Жарнама
Саясат

Әлихан БАЙМЕНОВ: Заңсыз активтерді қайтаруда ақпараттық ашықтық қажет

Заңсыз иемденілген активтерді қайтару – Әділетті Қазақстанды құру жолында қолға алынған маңызды қадамдардың бірі. Біздің елімізде бұрын-соңды болмаған бұл науқанның басталғанына да екі жылдан асып барады. Осы орайда арнайы құрылған Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комиссияның мүшесі, қоғам қайраткері Әлихан БАЙМЕНОВТІ әңгімеге тартып, аталған жұмыстардың барысы мен нәтижелері жайында сұрап білген едік, — деп хабарлайды egemen.kz.

– Әлихан Мұхамедияұлы, Президенттің ұйытқы болуымен басталған бұл үдерістің әділ қоғам орнатудағы маңызы қандай? Ел күткен сенім ақталды ма?

– Әділеттілік – адамзат баласы талпынатын ең басты құндылықтың бірі. Сонымен қатар ол мемлекеттік саясатқа сенім қалыптастырудың маңызды тетігі мен тірегі. Сол себептен заңсыз активтерді қайтару – өзге де өзекті шаралармен бірге «Әділетті Қазақстан» ұстанымын іске асырудағы маңызды бағыт.

Бірақ ол жалғыз бағыт емес. Қасіретті қаңтар әділеттілікке ұм­тылған халықтың ерік-жігерін көр­сетті. Өйткені наразылық мем­лекеттегі жемқорлық, жүгенсіз кеткен байлардың жүріс-тұрысы, бай мен кедей арасындағы алшақтық секілді келеңсіздіктердің салдарынан туындағаны белгілі. Осының бәрі «Біз әділетсіз қоғамда өмір сүріп жатырмыз» деген түсінік қалыптастырды. Халықтың көшеге шыққанын сол кезде кім қалай пайдаланғысы келгені бөлек әңгіме. Ал Жаңаөзеннен басталған шеруді барлық өңірдегі жұртшылықтың жаппай қолдап шыққаны қалып­тасқан келеңсіздіктердің асқынғанын көрсетті.

Әділетті Қазақстан құру ұс­танымы – қоғамның сұраны­сына да сай бастама. Оның ішіндегі іргелі бағыт – өмірдің бар саласында әділетті бәсекелестік орнату. Экономикада да, ғылым мен білімде де, өнерде де, әдебиетте де – жалпы барлық салада шынайы әділетті бәсекелестік орта болса, ол жерде халықтың өз әлеуеті өзіне жұмыс істей бастайды. Ел ішіндегі шынайы сұңқарлар мен тұлпарлар барлық салада суырылып алға шығып, олар елді қарқынды дамытатын күшке айналар еді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қасіретті қаңтардан кейін ел байлығының жартысын 162 адам иеленіп отыр дегені – үлкен мінберден тұңғыш рет айтылған ақиқат. Қазы­на мен қаржының азғантай ғана топтың қолында шоғырлануы елдің барлық саласының дамуын тежеп отыр. Егер осы бетімен кете берсе, бізде ешқашан тәуелсіз партия құрыл­майды, тәуелсіз телеарналар жұмыс істемейді, тәуелсіз сая­сат­тану ғылымы қалыптаспайды. Өйт­кені қаржының бәрі заңсыз байы­ғандардың қолында. Ал қаржы­сыз жоғарыда айтылған­дардың ешқай­сысы жұмыс істей алмайды. Ондай жағдайда ешқашан біздің ортамыздан Стив Джобс, Джефф Безос, Илон Масктер де шықпайды. Өйткені қаржыны беретін бағанағы 162 адам ел ішіндегі таланттардың өздеріне балама күш болғанын қаламайды.

Әділетті қоғам құрудағы тағы бір жарқын қадам – Президенттің «Ұлттық қор – балаларға» атты жобасы. Инвестициялық табыстың бір бөлігі 18 жасқа толғанша балалардың шотына аударылып отырады. Биыл жыл басында алғашқы төлем жасалынды. Бұл да ел тарихында бұрын-соңды болмаған жаңалық.

