АТЫРАУДА САЛА МАМАНДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ
«Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесіне орай өңірдің өркендеуі үшін елеулі еңбек етіп жүрген бір топ сала қызметкері марапатталды»,-деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов салтанатты іс-шарада қатысушыларды мерекемен құттықтады.
«Тәуелсіздік біз үшін аса қымбат құндылық. Біз бұған оңайлықпен жеткен жоқпыз. Ал, бүгінгі таңда сол қиындықтар артта қалып, айтулы күнді тойлағалы отырмыз.
Сонымен қатар, осы жылдар ішінде өңіріміз жаңарып, бірқатар инфрақұрылым жұмыстары жүргізілді. Мұның бәрі халық игілігі үшін жасалып жатқан іргелі істер.
Бүгінгі салтанатты іс-шарада сіздерді аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетовтің атынан құттықтауға рұқсат етіңіздер!
Мен осы мүмкіндікті пайдалана отырып, әсіресе осындағы медицина саласының қызметкерлеріне арнайы алғысымды білдіргім келеді. Өйткені, сіздердің қажырлы еңбектеріңіз халықтың ықыласын арттыруда»,-деді Қ.Бекенов.
Мерекелік іс-шарада сала қызметкерлері «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мерекелік медалімен, ҚР Энергетика министрінің «Құрмет грамотасымен», «Құрметті энергетик», «Еңбек сіңірген энергетик» төсбелгілерімен, «Электр энергетикасы саласына қосқан үлесі үшін» медалімен, облыс әкімінің Алғыс хатымен, облыс әкімі орынбасарының Алғыс хатымен марапатталды.