ЖОБАЛАР ЖОЛДА ҚАЛМАЙДЫ

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Мәжіліс депутаты Айгүл Соловьева ел назарын аударған ерекше пікірлер айтты. Әңгіме Елбасының жуырдағы Үкіметтің кеңейтілген отырысындағы өткір сындарына қатысты өрбіді.

Халық қалаулысын мемлекеттік бағдарлама бойынша қолға алынған тұрғын үй құрылысының қарқыны қанағаттандырмайды екен. Айтуынша, Үкімет осы бағытта ахуал жақсарды деп сендіргенімен, жағдай түбегейлі жақсара қойған жоқ.
– ҚР Өңірлік даму министрлігі бізге екі мәрте келіп, жағдай оңтайландырылып, жақсарғандығы жөнінде баяндады. Дегенмен де, қазіргі кезде өзіміздің сайлаушылармен кездесу кезінде осы бағыттағы сынның арта түскенін көріп отырмыз, – деді депутат.
А.Соловьеваның пікірінше, халық қалаулыларына халықтан хат-хабар көп түседі. Олардың денінде қолжетімді баспана құрылысы бойынша мемлекеттік бағдарламаның жұмыс істемей отырғандығы баяндалады. Өз пікірін жалтақтамай, ашық айта білетін депутат «тым жақсы бастама, ауқымды жобалар аяқсыз қалмаса екен» деген ойын тұжырымдады.
Депутаттың сөзіне қарағанда, ел Үкіметі Президенттің «Қазақстан-2050» стратегиясы мен «Нұр Отан» партиясының доктринасында атап өткен бағыт-бағдарының аясында жұмысын жандандыруы тиіс. «Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін қабылданған шараларда белсенді іс-қимыл байқалмады және Үкімет тарапынан анық жауаптарды естіген жоқпыз» деді А.Соловьева.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатының кезекті қонағы «қазақстандықтар үшін барлық мәлімет ашық болуы керек» деген пікірін де айтты.
– Бірінші кезекке сыбайлас жемқорлық пен ашықтық мәселелері шығады, себебі азаматтарға мәліметтерді жеткізу, оларды хабардар ету – Үкімет тарапынан талап етілетін өте маңызды аспект. Біздің партияның доктринасы туралы кездейсоқ еске салған жоқпын, онда айтылғандай, мемлекет азаматтарға қызмет етуі тиіс, егер осы түйінді әрі қарай өрістетер болсақ, Үкіметтің үнемі ақпараттық кеңістікте болу және орын алып жатқан өзгертулер туралы азаматтарды толыққанды хабардар етіп отыру керектігі түсінікті. Өңірлік даму министрлігі ондай тетік жоқ десе, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі бұл мақсатқа 18 млрд. бөлінгенін айтады, яғни, қайшылықтар бар екені түсінікті. Сондықтан да, бұл аспект дәл осы тұрғыдан қаралуы, мәліметтер ашық, транспарентті болуы тиіс, – деді депутат.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз