
Әділетті Қазақстанның жаңа кезеңі
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жуырда өткен жалпы отырысы елдегі түбегейлі өзгерістер мен Президент реформаларының мән-маңызын талқылауға арналды. Бұл жиын – саяси-әлеуметтік жаңғырудың келесі белесіне арналған маңызды қадам болды.
Мемлекет басшысының «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты халыққа Жолдауы – ел алдында тұрған сын-қатерлерге берілген нақты әрі батыл жауап. Бұл – халықтың еңсесін тіктеп, рухын оятқан, ұлтымызды ұйыстырған тарихи құжат. Жолдауда белгіленген реформалар – әділетті қоғам қалыптастыруға, мемлекеттің даму бағытын айқындауға арналған стратегиялық бағдар.
Бүгінде Жаңа Қазақстан идеясы арман емес, шынайы өмірдің ақиқатына айналып келеді. Бұл – халықтың талап-тілегінен, қоғамның сұранысынан туындаған қажеттілік. Реформа тек заңнамалық өзгерістермен шектелмейді, ол мемлекеттің басқару жүйесін түбегейлі жаңғыртып, қоғамдық санаға серпіліс әкелуге бағытталған.
Соңғы үш жылда еліміздегі саяси құрылым жаңа сипатқа ие болды. Мемлекеттік басқарудың бұрынғы қағидаттары өзгеріп, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік орнады. Президент жанында өкілеттілігі кеңейген, қоғамның сеніміне ие болған Парламент, Үкімет, Конституциялық Сот және саяси партиялар жүйесі қалыптасты. Елімізде заң мен тәртіпке деген құрмет жоғарылап, әлеуметтік мемлекеттің нақты бейнесі айқындала түсті. Осылайша, Әділетті Қазақстан идеясы тек ұран емес, нақты іске асырылып жатқан мүмкіндікке айналды.
Заң шығарушы органның рөлі едәуір күшейіп, өкілеттілігі кеңейді. Демократиялық жаңғыру аясында партиялық тізімдер мен бір мандатты округтер арқылы аралас сайлау жүйесі енгізілді. Бұл – саяси бәсекелестікті арттырып, халықтың билікке араласу мүмкіндігін кеңейткен маңызды өзгеріс. Нәтижесінде, әділ әрі ашық сайлау өткізіліп, жаңарған заң шығарушы билік қалыптасты. Осы реформалар Мемлекет басшысының «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын нақты іс жүзінде жүзеге асыруға жол ашты.
Қазіргі дәуір – сәт сайын өзгеріп, жаңа сын-тегеуріндерді алға тартатын тарихи кезең. Ал тарихта екінші мүмкіндік болмайды. Біз, халық ретінде, осыны терең түсініп, ел болашағын өз қолымызбен қалыптастыруымыз қажет. Жарқын келешек – тағдырдың сыйы емес, ол біздің қажырлы еңбегіміз бен жауапкершілігіміздің нәтижесі. Сондықтан ұлт болып ұйысып, бір мақсат жолында жұмылып, әділетті әрі дамыған Қазақстанды бірге құруымыз керек.
Еліміздің болашағы – біздің қолымызда!
Сайлаубай ТАЛАСОВ,
“AMANAT” партиясы Жылыой аудандық филиалының төрағасы