АТЫРАУДА ДАУЫС БЕРУШІЛЕР БЕЛСЕНДІЛІГІ ЖОҒАРЫ
Дамбы аулдық округінде орналасқан №68 сайлау учаскесіне келушілер саны таңертеңгі сағат 10.00-ден кейін қыза түсті. Алайда, ауыл әкімдерін сайлау күнін асыға күткендер дауыс беру мерзімі басталған уақытта-ақ, Амангелді атындағы орта мектеп ғимаратында орналасқан дауыс беру пунктіне келді.
Аталған учаскедегі сайлау комиссиясының хатшысы Мереке Тайровтың сөзінше, ең бірінші дауыс беруші таңертеңгі 7-де келді. 45 жастағы ауыл тұрғыны Альберт Машқалиев алғашқы дауыс беруші ретінде тіркелген.
«Сайлаудың ерекшелігі – ауыл тұрғындары әкімді өздері сайлайды. Саяси науқанның жаңашылдығы мен ерекшелігіне сай, келушілер де белсенділік танытуда» дейді Мереке Малайұлы бізбен әңгімесінде.
Расында, учаскеге біз бас сұққан уақытта 234 сайлаушы дауыс беріп үлгеріпті. Жалпы, Дамбы ауылдық округінде 3600-ден астам тұрғын болса, 1891 дауыс беруші тізімге тіркелген.
Жалпы саны 5 кабина жасырын дауыс беру үшін арнайы жасақталса, қосымша біреуі мүмкіндігі шектеулі жандар үшін арнайы жабдықталған.
Сайлау науқанының заңдылыққа сәйкес өтуімен қоса, санитарлық талаптарды сақтай отырып өткізілуі де жіті бақылауда. Кіре берісте келушілердің дене қызуы өлшеніп, «Ашық» жүйесіндегі QR код арқылы өткізілуде. Дауыс беру бөлмесінде де ара қашықтықты сақтау жөніндегі нұсқаулықтарға сәйкес, жұмыстар жүйелі жолға қойылған. Ал, аталған бөлмеден шыққан соң, басқа есік арқылы сыртқа шығады.
Дауыс беру учаскесіне келе алмайтын, мүмкіндігі шектеулі немесе егде жастағы тұрғындар үшін арнайы өкіл үйіне барып, дауыс беруіне мүмкіндік жасайды. «Қазіргі уақытта 36 өтініш келіп түсті. Сағат 12-ге дейін тұрғындардан түскен сұранымдар жинақталып, жылжымалы дауыс беру шаралары ұйымдастырылады» дейді №68 сайлау учаскесі сайлау комиссиясының хатшысы М.Тайров.
Айта кетейік, Дамбы ауылдық округі әкіміне үміткер ретінде 3 кандидат тіркелген.
Гүлжан ӘМІРОВА