Атырауда түске дейін қанша сайлаушы дауыс бергені белгілі болды
Атырау облысында түске дейін сайлаушылардың 29,8 пайызы дауыс берді.
«Бұл елорда уақытымен сағат 12.00 бойынша ақпарат» деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.
«Атырау облысы бойынша 265 сайлау учаскесі дауыс берушілерді қабылдауда. Аталған учаскелерде 411 мың сайлаушы тіркелген. Сағат 12.00-дегі ақпарат бойынша, 29,8 пайызы дауыс берді» дейді Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Азамат Айманакумов.
Еске сала кетелік, Конституциялық мерзімге сай өтіп жатқан ҚР Парламент Мәжілісі сайлауына елімізде тіркелген 5 саяси партия, атап айтқанда, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «Nur Otan» партиясы, «ADAL» саяси партиясы, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы, «Қазақстанның Халық партиясы» қатысуда. Аталған партиялар барлық деңгейдегі жергілікті мәслихаттарға өз кандидаттарын ұсынған.