Академия артықшылығымен алда
Сервистік мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыруда мемлекеттік аппаратты білікті әрі тиімді, жоғары кадрлармен қамтамасыз ету өте маңызды. Осы мақсатта Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы жоғары оқу орнынан кейінгі магистратура және докторантура білім беру бағдарламалары бойынша үміткерлерді оқуға қабылдайды. 1 сәуірден басталған қабылдау науқаны 26 маусымға дейін жалғасады. Соған байланысты Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Атырау облысы бойынша филиалының директоры Еркебұлан Ғабдығапаровқа жолығып, оқуға қабылдау ережелері туралы сұраған едік.
– Еркебұлан Серікұлы, өзіңіз басқаратын Мемлекеттік басқару академиясы филиалының миссиясы қандай?
– Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы – мемлекеттік қызметшілерді даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын ерекше мәртебеге ие жоғары оқу орны. Сонымен қатар, квазимемлекеттік сектор мекемелерінің қызметкерлері мен жеке тұлғалардың кәсіби дағдыларын арттыру бойынша қызмет атқарады. Миссиясы – мемлекеттік қызметшілер арасында жоғары басқарушылық мәдениетті қалыптастыру.
Айта кету керек, академия бүгінде Жарғыға сәйкес бірнеше бағыт бойынша қызмет түрлерін ұсынады. Олар:
– ISO 37001: сыбайлас жемқорлыққа/парақорлыққа қарсы менеджмент жүйесі халықаралық стандартын енгізу бойынша консалтингтік қызмет көрсету;
– Жобалық менеджмент бойынша (ISO 21502-2022, PRINCE2) оқыту, сертификаттау, консалтингтік қызмет көрсету;
– Қайта даярлау курстары мен біліктілік арттыру семинарлары;
– Тілдік курстар;
– QAZAQ RESMI TEST (QRT);
– магистратура, докторантура, модульдік оқыту;
– жеке және топтық коучинг жүргізу;
– ассессмент орталығы бойынша мекеме қызметкерлерінің құзыреттерін әзірлеу және талдау.
– 1 сәуірден бастап академияда 2024-2025 оқу жылына қабылдау науқанының басталғаны хабарланды. Биылғы оқуға қабылдау ережелері қандай?
– Иә, қабылдау 1 сәуірден басталды. Үміткерлерден құжаттарды қабылдау онлайн форматта өтеді. Академияда мемлекеттік қызметшілерді даярлау 6 магистрлік, 3 докторлық және өндірістен қол үзбей оқуға болатын 2 модульдік бағдарлама бойынша жүргізіледі. Мемлекеттік қызметшілерді даярлауға магистратура бойынша 120 грант, докторантура бойынша 12 грант бөлінген.
Магистрлік білім беру бағдарламалары бойынша мемлекеттік тапсырыспен оқуға түсу үшін мемлекеттік қызметте кемінде 2 жыл, ал докторлық бағдарламалар үшін 5 жыл еңбек өтілі болуы қажет.
Гранттан үмітті кандидаттардың құжаттарының ішінде мемлекеттік органның жолдамасы болуы шарт. Ақылы негізде оқуға үміткердің мұндай жолдамасы болуы міндетті емес. Дипломатиялық сала қызметкерлерінің – мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің жолдамасына сыртқы саяси қызмет саласындағы ведомство аппаратының басшысы қол қоятын жағдайларды қоспағанда, жолдамаға үміткерді атқаратын лауазымына тағайындау құқығы бар лауазымды адам қол қояды. Шетелдік азаматтарды есептемегенде, барлық білім беру бағдарламаларына түсушілердің мемлекеттік тілді меңгеруі В1 деңгейінен төмен емес екенін растайтын QAZAQ RESMI TEST немесе ҚАЗТЕСТ сертификаты болуы тиіс.
Іріктеудің алғашқы кезеңі – аналитикалық эссе жазу 29 маусымда нақты уақыт режимінде өтеді. Докторантураға үміткерлер зерттеу жұмысының жоспарын (Research proposal) 26 маусымға дейін жүктеуі керек, жоспар 7 шілдеге дейін бағаланады.
Қорытынды кезең – сұхбат 1-20 шілде аралығында академия ғимаратында офлайн форматта өтеді.
22 шілде күні аралық қорытындыны шығарамыз. Алдын ала қабылданғандардың тізімі жарияланады, ал 5 тамыз күні келісім-шарттарға қол қойылғаннан кейін оқуға қабылдау туралы бұйрық шығарылады.
– Қабылдау ережелерінде біршама өзгеріс бар екен. Соған толығырақ тоқталып өтсеңіз?
– Дұрыс айтасыз, оқуға қабылдау ережелеріне біраз өзгеріс енгізілген. Атап айтқанда, «Халықаралық қатынастар», «Мемлекеттік саясат» және «Экономика» екі жылдық бағдарламалары бойынша оқу мерзімі екі жылдан бір жарым жылға дейін қысқартылды. Биыл «Мемлекеттік басқару» бағдарламасына құқық қорғау органдарынан және арнайы мемлекеттік органдардан да үміткерлерді қабылдаймыз.
Қабылдау науқанының жалпы мерзімі 20 күнге қысқартылды. Қорытынды ақпаратты 5 тамызда жариялауды жоспарлап отырмыз.
Магистратура бағдарла-малары үшін сұхбат кезеңін бағалаудың үлес салмағы 70%-ға дейін және докторантура үшін 50%-ға дейін көтерілді.
«Халықаралық қатынастар» және «Мемлекеттік басқару» магистратуралық білім беру бағдарламаларына түсу үшін ағылшын тілі деңгейін растайтын төмендегідей сертификаттардың бірін ұсыну қажет:
– IELTS – кемінде 4.0 балл;
– TOEFL IBT – кемінде 32 немесе TOEFL ITP (1-деңгей) – кемінде 343 балл;
– TOEIC – кемінде 405 балл;
– Duolingo English Test – кемінде 65 ұпай.
– Ал, іріктеудің алғашқы кезеңі – аналитикалық эссе жазу 29 маусымда нақты уақыт режимінде өтетінін айттыңыз. Эссені бағалау кезінде белгілі бір критерийлер бар ма?
– Аналитикалық эссе – белгілі бір мәселе бойынша жеке ой-пікірі (ұстанымы) мен талдауын білдіретін еркін жазбаша жұмыс және ол кәсіби қызмет саласынан хабардарлығын анықтауға бағытталуы мүмкін. Ол үш құрылымдық компоненттен тұруы керек. Біріншісі – кіріспе, ол мәселені нақтылап, өз ой-пікірін (тезисін) ұсынудан, далелдеуге арналған контексті жеткізуден тұрады. Ал, неrізгі бөлімде өз тезисін түсіндіру, белгіленген тақырып бойынша қалыптасқан жағдайды, қолданыстағы заңнамалық негіздерді, дәлелдемелерді сипаттау және дәлелдер келтіру, мәселені шешу жолдарын ұсынады. Соңғы бөлім – қорытындыда бастапқы ойды (тезисті) түйіндеу бойынша тұжырымдар келтіріледі.
Сонымен қатар, аналитикалық эссенің көлемі 1000 сөзден аспауы тиіс және кестеге сәйкес жеке кабинет арқылы онлайн форматта 60 минуттың ішінде жазылуы шарт. Процесс бейнежазбаға жазылып, прокторинг жүйесімен қамтамасыз етіледі. Бағалау кезінде үміткердің кәсіби қызметтегі білімін қолдану, стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды білу, мәселені шешу бойынша идеяларды синтездеу, құрылымға сәйкес болу, жеткізу стилі дағдыларына назар аударылады.
– Ендігі сұрағым үміткерлерді қызықтыратын басты сұрақтардың бірі деп ойлаймын. Қорытынды кезең – сұхбат барысында үміткерлерге қандай сұрақтар қойылады?
– Дұрыс айтасыз. Бұл кезеңнің жалпы мақсаты – үміткерлердің кәсіби және жеке құзыреттерінің деңгейін, оқуға ынтасын, мемлекеттік басқару жүйесінің стратегиялық және бағдарламалық құжаттарын, нормативтік-құқықтық актілер мен заңнаманы білу деңгейін айқындау. Сұхбат қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ауызша жүргізіледі және процесс бейнежазбаға жазылып, үміткердің жеке кабинетінде көрсетілген кестеге сәйкес офлайн форматта жүргізіледі. Бір үміткермен сұхбат жүргізу уақыты 20 минуттан аспайды.