Үшінші қадам – монополияға қарсы күрес. Бұл – жоғарыда айтылған ел байлығының азғантай адамдардың қолына шоғырлануынан туындаған дүние. Сол қалталылармен, шенеу­ніктермен ауыз жаласқан топтар елдің кейбір салаларын әлі де ұстап отыр. Яғни мәселе өзектілігін жойған емес. Осы проблеманы шешуге Президентіміз өзі бастамашы болып, серпін берді.

АҚШ-та, Германияда неге «Tesla», «Amazon», «Microsoft», «Mercedes» секілді ірі ұйымдардың қолын­дағы активтерді мемлекет меншігіне қайтарамыз деген мәселе көтерілмейді? Себебі олар – өз еңбектерімен жаңалық ашып, жаңа өнім шығарғандар. Ал біздегі байлардың басым көпшілігі жаңадан ештеңе ойлап таппай, дайын асқа тік қасық болып, бұрынғы уақытта салынған зауыттарды, ата-бабамыз қорғап қалдырған жеріміздің астындағы байлықты мемлекеттен түрлі қитұрқы жолмен, соның ішінде көп жағдайда пара беріп қалтасына басқан. Сондықтан заңсыз активтерді қайтару қоғам тарапынан да бірден қолдау тапты. Мемлекетік саясатқа да сенім қалыптастыру­ға бағытталған бұл жұмыс алдағы уақытта пәрменді түрде жалғаса беруге тиіс.

– Жуырда Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл агенттігі екі жыл ішінде 1 трлн теңгеден астам актив мемлекет меншігіне қайтқанын мәлімдеді. Бұл ел күткен нәтиже ме, әлде қайтарыл­ған активтер бұдан да көп болуы керек пе еді?

– Әрине, кез келген адам осы жылдардағы сыртқа шығарылған, заңсыз иелікке өткен активтердің көлемін, біздегі жерасты байлы­ғының қалай тоналғанын, сол жүгенсіз кеткен қалталылардың қалай өмір сүріп жатқанын көрсе, бұл қайтарылған сома жеткіліксіз деп ойлайтыны сөзсіз. Комиссия отырыстарында арнайы тізімге іліккен адамдардың қолындағы заңсыз иемденген байлықтарын, мешкейлік дегеннің шексіз екенін, олардың қаншалықты бетімен кеткенін көргенде тіпті қарадай отырып жиіркенесің. Қолына іліккен нәрсенің бәрін ала берген. Олар Қазақстанды өздерінің жекеменшік кәсіпорны ретінде қарап, елдің байлығын жаппай тонап, тіпті өзара бәсекелестікке түскен.

Қасіретті қаңтардан кейін қоғамда үлкен серпіліс болып, әбден жүгенсіз кеткен әлгі байшыкештер тартынғандай болған. Қазір кей жерде байқайтыным, сол қалталылар қайтадан бұрынғы тіршіліктерін аңсап, өзара бәсекеге түсіп, халық қазынасына көз салғысы келетін секілді. Баяғыдай ел байлығын заңсыз жымқыруға мүмкіндік бола ма деп үміттенетіндей көрінеді. Лауазымдағылар бір-бірінің қалтасы­ның қалыңдығына қарап сыйласатын заманды аңсайтын сияқты. Бірақ Президент олардың мұндай арам пиғылдарына енді жол бермейді деген сенімдемін.

– Елдің қазынасын армансыз тонаған адамдардың аттарын атауға бола ма?

– Біз комиссия мүшесі ретінде тізімге кірген адамдардың атын атамауға заң талабына сай қолхат бердік. Сондықтан олардың кім екенін айта алмаймын. Ал тізімге кірмеген адамдардың атын атауға бола ма деген сұрақ қазір басы ашық тұр. Ол қандай жағдайда жүзеге асырылуы керек? Халықтың көзі соқыр емес. Олар да ертең заңсыз жолмен байып жатқан адамдарды байқап: «Бұлар неге тізімде жоқ?» деп талап етуі мүмкін. Бұны Бас прокуратура немесе Үкімет түсіндіріп бере ала ма? Осы тұрғыда қазір қолданыстағы заңнама жетілдірілуі керек. Реті келгенде айта кетейін, биыл біздің комиссияның тізіміне енбеген бір азамат та мемлекетке көп көлемде қаражат қайтарды. Яғни ол өзінің қолындағы дүниесінің бір бөлігі заңсыз жолмен келгенін мойындап, алдын ала әрекет жасады.

