ӘКІМ БОЛ, ХАЛҚЫҢА ЖАҚЫН БОЛ!
Соның ішінде, «Қоғамға есеп беретін ашық мемлекет» деп айдарланған 5-інші реформаның екінші тармағында мемлекеттік басқарудың бүкіл жүйесі нақты нәтижелерге қол жеткізуге бағдарланатындығы айтылған. Бұдан былай, жыл сайын үкімет, министрлер, барлық деңгейдегі әкімдер және осылайша мемлекеттік органның әрбір құрылымдық бөлімшелері үшін мақсатты индикаторлар қабылданатындығы түсіндірілген.
Осы тұрғыдан келгенде аймақ басшылығының қолдауымен біздің облысымызда да ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстардың атқарылып, халықтың игілігіне жаратылып жатқандығына куәміз. Осыдан бір ай бұрын облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов Астана қаласына барып, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен баспасөз конференциясын өткізіп, аймақтағы іс-шаралардан республика жұртшылығын хабардар қылғандығынан да құлағдармыз.
Теледидардан тамашалап, газет беттерінен оқып-танысқанымыздай, сол жолы Бақтықожа Салахатдинұлы 2015 жылғы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы тұжырымды етіп баяндағаны да есімізде. Аймақ басшылығының тізгінін ұстаған үш жылдан астам уақыттың ішінде ол өз командасымен бірге, жұртшылықтың қолдауы мен көмегіне сүйене отырып, біраз іс тындырды. Жаңадан әлеуметтік нысандар бой көтеріп, инженерлік инфрақұрылымдар, коммуналдық шаруашылық-тұрғын үй кешені жаңғыртылды. Кәсіпорындар мен жүздеген жұмыс орындары ашылып, жұмыссыздық көрсеткіші азайды, халықтың күнелтіс деңгейі көтерілді. Мұндай жақсылықтардың бір шетін өзіміз тұратын Х.Ерғалиев ауылының тұрғындары да көріп, сезінуде. Сол үшін де Бақтықожа ініміз бастаған ел ағалары мен іс басында жүрген барша азаматтарға исатайлықтардың, одан қалды ауылдастарымның атынан ризашылығымды білдіремін. Табалдырығымыздан енді ғана аттаған жаңа жылда еңбектеріне табыс, бастаған істеріне сәттілік тілеймін.
Әрине, осымен барлық мәселе шешілді, ешқандай проблемамыз жоқ деуден де аулақпын. Ел іші болғасын, қызық-қуанышымен қатар, қиындықтары да кездесіп, түйткілді тұстар да орын алып жатады. Мемлекет басшысы айтқандай, «Біріміз бәріміз үшін, бәріміз біріміз үшін» деген қағиданы ұстанып, бірлесе әрекет қылсақ, қолға алған қай шаруамыз бен ісіміздің де оңғарылып, берекелі болары анық.
Ізбасхан ХИСИН, еңбек ардагері (Исатай ауданы)