Жарнама
Саясат

АСТАНА САПАРЫ ЖАҢА БАСТАМАЛАРҒА ЖОЛ АШТЫ

Бүгінге дейін өңірімізде ауқымды жұмыстар атқарылып келді. Дегенмен, шешімін табуға тиісті мәселелер әлі де бар. Аймақтың жай-күйімен жіті таныс облыстың мәслихат депутаттары аталмыш сапарда да облысымыздағы өзекті мәселелердің орындалу жолдарын қарастыруды ұсынған еді.

САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ЖҰМЫСЫМЕН ТАНЫСТЫ

ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов жиынға төрағалық ете отырып, депутаттарға ауыл әкімдерінің сайлауын өткізу бағытында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып, сайлаудың негізгі ерекшеліктерімен хабардар етті. «Еліміздің саяси өмірінде жергілікті сайланған органдардың маңызы мен рөлі тұрақты өсіп отыр. Оларға жаңа өкілеттіктер беріліп, сайлау органдары мен мәслихаттар өзара тығыз қарым-қатынаста тұрақты, ынтымақтастықта жұмыс істейтін болады», — деді ол. Осы орайда ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов сайлау комиссиялары мен мәслихаттардың бірлескен жұмысы Қазақстан Республикасының аудандық маңызы бар қалалары, ауылдық округтері, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кенттері мен ауылдары әкімдерінің сайлауы бойынша сайлау науқанының жоғары ұйымдасқан деңгейін қамтамасыз ететініне сенімділігін білдірді.
Кездесу шеңберінде алдағы сайлау науқанының көптеген құқықтық, практикалық және рәсімдік қырлары талқыланды. Сондай-ақ, Ортсайлауком төрағасы мен мүшелері сайлауды ұйымдастыру мен өткізуге, сайлау комиссияларының жергілікті сайланған органдарымен өзара іс-қимылына қатысты сұрақтарға жауап берді.
Әділет министрлігінде өткен жиында да аз мәселе айтылмады. Әділет вице-министрі Дулат Құсдәулетовпен кездесу барысында жергілікті мемлекеттік басқару органдарымен әділет органдарында мемлекеттік тіркеуге жататын нормативтік құқықтық актілерді қабылдау жайы сөз болды. Әсіресе, жергілікті басқару органдарының нормативтік құқықтық актілер жобаларына сараптама жүргізу мақсатында өңірлерден өкілдіктер ашу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама өткізудің мерзімін қысқарту мәселелері кеңінен талқыланды.

ҚОРШАҒАН ОРТАҒА
ҚОЛДАУ КЕРЕК

Атырау жұрты үшін қазір экология мәселесінің айықпас дертке айналғаны белгілі. Өткір тұрған проблеманы түпкілікті шешу дегеніңіз бүгінде бос қиялға айналды. ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаровпен кездескен атыраулық жұмыс тобы экологиялық ахуалдың күн санап ушығып бара жатқандығын айтып дабыл қақты. Басқосу барысында Жайық, Қиғаш және Жем өзендеріндегі су қоры мен бірқатар ауылдық елді мекендердің экологиялық жағдайын зерттеу керектігі баса айтылып, өндірістік және тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу, канализациялық тазарту жүйелерін қайта жаңғырту, облыс аумағында балық шаруашылығын жүргізудің көкейкесті мәселелері де талқыланды.
Ал, «ҚазМұнайГаз» АҚ-ның басқарума төрағасы Ләззәт Қиыновпен болған басқосуда мәслихат депутаттары Атырау өңіріндегі маңызды мәселелерді шешуге мұнай компанияларын да жұмылдыру керектігін ашып айтты. Әсіресе, жыр болған балабақша, тұрғындарды таза ауыз сумен қамту, тұрғын-үй құрылысын жүзеге асыру мәселесінде алпауыт мұнай компанияларының қолдауы қажеттігі айтылды. Жиын барысында Л.Қиынов бүгінде «ҚазМұнайГаз» компаниясының Атырау мұнай өңдеу зауытында өндіріс барысын жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатқандығын айтып, аталмыш жұмыстар аяқталған соң зауыттың Қазақстанның мұнай химиялық кешенін дамыту бойынша шикізат өндіретіндігін жеткізді.

 

ЖОСПАРЛЫ ІС
ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ

ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің басшылығымен өткен жиында облыстың көліктік-коммуникациялық кешен мәселелерінің жағдайы талқыланды. Рас, бұл салада атқарылып жатқан істер бар. Мәселен, республикалық және жергілікті жолдарға жөндеу жұмыстарын жүргізу, темір жол вокзалын күрделі жөндеуден өткізу, жолаушылар вагондарының паркін жаңалау, темір жол желілерін дамыту шаралары атқарылуда. Дейтұрғанмен, кеңесте жолаушылар тасымалының сапасын арттыру, автовокзалдар мен жолаушыларға қызмет көрсету бекеттерін салу керектігі атап айтылды. Түрлі құқық бұзушылықтар үшін мемлекеттік органмен пайдалануға тыйым салынған су көліктерінің айып тұрағының жоқтығы, электрондық үкімет, азаматтық авиация саласын, Атырау қаласының әуежайын дамыту жайы да назардан тыс қалмады.

ЖАҢА ЗАҢ ЖАҢА
АРНАҒА БҰРМАҚ

Маңызды миссиямен Елордаға барған атыраулық делегацияны Сенат төрағасы Қайрат Мәми қабылдап, Парламенттің заң шығару қызметі туралы әңгіме қозғады. Сенат спикері атап көрсеткендей, бүгінде маңызды шешімдер үшін қажетті құқықтар мен ресурстарды орталықсыздандыруға баса назар аударылуда. Бұл ретте, Парламент кейбір заңдарға жергілікті өзін-өзі басқару және мемлекеттік басқару органдары арасындағы өкілеттіктердің аражігін ажырату мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қарастыратын заңдар қабылдаған. Сенат төрағасы заң аясында ауыл әкімдеріне қосымша өкілеттіктердің берілуі ауыл ахуалына оң әсер беретіндігін айтты. Бұл – әкімдердің қаржылай және экономикалық дербестігі кеңейіп, жергілікті проблеманы шешуде әлеуеті жеткілікті болады деген сөз.
Іссапар барысында атыраулық делегация Өңірлік даму министрлігінің бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың да қабылдауында болды. Онда салалық бағдарламаларды іске асыруға байланысты бірқатар мәселелер талқыланып, Атырау өңірін әрі қарай дамыту бойынша депутаттардың ұсыныстары тыңдалды. Басқосуда белгілі болғандай, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша үстіміздегі жылға 2 448,1 млн. теңге, «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасы бойынша 667 695 мың теңге көлемінде қаражат бөлінген. «Ақбұлақ — 2020» бағдарламасы бойынша сумен жабдықтау және құрылыс объектілерін салу мен қайта жаңартуға, ауылдық елді мекендерге су жүргізуге де қомақты қаржы бөлінген. Бүгінде атыраулықтарға «Қолжетімді тұрғын үй — 2020» бағдарламасы бойынша 7300 млн. теңге, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғыртудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасына 2804 млн. теңге қарастырылған. Ендігі міндет – мемлекет қазынасынан бөлінген қаржыны тиімді ұқсату ғана.
Экономика және бюджеттік жоспарлау министрімен кездесу барысында бюджеттік бағдарламаларды құру және жүзеге асыру, Атырау облысындағы әлеуметтік маңызды объектілер құрылысын қаржыландыру жөнінде мәселе көтерілді.

Қанат НҰРМҰҚАНОВ,
Атырау қалалық мәслихатының аппарат басшысы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button