міне, осы тұрғыдан алып қарағанда да мақаштықтардың бұл бастамасы да қолдауға әбден тұрарлық. Қазірдің өзінде 500 центнердей сапалы шұбат өнімі өндіріліп, аудан тұрғындарына, базарларда сатылуда. Жыл аяғына дейін бір мың центнер өнім өндіріп, тек шұбаттан көп мөлшерде пайда табуды жоспарлап отыр.
Міне, қиын да болса, үлкен ізденіспен іс бастап, оның нәтижесін көріп отырған ұжым басшысы Жеңіс Әбілхайыров келер күндеріне айрықша сеніммен қарайды. Ең бастысы, ұжымда ауызбіршілік, ынта-жігер қалыптасқан. Әрине, күні бүгін шаруашылығында кездесіп жатқан қиындықтар да бар. Ол – ауылда сапалы бағылан етіне сұраныстың аздығы. Тіпті кейбір ауылға саудалап келушілер әр бағыланды сегіз, он мың теңгеге бағалайды екен. Мал басы осылай арзан бағаға сатылса, бұл кеткен шығынды да өтемесі анық. Сондықтан, жағдай осылай жалғаспас үшін тоңазытқышта ұзақ сақталып, базарда сатылымға шығып жатқан өзге елдерден әкелінген еттің орнын жергілікті өнім басатындай мүмкіндік туғызған жөн. Ауыл өнімінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру ең басты мақсат екенін айтады кооператив мамандары. Ал, кооперативтің бүгінгі тың ізденістері тұтастай ұжымды бірқатар жетістіктерге бастап отырғаны анық. Сөйтіп, мақаштықтар Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» стратегиясы талаптарын орындауға күш салуда.