ЖОЛ БОЙЫНДА ЖҮГЕНСІЗДІК КӨП НЕГЕ?

Бейсенбі күні облыстық әкімдікте Мемлекет басшысының тапсырмасына орай жол қозғалысының қауіпсіздігіне арналған жиын өтті. Облыс әкімінің орынбасары Тимуржан Шәкімов төрағалық еткен отырысқа мәселеге қатысты салалық күш-құрылымдардың басшылары қатынасты.

АПАТҚА ҰШЫРАҒАН АВТОБУСТАР

ajoldddЖол бойындағы апаттың көбеюі – қоғамды алаңдатқан проблема. Облыстық ІІД әкімшілік полициясы басқарма бастығының орынбасары Мырзалы Өтеғалиев осыған орай мынадай мәліметтер келтіріп отыр: биылғы тоғыз айдағы жол-көлік оқиғаларының саны өткен жылмен салыстырғанда 42,2 пайызға өскен. Қаза тапқандардың, жараланғандардың да қатары көп. Өкініштісі, көлденең жағдайға жолаушы тасымалдаушы көліктер жиі ұшырауда. Осы жылдың өзінде автобустар 11 рет жол апатына кезіккен. Салдарынан, бір адам ажал құшып, 17-сі жарақат алды.
Бүгінде облыста 12 мекеме жолаушы тасымалымен айналысады. Олардың арасында «Еділ мен Жайық», «ЛаВаТранс», «АйсТрансХолдинг», «Данияр и К», тағы басқа серіктестіктер бар. Тұрақты маршруттың саны 76-ны құрайды. Соның 34-і қалаішілік екен. Техникалардың көбейгендігі, маршруттардың ұлғайғандығы жөн болар. Оның үстіне жолаушылар көліктің жайлы, жолдың жақын болуын қалайды. Алайда, халыққа осынау қызметті ұсынып отырған ЖШС-терінің бәрі тиісті талапқа жауап бере алмайтын көрінеді. Жолаушылардан сытырлатып ақша санап алуға құмар қожайындар автобустар жүргізушілерінің таңғы сапар алдында медициналық тексеруден өтуіне, көліктің техникалық жарамдылығына бас ауырта бермейтіндігі белгілі болып отыр. Анығында, кейбір мекемелерде жауапты шаруаны жүзеге асыратын мүмкіндік жоқ.
– Соңғы мерзімде жолаушылар көліктерінің қатысуымен тіркелген жол-көлік оқиғалары автомобиль көлігіндегі жол қауіпсіздігінің негізгі талаптарының орындалмайтынын көрсетеді. Алынған шараларға қарамастан Атырау қаласындағы, елді мекендер арасындағы, сондай-ақ, республикалық, мемлекетаралық маңызды маршруттардағы жолаушылар тасымалы автотасымалдаушылар, бақылаушы және қадағалаушы органдар тарапынан жіті назар аударуды қажет етеді, – дейді басқарма бастығының орынбасары.

ЖАРАМСЫЗ ТЕХНИКА ЖОЛДА ЖҮР

Ақшаның соңына түскендер еліміздің жолаушы тасымалына қатысты қабылданған заң, қалыптасқан қағидаларын белден басатын әдет шығарған. Жол қозғалысына жауапты органның өкілі Астрахан – Атырау, Атырау – Бейнеу бағыттарында рулі оң жақта орналасқан, Қырғыз Республикасында тіркелген автокөліктердің заңсыз жүргенін айтады. Бұл – шектен шыққандық болса да, оларды тәртіпке салатын заңдылық жоқ көрінеді. М.Өтеғалиевтың айтуынша, «ҚР «Автомобиль көлігі туралы» заңның тиісті баптарымен рулі оң жақта орналасқан көліктердің адам тасымалдауына тыйым салынған. Әйткенмен, ҚР ӘҚБтК-нің баптарында және ҚР Жол қозғалысы ережелерінде осы құқық бұзушылықтар көрсетілмегендіктен, әкімшілік шара алудың мүмкіндігі болмауда.
Жолаушы тасымалымен айналысатын кейбір кәсіпорын, мекемелердің басшылары, тиісті мамандары өз міндетіне салдыр-салақ қарайтындығы өмірдің шындығына айналып отыр. Адамның өміріне соншалық жеңіл қарайтын олар техникалық байқаудан өтпеген, яғни жарамсыз көліктердің жолға шығуына көз жұма қарауда. Мысалы, биылғы жылдың 9 қыркүйегінде жол сақшылары Мақат ауданында «ОблтрансГаз» КМК-ге қарасты (мемлекеттік реттік белгісі Е 583 ВU УАЗ – 390995) шағын автобусты тоқтатады. Байқаса, көлік техникалық байқаудан өтпеген болып шықты. Сондықтан, мекеменің инженер-техникалық қызметкеріне шара алудан өзге амал қалмапты. Қыркүйек айының тек санаулы күндерінде өткен «Автобус» алдын алу шарасы осындай біраз олқылықты анықтаған. Нәтижесінде, өз міндетін ұмытқан 4 маманмен қатар, 48 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

