«АҚ БҰЛАҚ» АУЫЛҒА ЖЕТТІ
Облыс әкімі аймақта қалыптасқан проблеманы шешуге бел шеше кірісті. Мәселенің бастысы – жұртшылықты әсіресе, шалғайдағы ауылдарды таза ауыз сумен қамтуға қатысты. Орайы келмеген жұмыстардың қатары шындығында, жергілікті жерде аз емес еді.
Су – тіршілік тірегі десек, бұл көрініс қазыналы өңір үшін келіспес жағдай болатын. Тың бастамаларды қолға алу, аяқталмаған жобаларды жетілдірудің нәтижесінде бүгінде ахуалдың айыға бастағаны байқалады. Облыстың коммуналдық салаға жауапты мамандарынан алған мәліметімізге қарағанда, жыл соңына дейін 8 мыңнан астам халық тұратын 7 ауыл таза ауыз суға қосылады. Бағдарлама бойынша белгіленген 98 нысанның 84-і аяқталғанымен, кейбір елді мекендердің көшелері әлі түгел ауыз суға қосылмаған.
Әрине, ауқымды жұмыс айрықша іскерлікті, табандылықты талап етеді. Осы тұрғыдан келгенде Атырауда тындырымды шаруа жасалуда деп сеніммен айтуға болады. Соның бір көрінісіндей, осы жылы Махамбет ауданының Жайықтың Азия бетіндегі Ақжайық, Есбол және Еуропа жағындағы Бейбарыс, Талдыкөл ауылдарының тұрғындары үлкен қуанышқа кенелді. Мұндағы ауылішілік су құбыры мен су тазалау ғимаратының құрылысы аяқталып, су құбырын тұрғын үйлерге тарту жұмыстары бітті. Бір айдың ішінде төрт ірі елді мекенге таза су жеткізілуі ел есінде қаларлықтай ерекше оқиға. «Ақ бұлақ» бағдарламасының ыждағаттылықпен орындалуы бұйығып жатқан ауылдардың бойына қан жүгірткендей болды.
Ақиқатында, Махамбет ауданының жылдар бойы айтылып, бірақ, шешімін таппай келе жатқан мәселесінің бастысы ауыз суға қатысты еді. Орталықтандырылған желімен келетін тіршілік нәрін тұрғындар жеткілікті пайдалана алған жоқ. Ал, аурудың бәрі астан келетінін ескерсек, таза су ішпеген жұрттың түрлі сырқатқа ұшырауы ғажап емес. Ауқымды бағдарлама осы қауіптің алдын алды. «Ақ бұлақтың» шеңберінде су қондырғысы қондырылмаған, таза сумен қамтылмаған ауылдарда су желілерін жаңғырту, қайтадан салу жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асты. Мысалы, Ақжайық елді мекеніндегі шаруаны «Бекболатовтар құрылыс компаниясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алған, құрылыс жұмыстарын жүргізген. Тындырымды істің нәтижесінде қажетті құрал-жабдықтар уақытында жеткізілді, күрделі жөндеуден өткізілген су қондырғысы тәулігіне 525 текше метр су береді. Ауылдың ішіне тартылған 13 шақырымнан астам су құбыры арқылы жұртшылық тіршілік нәріне қол жеткізді. Махамбет ауданындағы ірі елді мекендердің бірі Бейбарыстағы су қондырғысының қуаттылығы тәулігіне 992 текше метрді құрайды. Осы ауылдың ішіне жүргізілген құбырдың жалпы ұзындығы 26 шақырымға жетеді.
«Ақ бұлақ» бағдарламасының арқасында жылыойлықтар да мақсаттарына қол жеткізіп отыр. Аталған ауданның округтерінің біразына құбырлар тартылғанымен тұрғындар осы күнге дейін суды үйіне тасымалдап ішіп келген. Жуырда осы олқылықтың орны толды. Ақкиізтоғай, Майкөмген округтеріндегі ауылішілік құбырдың құрылысы толықтай аяқталып, халық таза ауыз суды пайдаланатын жағдайға жетті. Ол әрбір үйге желілер арқылы жеткізіліп отыр. Майкөмгендегі арнайы қондырғыдан сүзіліп шыққан су барлық санитарлық талапқа сәйкес келеді. Бұдан өзге су айдау қондырғысы мен таза ауыз су жинайтын 100 текше метрлік қос қазаны бар станса тұрғындарға сағатына 12, ал, күніне 80 текше метр су беріп тұруға арналған. Ақкиізтоғай ауылдық округінде де құбыр тартылып, жаңа су айдау стансасы тұрғызылды. Әзірге жергілікті жердегі үйлердің жартысы негізгі желіге қосылды, қалған тұрғындардың да таза сумен қамтылатын күні алыс емес. Шалғайдағы Қызылқоға ауданының ауыл-селоларында да халық таза ауыз судың қызығын көріп отыр.
«Ақ бұлақ» бағдарламасының шапағатын бүгінде жұртшылық осылайша сезіне бастады. Дегенмен, әңгіме орайында айтпай кетпейтін мәселе бар. Ол – судың тарифына қатысты. «Атырау су арнасының» бағамы тамыз айынан бастап жеке адамдарға 101 теңге болып белгіленді. Мұны мекеме басшылығы Жайық суы лай болғандықтан ауыз судың өзіндік құны 120 теңгеден асатындығымен, жыл сайын 400 млн. теңгеге дейін шығынға ұшырайтындығымен түсіндіреді. Дегенмен, бұл мәселеде де тұйықтан шығудың жолдары іздестірілуде.
Тағы бір проблема Атырау қаласының оң жағалауындағы №5 су сүзу стансасының жұмысына байланысты. Аталған нысан 2011 жылдың аяғында пайдалануға берілген болатын. Алайда, ол кемшіліктері түзетілместен тапсырылғандықтан, іске қосылмай қалған. Қазіргі күні жасалмаған жұмыс үшін қосымша қаражат бөлініп, шаруа тындырылып жатыр. Станса биылғы жылдың соңында жұмысын бастайды деген үміт бар.
Түйіндей келгенде, «Ақ бұлақ» бағдарламасы халықты таза ауыз сумен қамтуға жол ашты. Оны жүзеге асырудағы облыс басшылығының тындырымды жұмысын ерекше айтуға болады.
Азамат БАЗАРБАЕВ.