– Былтыр шілде айында қабыл­данған «Заңсыз иемденілген актив­терді қайтару туралы» заңды жетілдіру керек дедіңіз. Осы ойыңызды сабақтай түссеңіз.

– Бір ғұлама: «Заң өсіп келе жат­қан адамға пішілген киім секілді болуы керек. Тым тар болса, оның өсуін тежейді. Тым кең болса, сүрініп құлайды» деген екен. Аталған заң жұмыс істеп келе жатқалы бері біраз тәжірибе жинақталды, қоғам­дық сана өсті. Заң дер кезінде қабылданды әрі біз оның жұмыс нәтижесін көріп отырмыз. Бюджетке мол ақша қайтарылды. Ендігі кезекте уақыт талабына сай оны жетілдіру керек. Әсіресе жариялылық жағына баса мән беру керек.

Мысалы, бір күмән туғызатын жайтты айтайын. Мемлекетке заңсыз активтерді мүлік түрінде қайтарудың бір жолы – ел ішінде орналасқан өзінің иелігіндегі кәсіпорындарға ақша құйып, жаңа жұмыс орындарын ашу. Бұл жерде айта кету керек, қалтасында миллиардтаған қаражаты бар адам өзінің бір кішкене дүңгіршегіне аздаған ақша салса, оны есептеу қажет пе? Ол дүңгіршекке салынған қаржы өзінің тұрып жатқан үйінен де арзан болуы мүмкін. Осы мәселеге байланысты комиссия отырысында сұрақ көтердім. Мені бір депутат қолдады. Біз Үкіметке «Сіздер белгілі сала, бағыттарды анықтап беріңіздер. Тек сол салаға салған қаржы есепке алынсын» деп ұсыныс тастадық. Міне, осындай сұрақтарға заң негізінде жауап берілуі керек. Сондықтан қазіргі қолданыстағы заң осы кезге дейін жинақталған тәжірибе негізінде қайта пысықтап, жетілдірілуді талап етеді.

– Халық арасында бай-бағлан­дардан қайтарылған қаражат пен дүние-мүлік тағы да басқа біреулердің қалтасына кетіп қалмай ма деген күдік бар. Бұл жағы қалай қадағаланады?

– Комиссия құзыретіне қайт­қан қаржы әрі қарай қайда, қалай жұмсалады деген мәселе кірмейді. Бірақ бұл – қоғам үшін маңызды сұрақ. Мен жоғарыда заңсыз активтерді қайтару жолында ашықтық керек деп жатырмын ғой, сонымен қатар жинақталған қаражаттың жұмсалу бағыты да көбірек ашық болғаны дұрыс деп есептеймін.

Ең бастысы, бюджетке қай­тарыл­ған ақша бүкіл елге қызмет жасайды. Екінші жағынан, мысалы, нақты мына мектеп бір ұрының қайтарған ақшасына салынды деп айтуға ата-аналар келісе ме, келіспей ме – бұл да үлкен сұрақ. Кейбіреулер өз баласының ұрланған ақшаға салынған мектепте оқып жатыр дегенге іштей қарсы болуы мүмкін. Сондықтан бұл – екшеп барып берілетін ақпарат. Бірақ ең басты мақсат – қайтарылған қаржы бюджетке кіріп, ел игілігіне жұмыс істеуі не экономикаға инвестиция болып құйылуы керек.

Бұл жерде тағы бір үлкен мәселе бар. Қонақүй, пәтер, зауыт ғи­мараты секілді мүлік түрінде қайт­қан активтерді өкілетті орган өкіл­дері бағалап, қабылдайды. Заңда бағалауды тәуелсіз сарапшылар атқарады деп көрсетілген. Егер жарты жылдың ішінде сол қайтарылған нысан айтылған бағаға сатылмаса, ол үшін тәуелсіз сарапшылар мен өкілетті органның жауапкершілігі қандай болмақ?

Бұл нысанды тапсырғаннан кейін одан арғы жауапкершілік мемлекеттің мойнында. Оны ұстап тұрудың өзіне қанша шығын кетеді. Сондықтан бұл мәселені де заңда қарастыру керек.

