Әлемдік мойындаудың айқын көрінісі

  Қазақ елі халықаралық аренада кезекті жеңісіне қол жеткізді. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне 2017-2018 жылдар кезеңіне сайланды. Халықаралық ұйымның ең мәртебелі кеңесіне мүшелікке өту үшін үміткер елдер БҰҰ-ға мүше 193 мемлекеттің, кем дегенде, 129-ының дауысын алуы тиіс еді. Азия-Тынық мұхит елдері тобынан Тайландпен бәсекеге түскен Қазақстан 138 дауыс жинады. Сарапшылар Қазақстанның бұл жеңісіне еліміздің ядролық қарудан бас тарту саясатын ұстануы, Елбасының «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесінің ерекше ықпал еткендігін де алға тартуда. Ең бастысы, әлемдік қауымдастық Қазақстанның халықаралық деңгейдегі ізгі бастамаларын жоғары бағалап отыр. Осыған орай оқырман назарына редакция поштасына келіп түскен хаттардың бір тобын ұсынып отырмыз.

Біз – бейбітшілікті сүйетін елміз

 Қазақстан Азия-Тынық мұхит мемлекеттер тобының атынан БҰҰ-ның аса маңызды саяси органының жұмысына ресми түрде қатысатын болады. Бұл органға жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі өкілеттіліктер жүктелген. Міне, осындай мәртебеге Қазақстанның ие болуы – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық беделін әлемдік тұрғыдан тану, оның серпінді жаһандық бастамаларына берілген биік баға. БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелікке өту еліміз үшін көптеген мемлекеттермен қарым-қатынасты дамытудың жаңа мүмкіндіктерін ашады. Әлемдік қауымдастықтың алдында қазір бұрынғыдан да берік топтасу және бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту жөнінде пәрменді шаралар қабылдау міндеті тұр. Жаһандық қауіпсіздікті және халықаралық қатынастардағы сенім шараларын нығайту жөніндегі жауапты миссияны еліміздің лайықты орындап шығатындығына сенемін.

Еркін ҚАДЫРҒАЛИЕВ,

Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – хатшылық меңгерушісі.

Қазақстанға берілген жоғары баға Қауіпсіздік Кеңесі

– Біріккен Ұлттар Ұйымының ең жоғарғы органы. Және ол өте беделді, ең бір демократиялық кеңес болып табылады. Ондағы бір дауыстың өзі шешуші роль атқарады. Батыс Еуропа елдері тобынан алдағы екі жылға соңғысы болып не Италия, не Нидерланд сайлануы тиіс еді. Бірақ, аталған мемлекеттердің екеуі де қажетті дауыс көлемін жинай алмады. Сөйтіп, Италия мен Нидерланд мәмілелі шешімге келді. Олар Қауіпсіздік Кеңесіндегі өкілеттілік мерзімдерін бір-бір жылдан атқаратын болды. Ал, Қазақстан мүшелікке өту үшін үміткер елдер арасынан ай-қын басымдықпен жеңіске жетті. Мұны елімізге деген үлкен сенімнің белгісі деп бағалауымыз керек. Халықаралық саясатымыздың құндылығы да осы жерден көрініп отыр. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейлі датасымен сәйкес келген халықаралық аренадағы зор жеңісіміздің символдық мәні де зор.

Қатимолла РИЗУАНОВ,

облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Асқақ абырой, зор мерей

 Астананың туған күні мерекесі қарсаңында Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше болып сайландық. Бұл шешім шыққанша барша қазақстандықпен бірге біз де еліміздің тілеуін тілеген едік. Күллі әлемнің қауіпсіздігін қадағалайтын бұл кеңеске мүше болу – ел тәуелсіздігі мен даму тұрақтылығының кепілі. Әр қазақстандық үшін зор мәртебе. Бұл шараның елдің қауіпсіздігін сақтаумен бірге, аграрлық секторға, шағын және орта бизнес арқылы жұмыс орындарын құру мен елдiң экспорттық әлеуетiн дамытуға үлкен әсері болатыны қуантады. Сонымен, тарихта алғаш рет жаһандық қауіпсіздік пен бейбітшілікті сақтауға өкілеттілігі бар ең маңызды саяси органның құрамына сайланған мемлекет атандық. Бұл – биік белес, үлкен жауапкершілік.

Елеусін СӘРСЕМБИЕВ,

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының Атырау облыстық филиалы төрағасының орынбасары.

Жаңа мүмкіндікке жол ашады

 Қаншама қиындықты бастан өткерсе де қазақтың рухы мұқалған жоқ. Керісінше, намысы қайрала түсті. Тәуелсіз ел атанған ширек ғасырда талай белесті бағындырдық. Күні кеше ғана БҰҰ Бас Ассамблеясында Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшелігіне сайлануымыз – тағы бір жетістігіміз. Жиырма бес жылдағы кезекті жеңісіміз. Азия-Тынық мұхит елдері тобынан бір орынға екі беделді үміткер – Қазақстан мен Тайланд таласып, еліміз 138 дауыс жинады. Қазақстан бұдан бұрын ешқашан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүшелікке сайланып көрген емес. Ал, Тайланд – Азиядағы екпінді дамып келе жатқан мемлекет, мәдениеті, қолөнері, сыртқы дүниемен байланысы әбден пысықталып, жолға қойылған ел. Қорытындысында Астана айқын жеңіске жетті. Ұйымға мүшелікке өту үшін үміткер елдер БҰҰ-ға мүше 193 мемлекеттің кем дегенде 129-ының дауысын алуы тиіс екен. Ал, мына жеңіс біздің мерейімізді тағы бір мәрте көтерді. Бұл – Қазақстанның халықаралық беделінің кезекті бір мәрте мойындалуы. Дамыған елдер арасында еліміз ұстанған саясаттың жоғары бағаланып отырғанының көрінісі.

Ұлықбек ТІНӘЛИЕВ,

«Қазақстанның тәуелсіз ұрпағы» қоғамдық бірлестігінің директоры.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз