Атыраулықтар Елбасы Жолдауын тікелей эфирден тыңдады

elbasy joldayy mindet pen meje2 Саясат

Кеше Атыраудың облыстық активі Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауын тікелей эфирден тыңдады. Атырау қаласындағы Құрманғазы мәдениет үйінде өткен тыңдауға мемлекеттік орган басшылары, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, білім саласының қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері және жастар қатысты.

????????????????????????????????????

Жолдауды тыңдау аяқталған соң, жедел сұхбат алған едік.

– Жолдаудың басты ерекшелігі неде?

– Ең өзекті мәселені атап өтсеңіз…

Screenshot_1

Абзал ТӘЛТЕНОВ, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры:

Жетекші оқу орындарымен әріптестік орнады

Өзгермейтін басты қағида бар. Жоғары оқу орнының сапасы диплом алған түлектердің жұмыспен қамтылуы, жалақысы жоғары жұмысқа орналасу көрсеткішіне қарай бағаланады. Осы ретте Мемлекет басшысы Назарбаев Университетінің тәжірибесіне сүйеніп, үздік шетелдік топ-менеджерлерді жұмысқа тарту арқылы әлемнің жетекші университеттерімен әріптестік орнатуды тапсырды.

Қазіргі таңда Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті әлемнің көптеген жетекші оқу орындарымен әріптестік байланыс орнатты. Олардың арасында Еуропа елдерінің және Түркия мемлекетінің университеттері бар. Ресей Федерациясында орналасқан Астрахан мемлекеттік университетімен бірлескен жоба аясында, келер жылы экология саласы бойынша қосарланған дипломға мамандар қабылдай бастаймыз. Магистратура студенті біздің оқу орнында бір жыл, бір жыл Астрахан университетінде оқиды. Осылайша, екі университеттің магистрлық дипломын алып шығады.

Бакалавр деңгейі бойынша да, ең мықты экономист мамандар дайындайтын Ресейдің Г.В.Плеханов атындағы экономикалық университетімен келісім-шартқа отырдық. Енді қосарлы диплом бойынша жұмыс басталады. Студент екі жыл Атырауда, екі жыл Мәскеуде оқиды. Меніңше мұндай бірлескен жобалар өзінің жемісін береді.

Біздің университетімізді аяқтаған түлектердің былтыр 85 пайызы жұмысқа орналасты. Биыл еңбекпен қамтылған жас түлектердің көрсеткіші 87 пайызды құрап отыр. Олардың орташа еңбек-ақысы – 116 мың теңге. Халықаралық стандарттарға толықтай жауап беретін сапалы кадр  дайындау бағытындағы жұмыстар жалғаса береді.

Screenshot_4

Сайын ҚУАНЫШЕВ, облыстық мәслихаттың депутаты:

Әлеумет әлеуеті үшін

Адами капиталды дамыту, оның өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы кеңейтілген шаралар  Жолдаудың ең негізгі өзегінің әлеуметтік мәселеге арналғанын көрсетеді.

Дені сау, білімі бар адамның өмір сүруі үшін оған кіріс керек екені белгілі. Осы ретте Елбасы Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мың теңгеден 42 мың теңгеге  дейін өсіруді тапсырды. Бұл барлық сала бойынша түрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1 миллион 300 мың адамның еңбекақысы өседі деген сөз. Атап айтарлығы, әлеуметтік қолдау мемлекеттік компанияларда ғана емес, квазимемлекеттік секторда да жүзеге асады. Әлеумет әлеуетін жақсарту жолында бұл өте маңызды қадам.

Әлеуметтік қолдаумен бірге, адамға оның қауіпсіздігі де керек. Елбасы «халық полицияға қорқып қарамай, керісінше, қиын жағдайда полиция көмегіне жүгіне алатынына сенімді болуы керек» деді. Және полицияның жұмысын сервистік модельге көшіруді ұсынды. Жолдауда қойылған мәселе, яғни қалалық және аудандық ішкі істер органдары жанынан Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қағидаты бойынша азаматтарды қабылдау үшін қолайлы жағдай жасауға Атыраудың мүмкіндігі жетеді. Ендігі жерде қауіпсіз қала ғана емес, қауіпсіз ауыл жасау бағытында жұмыс атқаруымыз қажет.

Screenshot_2

Александр ДУМЛЕР, облыстық мәслихаттың депутаты, «Видергебурт» неміс этномәдени бірлестігінің өкілі:

Ендігі тренд – бәсекеге қабілеттілік

Әлемдік тәжірибе – жетекші елдер экономикасының жаһандық қалалар немесе мегаполистер арқылы танылатындығын көрсетуде.

Статистикалық деректер елімізде қала халқы санының көбейгендігін көрсетіп отыр. Мәселен, АҚШ-та американдықтардың екі пайызы ауылдық жерлерді мекен ететін болса, қазақстандықтардың қырық пайызы ауылда.

Демек, біздің қалаларымыз ауыл тұрғындарын қабылдауға дайын болуы керек. Сол үшін, тұрғын үй құрылысымен бірге, білім және медицина саласын ұдайы жетілдіріп отыру қажет. Даладан келген адамға жұмыс та керек. Атыраудың өзінде отандық, шетелдік бірнеше кәсіпорындар бар. Бірақ, мамандардың дені шетелдіктер.  Жағдай неге бұлай? Демек, адам жасына қарамастан өзінің білімін жетілдіріп отыруы керек.

Screenshot_3

Бибігүл  ШАЙХИЕВА, «Алақай – Атырау» театрының жетекшісі:

Креатив және позитивті психология

Білім – кез келген ұлттың болашағына салынған басты  инвестиция. Жолдау барысында Президент ойлау негіздерінің, ақыл-ой мен шығармашылық қабілеттер, жаңа дағдылардың сонау бала кезден қалыптасатындығын айрықша атап өтті.

Өзім жетекшілік ететін «Алақай – Атырау» балалар театрының басты бағыты да – жас ұрпақ бойында позитивті психология қалыптастыру. Қазіргі таңда  театрда жиырмаға жуық студент еңбек етеді.  Біз балалар аудиториясы үшін және қайырымдылық бағытында жұмыс істеп отырмыз.

Балаларды ертегі кейіпкерлері арқылы тәрбиелейтін театрымыздың репертуарында қазір «Бауырсақ», «Ұрланған қапшық», «Сиқырлы әлем», «Ғажайыптар әлеміне  саяхат» атты ертегілеріміз бар. Және ерекшелігі, театрландырылған ертегілеріміздің барлығы ойдан құрасты-рылған. Яғни, жаңадан жазылған туындылар. Осылайша, біз балаларды дамытып қана қоймай, оларды командада жұмыс істеуге баулуға басты назар аударып отырмыз.

Жазып алған: Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

Суреттерді түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз