Саясат
Атырау Қалмақ Республикасымен арадағы ынтымақтастықты арттырады
Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы Президенттерінің қатысуымен өтіп жатқан Қазақстан мен Ресей арасындағы ХV өңіраралық ынтымақтастық форумы аясында Атырау облыстық әкімдігі мен Қалмақ Республикасы Үкіметі арасында серіктестік туралы келісімге қол қойылды.
Атырау облысы тарапынан аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев, Қалмақ Республикасы Үкіметі тарапынан республика басшысы Алексей Орлов келісімге қол қойды. Келісім сауда-экономикалық байланыстарды орнату үшін екіжақты қарым-қатынасты дамытып, жағдай жасауға бағытталған.
– Туризм саласында өңіраралық ынтымақтастық бастамаларды қолдауға, туристік ресурстарды тиімді пайдалануға, әр аймақтағы табиғи, мәдени мұраларды насихаттауға бағытталады, – дейді Атырау облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Айқын Елеусізов.
Айта кетейік, Атырау облысының делегациясы Петропавлда өтіп жатқан өңіраралық ынтымақтастық форумының жұмысына қатысып жатыр.
Делегация құрамында өңірдің кәсіпкерлері, туристік фирмалардың, жергілікті тауарөндірушілердің, «Атамекен» ҰКП өкілдері, сондай-ақ облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының өкілдері бар.
Форум жұмысына Қазақстан мен Ресейден екі мыңнан астам адам қатысты.