Жарнама
Саясат

АТАМЕКЕНІМ — ОСЫ ЖЕР…

 ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНАН ҚУАТ АЛҒАНБЫЗ

Мемлекетіміз Тәуелсіздік алған алғашқы күннен бастап Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев татулық пен бір­лік, бейбітшілік пен тыныштық мәселелерін ұдайы назарда ұстап келеді. Рас, тоқсаныншы жылдары еліміз түрлі қиындықтарды бастан өткерді. Елбасының сали­қалы саясатының арқасында, жергілікті ұлт өкілдерінің қонақжай қасиетінің, табиғи болмысының, даласы қандай болса, жүрегінің де сондай кең болуының, бітімгершілік  қасиеттерінің  молдығы  арқасында мұндағы әрбір ұлт достықты, татулықты ту етіп көтерді. Расымен, мемлекетте қоғамдық-саяси тұрақтылық орнамай, экономикалық салада жетістік болмайтыны ақиқат. Сондықтан, Қазақстан халқының бірлігін бұдан әрі жетілдіру міндеті мемлекеттік саясаттың басым бағытына айналып отыр. Біздің өңірімізде де осы қағиданы негізге алған барша ұлт өкілі тұрақтылық пен келісімді паш етіп, этносаралық қарым-қатынасты арттыруға барынша атсалысып келеді. Этномәдени бірлестіктердің саны аз болғанымен де, үлкен жұмыстар атқарылуда. Облысымыз  бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы да өз жұмысын мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың Ассамблеяның әр сессиялары мен Жолдауларында белгіленген міндеттермен тығыз байланыстыра отырып, жүзеге асыруда. Мұның ішінде «Тхоньил» корей этномәдени бірлестігінің де өзіндік үлесі бар. 

БІЗ ҮШ МЫҢНАН АСТЫҚ

Құрылғанына 24 жыл толып отырған «Тхоньил» корей этномәдени бірлестігі – облыстың  қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдени өміріне белсенді араласып жүрген бірден-бір орталық. Атырау облысында бүгінде 3000-нан астам корей ұлтының өкілдері  бейбіт өмір кешіп, өздерінің ұлттық салт-дәстүрлерін ұстанып, тату-тәтті өмір сүруде. Бірлестік этникалық топтардың мемлекеттік тілді меңгеруіне атсалысып жүргенін де айтқым келеді. Атыраудан шыққан корейлер Қазақстанда үлкен танымалдылыққа ие және біз оларды мақтан тұтамыз. Мәселен, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген құрылысшылары – Алексей Тен мен Бронислав Шин, Еңбек Қызыл Ту орденінің иегері Огай Но-Ок, Теңіз мұнай кен орнын алғаш ашушылардың бірі Огай Кипони, академик Иван Пак, т.б. атап өтуге болады. 

КОРЕЙЛЕР ЕККЕН ДӘН…

Кеңес Үкіметінің күштеп қоныс аудару саясатына, алдымен корейлер ілікті. Бұл науқанның алғашқы кезеңі 1935 жылы жүзеге асты. Кеңес Үкіметі жапон армиясына «жасырын қызмет атқарулары мүмкін» деген күдікпен кеңестік корейлерді жер аударды. «Сенімсіз халық» деп таныды. Корейлерді жер аудару науқанының екінші кезеңі 1937 жылы жалғасты. Онда Қиыр Шығысты мекендейтін корейлердің 98 454 адамы бар 20 789 отбасы көшірілді делінеді тарих беттерінде.

Бірнеше күн бойы темір жол бойымен селкілдеп, қақаған аязда есеңгіреп қалған корейлерді Үйшік қаласына әкеліп тастайды. Өзге ұлт өкілдерінің өңменінен қақпай,бір тілім нанымен бөліскен қазақтардың ақжарқын мінезі мен қонақжай қасиетінің арқасында тарихи Отандарынан еріксіз жер аударылғандар жергілікті халықпен біте қайнасып кетеді. Осылайша, Құрманғазы ауданында Сучан, Труд-рыба, ал Махамбет ауданында Авангард секілді алғашқы корей  ұжымшарлары өмірге келеді. «Өзен жағалағанның өзегі талмайды» демекші, көшіп келген корейлер алқапты суландыратын арналарды, арықтарды қолмен қазыпты. Олар жаңа жердегі өз өмірлерін дән өсірумен бастапты. Сөйтіп, Қиыр Шығыстан әкелінген дән қазақ топырағына жерсініп, өсіп шығыпты. Жайық бойына жүгері, беде, соя сияқты дәнді дақылдардың түр-түрін өсірген еңбекқор халық көкөністен де көп өнім алып, азық-түлік молшылығын жасап, алғысқа кенелді. 

ТҮРІМІЗ  БАСҚА,  ТІЛІМІЗ  БІР

Бүгінде Қазақ елін мекендейтін барлық тұрғынды этностық, нәсілдік ерекшеліктеріне қарамастан, біртұтас, унитарлы мемлекеттің азаматы ретінде қа­рас­тырып, тең мүмкіндіктер берілген. Этностық топтардың өз тілі мен дәстүрін, әдет-ғұрыптарын дамытуға толықтай мүмкіндіктер жасалды. Қазақ, орыс театрларымен қатар, корей, неміс, ұйғыр, өзбек өнер ұжымдары мәдениет саласында қызмет етіп, этностық топтардың газет-журналдары жарық көруде. Сондықтан да олар Қа­зақ­станды Отаным деп бі­леді. Құдайға шүкір, өзге ұлт өкілдері қазақ жерінде тілі мен мәдениетіне, ұлттық болмысына қылау түсірмей сақтап қалып, мамыражай күн кешіп келеді. 

Өмір сүріп отырған елдің мемлекеттік тілін білу –  парыз. Осы орайда, Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық филиалы жанындағы Тіл орталығының директоры ретінде айтарым, соңғы кездері мемлекеттік тілді үйренуге  еңкейген кәріден, еңбектеген сәбиге дейін зор ынта қойғанын жеткізгім келеді. Ай сайын көрсеткіш жоғарылап келеді. Қазір қазақстандықтар үшін үш тілді білу – әркімнің дербес табыстылығының міндетті шарты. Ол – уақыт талабы. Үштұғырлы тіл жай ғана әдемі тұжырымдама емес, ол – өмірлік қажеттіліктен туындаған игілікті идея.   Қазір Атыраудағы корейлердің бәрі де қазақ тілін еркін біледі десем артық айтқандық емес.

Мемлекет басшысының «Бізді, біздің болашақ балаларымызды барлық этностардың мәдениеті мен тілін сақтай отырып, ортақ тіл топтастырғанын қалаймын»  деуі орынды айтылған. Мемлекеттік тіл мен қазақ ұлты – Қазақстан қоғамының жұмылдырушы басты күші, Қазақстан халқының тұрақтылығы мен еліміздегі бейбітшіліктің кепілі.

Людмила ЛИ,

«Тхоньил»  корей  этномәдени  бірлестігі

жетекшісінің  орынбасары,

Атырау  қаласы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button