– Әлемде осы тәжірибені қолға алған біз секілді басқа мемлекеттер бар ма? Оны зерттеп көрдіңіздер ме?

– Ең алдымен, шетелге заңсыз қаржы шығару мәселесі, әсіресе жекешелендіру жүргізілген, олигополиялар қалыптасқан және билік пен бизнес бірігіп кеткен өтпелі экономикасы бар елдер үшін өзекті екенін атап өту керек. Жоғарыда айтылғандай, комиссия құрылмас бұрын ауқымды жұмыстар жүр­гізілді. Осы мақсатта Бас прокуратура жанынан халықаралық комис­сия құрылып, ол шетелдің тәжі­ри­бесін зерттеді. Ол стратегияны әзір­леуде және нормативтік-құқық­тық актілерде көрініс тапты. Сонымен бірге заңнамалық актілерді дайындауға халықаралық сарапшылар тартылды.

БҰҰ-ның 2003 жылғы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясында бұл мәселеге аса назар аударылған. Оның сыбайлас жемқорлықтан түскен кірістерді қайтаруға қатысты ережелері халықаралық құқыққа маңызды серпіліс әкелді.

Конвенция басқа елдерде орналас­қан қылмыстық кірістерді қайтару­ды тікелей қарастырған алғаш­қы халықаралық құрал болды, онда тәркіленген активтерді репатриация­лау тетіктері мен шарттары егжей-тегжей сипатталған. Сонымен бірге кон­венцияда қылмыстық үкімсіз мү­лікті тәркілеудің (NCBC) маңыз­дылығы атап өтілген. Бұл қылмыс­кер қайтыс болған, қашып кеткен немесе жоқ болған жағдайда да актив­терді қайтаруға мүмкіндік береді.

Ашық дереккөздердегі ақпаратқа сәйкес кейбір елдер Конвенция қабылданғанға дейін NCBC жүйесін енгізген. Мысалы, Антигуа мен Барбуда 1996 жылы ақшаны жылыстатуды болдырмау туралы заң қабылдады. АҚШ 2000 жылы азамат­тық активтерді тәркілеуді реформалау туралы, Аустралия, Колумбия және Ұлыбритания NCBC туралы заң қабылдады. Активтерді тәркілеу жүйелері Болгария, Канада, Фиджи, Италия, Малайзия, Нидерланд, Жаңа Зеландия, Нигерия, Перу, Филиппин, Оңтүстік Африка республикасында да бар.

Жемқор шенеуніктер мен «ақ жағалы» қылмыскерлер ұрлаған ұлттық байлықтың едәуір бөлігі күрделі заңды тетіктер арқылы шетелге шығарылып жатыр. Бұл тетіктер Ұлыбританияда, Швейцарияда және АҚШ-та шоғырланған халықаралық қаржы инфрақұрылымын пайдаланады. Осы елдерге жаһандық қар­жы орталықтарын басқара отырып, ұрланған активтерді тәркілеу және келген еліне қайтару бойынша проактивті шаралар қабылдауда ерекше жауапкершілік жүктеледі.

Осыны ескере отырып, 2017 жылы АҚШ пен Ұлыбритания ұйым­дастырған алғашқы Ғаламдық актив­терді қайтару форумында (GFAR) активтерді әділ және ашық түрде қайтаруға бағытталған қағидалар әзірленді. Швейцария үкіметі мен Дүниежүзілік банк осы қағидаларды ілгерілетуде жетекші рөл атқарды. Заңсыз иемденілген активтердің қайда қайтарылып жатқандығы – негізгі мәселенің бірі. Олар мемлекет қазынасына қайтару емес, мүлікті қайта бөлу секілді көрінбес үшін бұл үдерістер ашық өткізіліп, толық ақпарат берілуі керек.

– Ал еліміздің осы сала­дағы тәжірибесіне басқа мемлекеттер тарапынан қандай баға беріліп жатыр?

– Заң қабылданғанға дейін Transparency International, Global Witness, Дүниежүзілік банк, БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы (UNODC) сияқты бірқатар халықаралық ұйым мен сарапшылар тарапынан еліміздің активтерді қайтару үдерісін жақсартуға қатысты кейбір ұсыныстар болғанын білеміз, олардың заң қабылдану барысында сарапталғаны және ескерілгені сөзсіз.

