АПТАНЫҢ БАСТЫ ЖАҢАЛЫҒЫ ҚАНДАЙ?
Сондай-ақ, 6 қарашада Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар елдің агроөнеркәсіптік кешенінің даму мәселелері жөніндегі заңға толықтырулар мен өзгертулер енгізген заң жобасын қарастырмақ. Ал, 7 қараша күні Астанада ҚР Премьер-министрінің орынбасары — Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешевтің қатысуымен «Геологиялық барлау және жер қойнауын пайдалану саласы дамуының перспективалары мен негізгі бағыттары» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтеді. Дәл осы күні Үкімет отырысында «Астана — ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындық және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның бірінші көшпелі отырысы өтпек.
Тағы бір жаңалық, ҚР Парламентінің Сенаты, Мәжілісі, Орталық сайлау комиссиясы және еліміздің бірқатар орталық мемлекеттік органдарының өкілдерінен құралған қазақстандық делегация халықаралық бақылаушылар тобының құрамында Тәжікстанда өтетін президенттік сайлауға бақылаушы ретінде қатысады. Қазақстаннан шамамен 25-тен астам бақылаушы барады деп күтіліп отыр.
Сонымен бірге, брифингте Қытайда өтіп жатқан Қазақстан күндері мәдени апталығы мен оның аясында өткізіліп жатқан шаралар хабарланды.
Бұл жолы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап қайтарды. Белгілі болғандай, Елбасы тапсырмасына орай Өңірлік даму министрлігі мемлекеттік және салалық бағдарламалар бойынша жүргізіп жатқан тексеріс осы айда аяқталады. Тексеріліп жатқан 46 бағдарламаның 5-уі мемлекеттік, 41-і салалық болып табылады. Нәтижесінде, тиімсіз деп табылған бағдарламалар жойылып, тиімділігі төмен бағаланғандарды қаржыландыру мәселесі қайта қаралуы мүмкін.
Журналистердің сұрақтары, негізінен, «Бизнестің жол картасы» жобасының іске асуы, салынатын нысандар құнының қайта қаралуы және Елбасы тарапынан министрлікке байланысты айтылған сын-ескертпелер төңірегінде қойылып, оның барлығына толыққанды жауаптар берілді.
Құралай ОРАЗ.