Жарнама
Саясат

«АҚЫЛДЫ АППАРАТ» БОЛАШАҚҚА БАҒЫТ БЕРЕДІ

Бүгінде Ресей, Украина, ТМД-ның өзге де мемлекеттерінде, Еуропада аса танымалдылыққа ие аппараттың мүмкіндіктері жөнінде Атырау аймақтық коммуникациялар қызметі базасында өткен брифингте «Genetic-test» компаниясының директоры Руслан Қапақов айтып берді.

«Дерматоглифика ғылымы бүгінгі таңда криминалистикада ғана емес, спорт, медицина саласында да үлкен танымалдылыққа ие болды. Санаулы жылдардан бері Қазақстанда қолданылып келе жатқан  «Genetic-test» өнімі кез келген адамның кәсіби тұрғыдағы әлеуетін, денсаулық жағдайын, темпераментін, психофизиологиялық күйін анықтауға мүмкіндік береді. Үстіміздегі жылдың қыркүйек айынан бері Атырауда жүзге жуық адам тестіден өтті. Тест қорытындысы 90,9 пайызға ықтималдылықты көрсетті» деген спикер Руслан Қапақов аппараттың, әсіресе, балаларға дұрыс бағыт көрсетуге мүмкіндік беретінін айтты. Құрылғының жұмыс істеу ұзақтығы да аса көп емес. Тиісті жерге бармақты басу арқылы, бар-жоғы төрт минуттың ішінде ең қажетті ақпаратқа қол жеткізуге болады. Әсіресе, өркениетті елдерде зор танымалдылыққа ие құрылғыны спикер балабақша, мектеп деңгейінде жаппай қолданысқа енгізуді ұсынды.

Интеллектуалды ұлт қалыптастыру Елбасы алға қойып отырған басты міндеттердің бірі десек, бұл аппаратты болашақтың инструменті деп атауға болады.

«Атыраунефтемаш» компаниясы жаңа жылдан бастап, жұмысшылардың жалақысын өсіруге ниетті. Бұл туралы компания директорының орынбасары Мақсұт Ишаев мәлімдеді. «Компанияда үлкен габаритті мұнай жабдықтарын жасайтын арнайы цех жұмыс істей бастады. Бүгінде Атырау мұнай өңдеу зауыты сынды бірқатар кәсіпорындармен әріптестік байланыстамыз. Компанияда қазір 50 адам жұмыс істейді» деген ол Елбасы Жолдауында маңыз берілген жұмысшы класын дайындау мәселесінің тиімділігіне тоқталып өтті.

«Біз кәсіби техникалық мамандығы бар кадрлармен жұмыс істейміз. Президенттің жастарға алғашқы кәсіби білімді тегін алуға мүмкіндік жасауын ұлттық экономиканы тиісті кадрлармен қамтамасыз етудегі шешуші қадам ретінде атауға болады» деген ол, алдағы жылдың сәуір айында компанияда еңбек ететін 30-дан астам жас маманның оқуға жіберілетіндігін хабарлады.

 «Президент Жолдауы «жоғары білім туралы диплом болмаса, жұмысқа тұру қиын» деген қасаң қағиданы жоққа шығаруға мүмкіндік береді» деп пікір білдірген Каспий өңірінің қазіргі заманғы колледжінің директоры, Атырау қалалық мәслихатының депутаты Бақтыгүл Хаменова өзі жетекшілік ететін оқу орнының жыл сайын 800-1000-ға жуық түлекке жолдама беріп отырғанын айтты. «Сол түлектердің үштен бір бөлігі дуальдық оқыту жүйесі бойынша білім алып,  жұмысқа тұрды. Енді бірі «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы негізінде еңбекке араласты» деген ол білім саласындағы жаңашылдықтардың болашақ үшін жасалып жатқанын айтты.

 

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button