Дамуға жол ашық
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы еліміздің даму жолын тағы бір айқындап берді. Жаңа мәлімдемелерді тұрғындар қуанышпен қарсы алып, әлеуметтік желіде жарыса талқылап жатыр.
Жолдаудың маңызды мәлімдемелеріне тоқталатын болсақ, ҚР Президенті жеті жылда бір мерзімге ғана сайлана алады. Осы күзде өтетін кезектен тыс Президент сайлауы өтеді. Сайлауға барша қазақстандықтар белсенді қатысулары керек. Президентіміз айтқандай, әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет. Ал 2023 жылы мәжіліс және мәслихат сайлауы өтеді, яғни депутаттар сайланады.
Тағы бір өзекті мәлімдеме — әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасу 63-тен 61 жасқа қысқарады. Сондай-ақ бала күтіміне байланысты төленетін төлемдердің мерзімі ұзарып, Ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50 пайызы балалардың шотына аударылады. Міне, тамаша жаңалық!
Соңғы жылдары елімізде шетелден әкелінетін көліктердің саны бірнеше есеге өсті. Грузия, Армения, Абхазия, Ресей мен БАӘ келген көліктер ешқандай жерде тіркелмейді, құқықбұзушылық жасаса табылмайды. Тіпті өзіміздің Атырауда неше шетелдік көлік бары белгісіз. Енді шетелдік көліктерді рәсімдеу жеңілдейді.
Ілияс Қонысбай,
Атырау қалалық мәслихатының депутаты
Коллаж: Дәурен МҰХАМБЕТАЛИЕВ