АЛЫСТАҒЫ АЗҒЫР – АЙРЫҚША НАЗАРДА
Ауыл тұрғындары еңбек ардагерлері Маннап Қошаев, Ағажан Хизин ауылдағы азық-түлік бағасын реттеу, дәрі-дәрмекпен, дәрігермен қамту, медбөлімшелер ашу, мал ұрлығының алдын алу, жаңа жұмыс орындарын ашу төңірегінде сөз қозғады. Аудандық аурухананың бас дәрігері Елдос Қыдырсихов тұрғындар сауалындағы өзіне қатысты мәселелер жөнінде түсіндіріп өтті.
Өз сөзін Елбасымыздың биылғы Жолдауына арнап бастаған аудан әкімі Амангелді Барақатов өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы межелерден хабардар етті. «Азғыр өңіріне газ, ауыз су, Ганюшкиннен электр жүйесін жеткізу жоспарланып отыр. Елбасы Жолдауында айтылған бұл іс биыл жүзеге асырылады. Мұны облыс басшысы өз бақылауында ұстауда», — деді ол өз сөзінде.
Сондай-ақ, аудан басшысы азғырлықтарға облыс әкімінің бұл өңірге ерекше көңіл бөліп отырғанын жеткізді.
* * *
Азғыр селолық округінің әкімі Нұржиян Биляшеваның өткен жыл қорытындысымен жасаған есебінде атқарылған істер, қол жеткен табыстар мен шешімін күткен мәселелер туралы айтылды. Алда тұрған міндеттер қатарында «Қоянды-Балқұдық-Азғыр» топтық су құбыры жұмысын толықтай аяқтау, Ганюшкинге баратын автокөлік жолын жөндеу жұмыстарын үнемі назарда ұстау, Балқұдық – Харабайлы шекара бекетінен жүк көліктерімен мал азығын тасымалдау мәселесін шешуді ұйымдастыру, жанар-жағармай бағаларының шамадан тыс өсуіне жол бермеу, селодан халыққа қызмет көрсету орындарын ашу және т.б. аталды.
Азғыр ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жүсіп Жабелов жергілікті пошта бөлімшесі жұмысына көңілі толмайтынын айтқандықтан, қатысып отырған «Қазпошта» АҚ аудандық филиалының басшысы Ниетжан Ғабдуллин бұл мәселеге байланысты жауабын берді. Зейнеткер ұстаз Үміт Хамидоллина мал сатып алуды жергілікті жерде жүргізу, жолдарды басатын құмдарды тоқтату, қазақы салт-дәстүрлер төңірегінде әңгіме өрбітті. Округ тұрғыны Мансұр Қуанышәлиев Мәскеу уақытымен жұмыс жасайтын «Харабайлы – Балқұдық» шекаралық өткізу пунктінің жұмыс сағатын ұзарту жайында сөз қозғаса, Елемес Әжіғалиев шекараның арғы бетіне өткен малдарын қайтаруға ресейлік шекарашылардың рұқсат бермей отырғанын айтты.
Аудан әкімі Амангелді Барақатов тұрғындар сұрақтарына жауап беріп: — Азғыр өңірін газдандыруға 8 млрд. 200 мың теңге бөлінеді. Басталатын 11 жобаның біреуі – үлкен қысымдағы газ құбыры. Желі Қошалақты, басқа да тоғыз елді мекенді қамтиды. «Қоянды» су құбырының құрылысының сметалық құжаттарына 18 млн. теңге қаралды, алға қарай ауыз су да әркімнің ауласына кіргізіледі. Бұл бағыттағы жұмыс жеті елді мекенде алдағы уақытта жүзеге асады, — деді.
Өткен жыл қорытындысы бойынша есепті хабарламасында Асан селолық округінің әкімі Гүлім Қабдражитова 1 млн. 187 мың теңге қаржыға ойын алаңына қажетті құрылғылар алынып орнатылғанын,12 тонна сұйық отынға сұраныс дайындалып, тасымалданғанын баяндады.
Сонымен қатар «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы мен «Жастар тәжірибесі» бойынша жұмыстар жүргізілген. 31 адам ақылы қоғамдық жұмысқа тартылған. Мүгедектерді оңалтудың жеке бағдарламасын орындау мақсатында 3 адам шипажайға жіберілді, төртеуі тифлотехникалық, гигиеналық құралдармен қамтылған. «Ауылда кәсіпкерлікті дамытуға шағын несие беру» бағыты бойынша жұмыстар іске асты.
Округтегі күрделі мәселе Б.Момышұлы атындағы орта мектепте АТС, ауылдық кітапхана, округ ғимаратында клуб орналасқаны. Аталған мекемелерді бөлек шығаруға бос тұрған ғимарат жоқтығы қол байлауда. Асан медпунктінің ғимараты да апатты жағдайда болғандықтан күні бүгін Б.Момышұлы атындағы мектептің бір бөлмесін пайдалануда. Ауыл тұрғындары Сағидолла Әйіпов, Серік Сариев және тағы басқалары сөйлеп, мал терісін өткізу, сумен қамту, жол қатынасын жолға қою, ұялы байланыс орнату, медпункт, екі елді мекенге бір полиция инспекторы қажеттігі мәселелерін сөз етті.
Аудан әкімі А.Барақатов тұрғындар сауалына жауап беріп, округте атқарылар маңызды істерді атап көрсетті. Алыстағы ауылдарда ауыз су, газ, жол мәселелері көп кешікпей шешілетінін қаперге берді.
Руфина ТЕМІРҒАЛИЕВА,
Құрманғазы ауданы.