Заң күшіне енгеннен кейін уәкілетті орган активтерді қайтару саласында халықаралық ынтымақ­тастық бойынша үлкен жұмыс жүргізіп жатқаны туралы ақпарат бар. Атап айтқанда, оның өкілдері ЕҚЫҰ, Еуропа кеңесі, БҰҰ Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы, Нидерланд, Бельгия, Швейцария, АҚШ, Сингапур, Малайзия, Аустрия, Финляндия және басқа да бірқатар елдің мемлекеттік органдарымен тығыз ынтымақтастық орнатты.

Еліміздің Bamin активтерін басқару жөніндегі Балқан ведомствоаралық желісінің бақылаушысы мәртебесіне ие болғаны туралы да айтылып жүр. Осы саладағы озық тәжірибелерді зерделеу заңсыз активтерді қайтару тәсілдері мен тетіктерін жетілдіруге ықпал ететіні сөзсіз.

– Мәселенің салдарымен емес, себебімен күрескен дұрыс. Қолын­да билігі мен байлығы барлар халық қазынасын заңсыз жолмен тонамауы үшін не істеу керек?

– Ең алдымен, құқық қорғау органдары мен сот жүйесінде сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күрес жүргізіліп, парақорлардан тазартылуы қажет. Бұл – осы мақсаттағы ең маңызды шара. Одан кейін мемлекеттің бизнес субъектілеріне беретін барлық жеңілдік пен артық­шылығын толық тексеру қажет.

«Самұрақ-Қазына» қорының уәкі­леттіктерін дұрыс анықтау ма­ңыз­ды. Аталған қор мен басқа да ұлт­тық компаниялардың ешқайсысы мемлекеттік органдар айналысатын құзыреттермен қосымша айналыс­пауы керек. Осы секілді мәселелерді шешу үшін квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметін реттейтін «Мемлекеттік корпорациялар туралы» заң қабылдануы қажет деп санаймын.

Сонымен қатар мемлекеттік актив­терді пайдаланудағы ашықтықты қамтамасыз ету керек. Мысалы, әйгілі ҚТЖ-ны алайық. Біз өзімізді цифрлық мемлекетпіз, көп елден алдамыз деп мақтанамыз. Ал жүк вагондарын бөлу, жолға рұқсат беруге келгенде әлі күнге ол жұмысты адам атқарады. Бұл жемқорлыққа мүмкіндік туғызады.

Өзімізге қарағанда соншама қазба байлығы жоқ Грузия мен Өзбекстанның теміржолымен жолаушы тасымалдауы бізден сапалы екенін көргенде, бұл саланың тұралап қалғанына көз жеткізесің. ҚТЖ-да мұнай саласы секілді тиімсіз басқарудың үлгісі. Есесіне сол саланың арқасында қаншама адам заңсыз миллиардер болды.

Осыдан келіп шығатын тағы бір мә­селе – ортақ игіліктерді бөлу кезін­де блокчейн-технологияны пай­да­лану қажет. Ел игілігін бөлуде, сон­дай-ақ салық, кеден жеңілдіктерін беру­де де блокчейн-технология болу керек.

Заңсыз иемденілген активтерді қайтаруды, сыбайлас жемқорлықпен, мемлекет мүлкін жымқырумен бітіспес күресті Президенттің өзі бастап берді. Заң қабылданды. Енді осы бағыттағы жұмыстар толастамауы керек. Бұл – ең алдымен Үкімет пен Бас прокуратураның, оның тиісті комитетінің жауапкершілігіндегі іс.

Бұл жерде айта кетер маңызды мәселе – біз инвестициялық ахуалға да зиян келтірмеуіміз керек. Ол бұзылса ел экономикасы дамымай қалады. Сондықтан мемлекет әлімжеттік жасап тартып алмай, заң аясында олардың құқықтарын сақтай отырып, ақпаратты ашатын жерде ғана ашып, бір жағынан әділеттілікті қалпына келтіру, екінші жағынан ұрлап-жырғаған қаражатты өз экономикамызға салуға әрекет етеді. Әділетті Қазақстанды қалып­тас­ты­руда осындай қадамдар маңызды.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ

«Egemen Qazaqstan» 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button