КӨЛІК РУЛІНДЕ –
КЕЛІМСЕК

Ең сорақысы, бірі келіп, бірі кетіп жатқан келімсектердің қолына қоғамымыздағы жауапты жұмысты тапсырып қойғанымыз болып отыр.
– Осы жылдың 12 қыркүйегінде қаланың Баймұқанов көшесі бойында №51 маршруттағы Газель (мемлекеттік реттік белгісі 540 ВВА 06) шағын автобусы тоқтатылған болатын. Тексерген кезде көлікті Өзбекстан Республикасының азаматы Қожаниязов Мұрат Арелбайұлының жүргізіп жүргені анықталды. Аталған адамның мемлекетіміздің аумағында қызметтің осы түрімен айналысуға құқығы жоқ болатын. Сол себепті, жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылып, қамауға алынды. Жалпы, «Автобус» жедел-алдын алу шарасын жүргізу барысында көші-қон саласы бойынша Өзбекстан Республикасының тоғыз азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға айыппұл салу немесе қамауға алу түрінде шаралар алынып отыр, – деді әкімшілік полицияның басқарма бастығының орынбасары.
Автобус жүргізушілерінің жол ережесін сақтай бермейтіндігі ұзақты күн айтар хикая. Күнделікті өмірде дәу техниканы тізгіндегендердің бірімен-бірі жарысып, ақша үшін жолаушы өмірін қатерге тігіп жүргенін жиі көреміз. Жол қозғалысының қауіпсіздігіне жауаптылар «бұған қатысты нақты деректер бар» деп отыр. Яғни, биылғы жылдың тоғыз айында автобус жүргізушілері 396 рет жол қозғалысы ережесінің бұзылуына себепкер болған. Нәтижесінде, 25 «шөпір» көлік жүргізу құқығынан айырылып, 3-уі әкімшілік қамауға алынған. Мәселен, жол полицейлері биылғы жылдың 1 қыркүйегінде Атырау – Еркінқала трассасы бойынан Газ 322131 маркалы автокөлікті (мемлекеттік белгісі kz 584 aua /06) тоқтатады. Жүргізушісі Еркін Қанатов деген екен. Ол бұған дейін көлік құралын жүргізу құқығынан айырылған адам бола тұрса да, техниканың құлағын қайтара ұстапты. Онымен қоймай, алкогольді ішімдік ішкен, жүргізуші куәлігі жоқ. Сондықтан, Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысымен Е.Қанатов тиісті заңдылықтар бойынша кінәлі деп танылып, әкімшілік жауаптылыққа тартылды, 10 тәулік мерзімге қамауға алынды.

ЗАҢСЫЗ ТАКСИГЕ
ТЫЙЫМ БОЛА МА?

Елбасының жуырдағы Үкімет отырысындағы сынынан соң жергілікті әкімдікте бірнеше жиын өтті. Жол қозғалысына арналған басқосудың бәрінде Атырау мен Астраханның аралығындағы негізгі желі әңгіме болды. Айтқандайын, осынау трасса бүгінде қияметтің қыл көпіріне айналып тұр. Биылғы жылдың тоғыз айында 21 жол-көлік оқиғасы тіркелген. 13 адам қаза тапты, 47-і жарақат алды. Сұмдықтың себебін зерделегенде соның 70 пайызы таксистердің кінәсінен болғандығы анықталуда.
Кешегі жиында заңсыз жолаушы тасымалдайтын жеңіл көліктер турасында көп айтылды. Өйткені, олардың бассыздығы шектен шықты, салдарынан айдың-күннің аманында адамдарымыздан айырылудамыз. Бұл басқосуда берекесіздіктен арылу мақсатында түрлі-түрлі ұсыныстар айтылды, пікірлер ортаға салынды, сөз қағыстырулар да болмай қалған жоқ. Әсіресе, көліктік бақылау инспекциясының бастығы Самат Ғилымовтың айтқандары орынды көрінді. Ол таксишілердің заңға немқұрайлы қарайтын көзқарасы, жолаушының өміріне қауіп төндіретін әрекеттері хақында нақты мысалдар келтіріп сөйледі. Оның айтуынша, бізде 9 ресми таксопарк бар. Жеке көлігімен адам тасымалдайтындардың саны 150-дің үстінде. Мұның бәрі ресми дерек. Ресми емесі – қазір ерінбегеннің бәрі таксиші. «Олардың қатары 3 мыңнан асып жығылады» деді С.Ғилымов.
Бүгінгі ахуалдың асқынғаны соншалық, проблемаға кімнің жауапты екендігін біліп болмайсыз. Жол сақшылары да, көліктік бақылау инспекциясы да, салық комитетіндегілер де біріне-бірі қарап, уақыт өткізіп отырғанын байқадық. Өйткені, олардың ынтымақтасқан тірлігі жоқ. Бірлескен рейдтер де тұрақты ұйымдастырылмайды екен. Облыс әкімінің орынбасары Тимуржан Шәкімов тез арада бұл мәселені ыждағаттауды тиісті орындарға тапсырды.
Жиында қалалық ТКШ-нің (тұрғын үй, коммуналдық-шаруашылық) энергетика және байланыс, көлік бөлімінің бастығы Қуаныш Ибрагимов облыс орталығында такси тұрақтары жасақталып жатқандығына тоқталды. Сонымен қатар, ол аудандарға қатынайтын жолаушы тасымалдаушы көліктердің барлығын «Дина» базарының аумағынан шығаруды ұсынды. «Сонда қаладағы көлік кептелісі де азаяр еді» деді бөлім басшысы.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз