ЖАҢА ЖОБАЛАР – ЕЛ ИГІЛІГІНЕ

Саясат

alogo1223333334

Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің төрағалығымен өткен селекторлық жиын барысында осы жұмыстардың қазіргі жай-күйі мен кездескен проблемаларды уақтылы шешу жайы қаралып, кеңінен талқыланды. Өз кезегінде аймақ басшысы өзге өңірлермен салыстырғанда, облыс көлемінде іске қосылғалы отырған жобалардың әлі де болса саны аз екендігін атап өтті.

Осы жылдың тамыз айында іске қосылады деп жоспарланған жобалардың бірі – «Caspian Royal Fish» ЖШС-нің бекіре-тауар фермасы. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығы Лариса Жұмағалиеваның сөзіне сай, қазіргі таңда зауыттың құрылыс жұмыстары толықтай аяқталған. Су жеткізу жүйесі мен балық өсіру тоғандары, айдынға шығару каналдары да дайын. Қажетті қондырғылар өткен айдың соңында бастап әкелінген, таяу күндері оларды іске қосатын голландиялық мамандар келеді деп күтілуде. Сөз алған серіктестік өкілі де жобаға бөлінген қаржының 35 пайызы игерілгендігін айта келе, «жұмыс барысында кездескен кедергілер бар ма?» деген облыс басшысының сауалына орай, зауытқа дейінгі тас жол құрылысының кешеуілдеп жатқанын жеткізді. Бұл ретте түсінік беріп өткен қала әкімі Серік Айдарбеков жоба иелерінің бұрыннан қолданыста бар жолдың қашықтығын алға тартып, жаңа жол құрылысын жүргізу қажеттігін айтып отырғандығын баяндады. Бұл мәселені нақты шешуді тапсырған аймақ басшысы жобаның өңір үшін аса маңызды екендігін де айтып өтті. 

Модульді үй құрылысы фабрикасын салу жобасын ұсынған «Alan building systems» ЖШС-нің атқарған жұмыстарынан хабардар болып, өндіріс орнының құрылысы қарқын алғандығымен танысқан Бақтықожа Салахатдинұлы «Дайын өнімдерді тарату, сату аймағы бекітілген бе? Бұл бағытта белгілі бір меморандум не келісім-шарттар жасалды ма? Ең алдымен осындай маңызды сұрақтарды талдап алған жөн. Жоба жүріп жатыр, ал оның өнімін кімге, қалай ұсынамыз? Осыны нақты шешуіміз қажет. Себебі Елбасының өзі нақты тапсырма беріп отыр. Іске асырылған жоба ел игілігіне жарауы тиіс. Егер кейін пайдаланылмай қалатын вахталық елдімекендер салу сынды жоспарларыңыз болса, айта кетейін, біз қолдау білдірмейміз» деді. Үй құрылысы фабрикасы толық қосылған кезде 300 модуль өндіруге қуатты. Былтыр басталған жобаның іске асу мерзімі осы жылдың шілде айы деп күтілуде. 

«ЦВС Ескене» ЖШС ұсынған вагон қызметі орталығы осы жылдың аяғына дейін іске қосылмақшы. Құрылыс жұмыстарына 20 адам тартылса, орталық іске қосылғанда 569 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Вагондарға ағымдағы жөндеу және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге қабілетті орталықтың құны 10314 миллион теңгеге бағаланып отыр. Серіктестік өкілінен білгеніміздей, сәуір айынан бастап, қажетті құрал-жабдықтар Польша, Ресей және Украинадан тасымалданады. Жоба басшылары орталықты желтоқсан айында іске қосуды жоспарлағанымен, қыркүйекте де пайдалана бастауға болады деген болжам жасауда. Бұл жерде де облыс басшысы ұсынылатын қызмет түрін пайдаланатындармен алдын-ала нақты келісім жасалуы тиістігін баса айтты. Серіктестік өкілі де келер жылдан бастап орталық қызметін пайдаланатын мекемелермен жасақталған меморандум бар екендігін жеткізді. 

Жылына 12 мың тонна қуаттылығы бар «Атырау Нефте Маш» ЖШС-нің ірі және аса ауыр салмақтағы құрылғыларды құрастыру жөніндегі өндіріс жобасының құны 2500 миллион теңге деп бағалануда. Болашақ кеңейту жұмыстары аясында «ТШО» сынды кәсіпорынмен келіссөздер жүргізіліп жатқандығын айтып өткен жоба жетекшісі барлық іс-шаралар жоспарға сай жүргізіліп отыр деді. 

Өз кезегінде аймақ басшысы Бақтықожа Салахатдинұлы: «аталған жобалардың қай-қайсысымен болмасын келісімге келіп, меморандумға қол қойып отырған кәсіпорындар, мекемелермен таяу уақытта бірлескен жиын өткізіп, барлық туындаған сұрақтарды нақты талдауымыз қажет» деді.