Сұхбатта үміткерлерге кезеңнің мақсатына сай және іріктеудің бірінші кезеңінде жазылған аналитикалық эссе бойынша сұрақтар қойылады.
– Мемлекеттік басқару академиясына оқуға қабылдауда мемлекеттік тілге байланысты жақсы дәстүр қалыптасқан. Ендеше, қажетті құжаттар тізіміндегі мемлекеттік тілді білу деңгейін растайтын QAZAQ RESMI TEST сертификатын қалай алуға болады?
– Иә, соңғы үш жыл бойы академияға оқуға түсу үшін міндетті түрде мемлекеттік тілді растайтын сертификатты талап етеміз. Кем дегенде В1 деңгейі – орташа деңгей деп саналады. Оқуға түсушілердің көпшілігі мемлекеттік қызметшілер болғандықтан, мемлекеттік тілді білуі қажет деп есептеймін.
QAZAQ RESMI TEST – онлайн тест. Тілді меңгеру деңгейін бағалаудың дәстүрлі әдістеріне қарағанда, онлайн режимінде, өз компьютеріңізден кез келген уақытта ыңғайлы жағдайда тапсыруға болады. Үміткер qrt.kz сайтына тіркеліп, төлем жасағаннан кейін өзіне ыңғайлы кез келген уақытта онлайн тестілеуден өте алады.
Жалпы ұзақтығы 45 минутқа дейінгі тест 4 бөлімнен тұрады: тыңдалым, лексика-орфография, жазылым және сұхбат.
– «Тыңдалым» – 10 минутқа дейін;
– «Лексика-орфография» – 10 минутқа дейін (10 тест);
– «Жазылым» – 15 минутқа дейін (нақыл сөз бойынша 5 сөйлемдік мәтін);
– «Сұхбат» – 10 минутқа дейін (берілген 3 сұраққа аргументті жауап беру).
Жеке кабинетке нәтижелермен бірге сертификат та жіберіледі. Оны үміткер қалаған уақытында ала алады.
– Сонда Академияда оқудың артықшылықтары қандай?
Мемлекеттік басқару академиясында білім алудың мынадай артықшылықтары бар:
•конкурс өткізбестен «Б» корпусының әкімшілік лауазымдарына орналасу мүмкіндігі («ҚР-ндағы мемлекеттік қызмет туралы» ҚР Заңының 15-бабы 5-тармағы);
•құзыреттілікті бағалау нәтижелері негізінде жеке оқыту траекториясы;
•үштілдік оқыту: қазақ, орыс, ағылшын, оның ішінде кейіннен сертификаттау мүмкіндігімен күшейтілген тілдік даярлық: Professional English for International Relations, дипломатқа арналған француз тілі (MIR);
•жекелеген пәндер бойынша дәрістер беру үшін жетекші шетелдік және қазақстандық сарапшыларды, мемлекеттік басқару және дипломатиялық қызмет саласындағы практик мамандарды тарту;
•әлеуметтік және кәсіби іскерлік байланысты дамыту, өзара оқыту (peer learning);
•шетелдік серіктес жоғары оқу орындарында, халықаралық ұйымдарда, сонымен қатар Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдіктері мен жетекші дипломатиялық мектептерде тағылымдамадан өту мүмкіндігі;
•MPA, EMPA, MPP, ME бағдарламалары үшін серіктес жоғары оқу орындары (АҚШ, БАӘ, Финляндия) базасында қос дипломдық білім алу мүмкіндігі;
•мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқуға түскендер үшін жұмыс орны мен лауазымының сақталуы, үздіксіз еңбек өтілі;
•мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқуға түскендер үшін лауазымдық жалақы мөлшеріндегі стипендия;
•Жас мемлекеттік қызметшілерге арналған үйден бөлме беру.
Баршаңызды өзгермелі әлемде басқаруды бірге үйренуге шақырамын!
– Уақыт бөліп, оқырмандар мен үміткерлерге пайдалы сұхбат бергеніңіз үшін рахмет!
Сұхбаттасқан Рита ӨТЕУҒАЛИ