Саясат

АДАЛДЫҚ – АРДЫҢ ІСІ

Биылдан бастап елімізде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңдар және Мемлекеттік қызметшілердің этикалық кодексі  күшіне енді. Жаңа заңның жаңалықтарымен Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері де танысып шықты.

Мұндағы өзгерістер мен кейбір ұғымдар қарапайым тілмен түсіндіруді қажет етеді. Осы мақсатта аталған департаменттің ішкі қауіпсіздік басқармасының басшысы Заңғар ЗАҢҚАНОВ «Мемлекеттік кірістер органдарындағы жемқорлықтың алдын алу» тақырыбында баяндама жасады.

— Президент Жарлығымен Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі министрлік, оның құрылымында – Жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың ұлттық бюросы құрылды. Осылайша, тек мемлекеттік қызмет жүйесі ғана емес, сондай-ақ, жемқорлыққа қарсы әрекет танытатын жүйе де жаңғыртылып отыр. Осыған орай, сыбайлас жемқорлықпен күресті жүргізуге барлық мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар міндеттеледі. Бұл жұмыс мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттарының тығыз байланысы арқылы ғана өз нәтижесін бермек. Бұл ретте құқықтық және рухани-адамгершілік тәрбиенің алар орны ерекше. Халық, ең алдымен, мемлекеттік қызметкердің ар-ожданына, содан кейін еңбекқорлығы мен іскерлік қабілетіне сенеді. Сондықтан, жемқорлық фактісі жөнінде ақпарат алған қызметкер дереу тиісті органдарға хабарласуы тиіс. Осы ретте жаңа заң көмекке келеді, — дейді басқарма басшысы.

Жасыратын несі бар, қазір жеке басының мәселесін пара беру арқылы реттеуге ұмтылатын ұрпақ қалыптасты. Заңды белшесінен басқан олар бұл үшін қатаң жауап беретінін ескере бермейді. Ал, жаза басып, әбден масқарасы шыққан соң опық жейді. Бірақ, кейін бәрі кеш болады, ешкім де ештеңені өзгерте алмайды. Демек, кейбір әрекетке бармас бұрын, алдымен оның дұрыс-бұрыстығына қанығып алған жөн. Ол үшін әр азамат өз құқығын білуі тиіс.

— Мемлекеттік кірістер департаментінде қызметкерлерге тәртіптік, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке байланысты заңдылықтар ай сайын баяндалып отырады. Жаңа заңда көрсетілгендей, қызметкерлер оның талаптарын орындап қана қоймай, соған немқұрайлылық танытқан әріптестерін де тәртіпке шақыруы тиіс, — дейді З.Заңқанов.

Бұрынғы 1998 жылғы «Жемқорлықпен күрес туралы» Заңның орнына жаңадан «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заң қабылданды. Сондықтан, жаңа заңның әр тетігін мұқият ой таразысына салып барып қолданған жөн. Бірақ, заңнаманың негізгі мақсаты өзгерген жоқ, ол — қоғамдағы жемқорлықты жою.

Оған қоса, жаңадан «Мемлекеттік қызмет туралы» Заң мен Мемлекеттік қызметшілердің этикалық кодексі де қабылданды. Аса нәтижелі қызметі үшін бонустар төлеу қарастырылған. Мұндай жүйені келесі жылдан бастап енгізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілердің жұмысы мен жүріс-тұрысы арнайы ережемен реттеледі. Тіпті, жаңа этика бойынша өкілетті өкілдер институтын құру да көзделіп отыр. Бұл құрылым азаматтар мен мемлекеттік қызметшілерге кеңес беріп, олардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етпек.

Егер мемлекеттік қызметкер жұмыс бабымен басқа жерге қоныс аударуы керек болса, оған жекешелендіру құқығынсыз тегін қызметтік пәтер беріледі. Ал, оларды аттестациядан өткізу Президент бұйрығымен ғана іске асырылады. Екіншіден, мемлекеттік органдар уәкілетті комиссия шешімімен шетелдік мамандарды жұмысқа қабылдай алады. Ол үшін ұлттық қауіпсіздік органдарында арнайы тексерістен өтуі қажет. Осыны айтқан ішкі қауіпсіздік басқармасының басшысы өткен жылы орын алған бірқатар заң бұзушылықтарға да тоқталды .

 

Сыбайлас жемқорлық көріністерін жасаған деп көпшілік алдында негізсіз айып тағылған жағдайда, осындай айыптау анықталған күннен бастап бір ай мерзімде оны теріске шығару жөнінде шаралар қолдану қажет».

(ҚР Мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп Кодексінен)

 

 Мемлекеттік орган басшыларының бейтараптығы негізді күмән тудыратын, лауазымдық өкілетті тиісінше орындамауға әкеп соғатын мән-жайлар (мүдделер қақтығысы) болған кезде әдеп жөніндегі уәкіл өз қызметін дербес негізде жүзеге асырады».

(Әдеп жөніндегі уәкіл туралы ережеден)

 

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Суретті түсірген  автор.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button