Осы жылы жүзеге асады деп күтілген жобалардың тағы бірі – «Батыс Альянс Строй» серіктестігінің тұрғын үй құрылысы бұйымдары зауытының жобасы. Тамыз айында іске қосылуы қажет зауыт тұрғын үй құрылысына қажетті темірбетонды өнімдер және қуыс жабынды плиталарды дайындайды. Қазір инвестицияның 62 пайызы игеріліп, арнайы зертхана да ашылған. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығы Лариса Жұмағалиева берген мәліметке сай, жергілікті әкімдік пен аталмыш серіктестік арасында келісілген меморандум шарттары бойынша аталған жоба өнімі «Қолжетімді баспана» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынатын коммуналды пәтерлер құрылысында пайдаланылады. Аталмыш мәселеге орай барлық сұрақтар талқыланып болған сәтте аймақ басшысы «бұл жобаның жалпы қуаты қаншалықты және оның өнімінің неше пайызын біз пайдаланамыз? Осы сұрақтарға нақты жауаптар ұсыныңыздар» деп тапсырма жүктеді. 

Сонымен қатар, кеңес барысында 2015-2016 жылдарға арналған жобалардың жайы да сөз болды. Келесі жылдың қыркүйегінде қосылады деп күтілген жобаның бірі – Атырау мұнай өңдеу зауытын модернизациялау және жаңғырту. Бұл бағыттағы қолға алынған іс-шаралар мен атқарылған жұмыспен танысқан аймақ басшысы осы орайда экология тақырыбына қатысты мәселенің де туындайтынын жеткізді. «Қазіргі таңда біз қоршаған ортаны ластап отырғандармен күрес жүргізіп, соттасуға дейін барып отырмыз. Ауаны ластағандарға айыппұл төлетіп, тиісті шешім де шығарудамыз. Сондықтан, қазір бұл мәселе өткір тұр. Сол секілді зауытқа жақын аумақтан төрт тұрғын үйді көшіру мәселесі бар. Бұл да бір күнде шешілетін іс емес. Осы сұрақтардың барлығы да нақты шешімін таппаса, мемлекеттік акт бекітілмейді» деді облыс әкімі. 

Аймақ басшысы «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc» серіктестігінің газохимиялық кешен құрылысына қатысты жобасын да сынға алды. Бұл бастаманың бірнеше жылдар бойы талқыланып келе жатқанымен, әлі де жұмысының бастау алмағандығын атап өтті. Өз кезегінде серіктестік өкілі жалпы жұмыстың қиындығын алға тартып, қаржы мәселесінің де толыққанды         шешілмей келе  жатқандығына тоқталды. Бақтықожа Салахатдинұлы аталған жоба аясындағы мәселелерді нақты қарастыруды облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаевқа         тапсырды. 

Индустрияландыру картасы аясында министрлікке жолданған жобалар жайын талқылау барысында да облыс әкімі әр жобаға жеке тоқталып, кездескен кедергілер, оларды шешу жолдары жөнінде тиісті құрылымдарға міндеттемелер жүктеді. 

Еліміз басым бағыт беріп отырған индустрияландыру картасының маңыздылығын арттыру аясында қолға алынғалы отырған жобалардың да экономиканы әртараптандыруға қосар үлесі зор. Мәселен осы орайда министрлік құзырына арнайы жолданған жобалардың қатарында «Мекен» шаруа қожалығының туризм және демалыс кешені, «Сағат Энерджи» серіктестігінің электр қуатын өндіру, «Атырау Сауда» серіктестігінің құс фабрикасын кеңейту, «КазХимПроект» серіктестігінің пропилен негізінде синтетикалық өнімдерді дайындау, «Бірінші Мамыр» серіктестігінің сүт фермасын кеңейту, биогумус өндіру, гидропоник жүйесі арқылы мал азығын дайындау жобасы, «Алмалы құс» серіктестігінің құс фермасын салу, Индер аудандық «Алға» мал өсіру кешенінің шұбат, қымыз өндіру, сүт-ет өнімдері үшін мал басын көбейту жобалары бар.

Селекторлық кеңес барысында индустрияландыру картасына енуі мүмкін, өңір үшін қажетті, әр түрлі бағыттарды қамтыған тағы да бірнеше жобалар талқыланды.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов: «Елбасының өзі «жұмыс жасаймын деген адамға барлық мүмкіндікті беру керек» деп тапсырма беріп отыр. Біз де өз кезегімізде кез-келген жобаны талдауға, қолдауға әзірміз. Алайда, бүгінгі жиында талданған жобалардың барлығына қатысты ең негізгі сұрақ – өндірілген өнім не көрсетілетін қызметті кім тұтынады? Жобаны бастамас бұрын, осы сұрақты жан-жақты талдап алған жөн» дей келіп, жиынға қатынасқан барлық жоба жетекшілерімен бірлесе жұмыс жасауға қашан да дайын екендігін жеткізіп, нақты тапсырмалар жүктеді. 

Гүлжан ӘМІРОВА.

Суреттерді түсірген Ә.Әбілғазиев.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған