Жарнама
Саясат

Әкімді сайлауға дайынбыз ба?

Елімізде қанатқақты режимде қолға алынған аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау додасына дайындық жұмыстары қыза түсті. Саяси бәсекенің облыста екі ауданда өтетіні белгілі. Газетіміздің өткен санында Исатайдағы ахуалды оқырман назарына ұсындық. Ендігі тарқатып айтар тақырып – қақпақты қара қазан Қызылқоға ауданындағы сайлауалды жұмыстардың жай-жапсары.

Ауданда – 18 614 сайлаушы

Республика «Сайлау туралы» Конституциялық заңының тиісті баптарына сәйкес аудандық аумақтық сайлау комиссиясының қаулысымен аумақтық сайлау округі құрылды. Сайлауды өткізудің күнтізбелік жоспары қаулымен бекітіліп, аумақтық сайлау округінің шекарасы мен сайлау комиссиясының құрамы, орналасқан орны, сайлау учаскелерінің шекаралары бекітілді.

– Аудандық аумақтық сайлау комиссиясында 1-7, округтің сайлау комиссиялары 4-20 мүше, учаскелік сайлау комиссиялары 19-117 мүше – барлығы 24 комиссия жұмыс жасайды. Оның 144-і – комиссия мүшелері. Комиссия құрамының 110 мүшесі саяси партиялардан ұсынылса, 34-і – қоғамдық бірлестік өкілдері. Шалғайдағы елді мекендерде 4 учаскелік комиссия жұмыс істейді. Мұнда 632 сайлаушы бар. Ең алыс учаскемен арақашықтық – 95 шақырым. Дауыс беру күні шалғай учаскелерді жергілікті атқарушы органдар автокөлікпен қамтамасыз етеді, — дейді Қызылқоға аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Мақсот Мұқанов.

Ауданда барлығы 18614 сайлаушы бар. Бүгінде олардың тізімдерін нақтылау үшін жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмыс жүріп жатыр. Дауыс беру күні аудан аумағындағы мекемелерде жұмыс жасайтындар саны – 70 адам.

– «ҚайнарМұнайГаз» басқармасында 47 сайлаушы сайлау учаскесіне келеді. Қалған екі мекемедегі 23 сайлаушыға комиссия мүшелері барады. Ал, ауданда мүгедектігі бар 1231 адамның ішінде арбаны пайдаланатындардың саны 19 болса, 66-сы зағиптар және нашар көретіндер, 12-сі – құлағы мен тілінің мүкісі бар азаматтар. Учаскелер мұндай жандарға қолайлы жағдай туғызу мақсатында арнайы дауыс беру кабиналары, бұрыштар, Брайль әрпі, трафареттер, аудиожазбалар және тактильді жолақтарымен толық қамтылған. Миялы, Сағыз ауылдық округтерінде екі инватакси қызмет көрсетеді. Ұсынылған кандидаттардың сәйкестігін анықтауға байланысты уәкілетті органдармен бірлескен мәжілістер өткізілді. Жергілікті органдарға хат жолданды, — дейді Мақсот Сайполұлы.

Әрбір сайлау учаскесі бойынша жергілікті әкім қол қойған сайлаушылар тізімдерін учаскелік комиссияларға дауыс беру басталардан 20 күн бұрын, яғни 15 қазанға беру жоспарланған. Содан бастап, учаскелік комиссиялар өз жұмыстарына кірісіп кетті.

– Елді мекендерде үгіт-насихат материалдарын орналастыру үшін жергілікті атқарушы органдар 24 орын, сайлаушылармен кездесулер өткізу үшін 10 үй-жайды белгіледі. 30 орында ақпараттық билбордтар ілінді. Аудандық газетте бір хабарлама, интернет ресурстарда, Facebook желісінде 8 материал жарияланды. Сайлау комиссиялары мүшелерін электоралды оқыту бойынша облыстық аумақтық сайлау комиссиясының жоспарына сәйкес аудандық аумақтық сайлау комиссиясы қыркүйекте республика Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Атырау облысы бойынша филиалының ұйымдастыруымен оқыту семинарынан дәріс алып, комиссия мүшелері түгелдей тестілеуден өтті. Олар алға қарай өтетін қашықтықтан оқыту бойынша тестілеуге дайын. Аудандағы 19 дауыс беру учаскесі сайлауды өткізуге дайындық жұмыстарын бастады, олар дауыс беруге 1 қарашаға толықтай дайын болады. Сайлау учаскелерінің 12-сі мектептерде, 6-уы мәдениет үйлерінде, 1-еуі кітапхана ғимаратында орналасқан, — деді аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы.

Учаскелер сақадай-сай

Сайлауды өткізуге байланысты басқа жұмыстар да бекітілген күнтізбелік жоспарға сай уақытында жүзеге асады. Пилоттық режимде өтетін аудан әкімінің сайлауын өткізуге аудандық аумақтық учаскелік сайлау комиссиялары дайын.

Аудан әкімін сайлау бойынша 4 үміткер құжат ұсынды. Олардың қатарында «AMANAT» партиясы» қоғамдық бірлестігінен 1981 жылы туған сол партияның мүшесі Қанат Қадыржанұлы Әзмұханов, өзін-өзі ұсынушылар – Ойыл ауылдық округінің әкімі, 1972 жылы туған Мағжан Абызұлы Жексенов, Миялы ауылдық округінің әкімі, 1982 жылы туған Сәндібек Аманбайұлы Салықов және жеке кәсіпкер, 1961 жылы туған Жанкелді Нұржанұлы Рахметқалиев болған еді.

Қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес аудан әкімдігіне кандидат өзін-өзі ұсынған жағдайда, тиісті сайлау округінің дауыс беруге құқығы бар сайлаушыларының жалпы санының кемінде 1 пайыз дауысына ие болуы тиіс. Сайлаушылардың қолдауы олардың қолын жинаумен куәландырылады.

Республика азаматы әкім болып сайлану үшін ұсынылған құжаттар аталған Конституциялық Заңның 113-2 бабының негізінде «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасы заңының 36-2 бабында және республика мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамасында көзделген талаптарға сәйкес келуі тиіс. Осылайша, төрт үміткердің құжаттары тиісті органдарға жолданып, Қызылқоға аудандық аумақтық сайлау комиссиясының хаттамасымен олардың талапқа сәйкестігі анықталды. Бірақ үш үміткер заңдылыққа сәйкес Қызылқоға ауданы әкімдігіне үміткер болып тіркелді. Олар – Қанат Әзмұханов, Мағжан Жексенов, Сәндібек Салықов.

Тіркеуге қажетті құжаттарды ұсынбаса, Конституциялық Заңда белгіленген өзге де жағдайларда кандидатты тіркеуден бас тартады немесе тіркеу туралы шешімнің күшін жояды деп көрсетілген. Осыған байланысты тиісті құрылым аудан әкімдігіне өзін-өзі ұсынушы үміткер Жанкелді Рахметқалиевті қажетті құжаттарды ұсынбағаны үшін тіркеуден бас тартты.

Түйіндеп айтқанда…

Қызылқоға ауданындағы сайлауалды жұмыстар жүйелі жалғасып жатыр. Енді саяси бәсекеде халықтың белсенділігі жоғары болып, аудан әкімі лауазымына шын лайықтыны таңдап, дауыс беруі шарт. Дамыған мемлекеттерде жергілікті басқару – халықтың қолында. Бұл мемлекеттің демократиялы екеніне айғақ. Пилоттық жоба ретінде қолға алынған осы сайлауды Қазақстанда тұрақты түрде енгізу қажет. Сонда бұл жүйе ел арасындағы сайлау туралы мәдениетті де қалыптастырар еді. Бұдан соң біртіндеп биліктің басына шын жанашыр, білімді де белсенді азаматтар келетініне сенім кәміл.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button