ҚЫЛМЫСТЫҢ ҮЛКЕН-КІШІСІ ЖОҚ сондықтан, оның алдын алған абзал

Саясат

 

Бейнебақылау

түнде  «көрмейді»

Онда алдымен көшелерде, өзге де қоғамдық орындарда бейнебақылау камералары жүйесін кеңейту бағытында жедел басқару орталықтарын техникалық тұрғыдан одан әрі дамыту және жетілдіру жайы қаралды. Бұл жөнінде облыстық ішкі істер департаменті техникалық қызмет басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Даниил Макатуханың хабарламасы тыңдалды.

Бүгінгі таңда облыс орталығы Атырау қаласында 266 сыртқы бейнебақылау камерасы (оның 146-сы жылжымалы, 120-сы тұрақты) қондырылып, іске қосылған. Соның ішінде 53-і «Қауіпсіз алаң» ал 213-і «Қауіпсіз қала» бағдарламасы бойынша орнатылған. Қазіргі кезде бұл қондырғылар интеллектуалды бейнебақылау жүйесімен жұмыс жасауда. Бұдан басқа, 500 бейнебақылау камерасының жобалық-сметалық құжаттары жасақталынып, мұнда талшықты-оптикалық инфрақұрылымдық байланыс жүйесін қолдану көзделген.

Жоғарыда аталған «Қауіпсіз қала» бағдарламасының екінші кезеңінде белгіленген жұмыстарды жүзеге асыруға 413 млн.теңге қаржы бөлініп, оған 191 бейнебақылау камерасы сатып алынған. Алайда, «Қазақтелеком» мекемесінің есепшотына сол бөлінген қаражаттың уақытында аударылмауы себепті бейнебақылау камераларына жалғанатын оптикалық кабельдерді жүргізу жұмыстарында қиындықтар туындап отыр. Сол сияқты, үшінші кезеңге де 340 млн.теңге көлемінде қаржы қарастырылып, 141 қондырғыны жайғастыру жоспарланған. Бұған қосымша «Теңізшевройл» ЖШС-нің демеушілік көмегімен 15 камера сатып алынып, оларды белгіленген орнына қондыру қолға алыныпты.

 Бірақ, хабарламашы күндіз болмаса, түнгі мезгілде қазіргі бейнебақылау камераларының аумақты қадағалап, бақылауда ұстауға жарамсыздығын да жасырмады.

Насихат

 нәтижесімен  құнды

Комиссияның талқылауына шығарылған екінші мәселе –ұлтаралық және конфессияаралық негізде орын алатын қақтығыс жағдайларына жол бермеу мақсатында жоспарланып, жүзеге асырылатын жұмыстардың тиімділігі, осы тұрғыда туындаған мәселелерді зерттеп, зерделеу және құқықтық түсіндіру жұмыстарының нәтижелілігі жөнінде Индер ауданы әкімінің орынбасары Әлифолла Балахметов баяндады.

Бірақ, хабарламашының комиссия мүшелерінің «Ауданда бүгінгі таңда діни теріс ағымға кіретін салафийлік бағытты ұстанған немесе соның ықпалында жүрген 150-дей адамның есепке алынып отырғандығын немен түсіндіресіз, осыған байланысты қандай нақты шараларды қолға алдыңыздар?» деген мазмұндағы  сауалға жауап беруге келгенде біраз тосылып қалғандығы рас.

Орны  жоқ  уәкілде

оңды  жұмыс 

бола  ма?

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, қазірде облыста тұратын халықтың саны 555 мың 515 адамға жеткен. Облыс аумағы 170 әкімшілік учаскеге бөлініп, оларға 179  инспектор бекітілген. Жыл басынан бері өткізілген есеп беру-кездесу жиындарының қорытындысында тұрғындардан олардың атына  ұзын саны бір мыңға тарта ұсыныс-пікір, ескерту түскен.  Жүздің үстінде өтініш қаралып, тиісінше жауап беріліп, қажеттілігіне қарай құзырлы құрылымдарға жолданған.

Әйтсе де, учаскелік полицейлердің қызметін жетілдіріп, деңгейін көтеруге мұның өзі де жеткіліксіз екендігі де ашық айтылды. Аудандарды былай қойғанда, Атырау қаласын толықтай қамтуға қазіргі бар инспекторлардың қатары аздық етуде. Біріншіден, олардың санын көбейту керек. Екіншіден, жұмыс жасап жүргендерінің де бәрінің бірдей қызметтік кеңселері, көліктері жоқ. Барының өзі де сол жергілікті жердегі әкімшілік ғимаратының немесе мекеме үйінің ішінен берілген. Кіріп-шығатын есігі, кабинеті бөлек, орны дербес, оның үстіне байланыс телефоны қол астында болмағандықтан (әсіресе, селолық округтерде), қылмысқа қатысты немесе күдікті, не болмаса құқық бұзушымен жұмыс жүргізуге кедергі келтіретіндігі шындық.

Үптеп  кету 

үдеп  тұр

Күнделікті тіркеліп отыратын қылмыстардың арасында бөтеннің мүлкін қолды қылу, иесіз тұрған саяжайлық учаскелер мен жеке тұрғын үй құрылысы нысандарындағы, гараж, басқа жерлердегі заттарды тонау, жеке қожалық малдарына «жиендік жасау», қалтадағы ұялы телефондарды қағып, өзге де тұрмыста қолданылатын бұйымдарды үптеп кету тәрізді фактілердің азаюдың орнына көбейіп, жұртшылықты алаңдатып отырғандығына назар аударылды. Соның салдарынан ашылу көрсеткішінің сәл де болса жақсарғандығына қарамастан тіркелген қылмыстың саны төмендемей, керісінше өсіп кеткен. Мысалы, биылғы сегіз айда бір ғана бөтеннің мүлкіне қол сұғу қылмысы бойынша 2961 дерек есепке алынса, былтырғы жылдың сәйкесті кезеңіндегіден 61 бірлікке немесе 27,1 пайызға өскен. Қылмыстардың ашылуы жөніндегі көрсеткіштердің арасындағы айырмашылық та екі пайызға жуықтаған.

Айта кету керек, көптеген нысандарда дабыл қаққыш қондырғылары, көпқабатты үйлердің кірмедәліз есіктеріне домофондар орнатылған. Дегенмен, бұны жеткілікті деп айту қисынсыз. Ұрлық, басқа да қылмыстарды болдырмау үшін атқарылуға тиісті шаруа шаш-етектен.

Комиссия отырысында автокөліктер мен өзге транспорт құралдарының қозғалысы кезінде ауаға шығарылатын зиянды қалдықтардың мөлшерін азайту, шамадан тыс таралуына тыйым салу, тосқауыл қою төңірегінде де әңгіме өрбітілді. Қаралған барлық мәселелер бойынша шешім алынып, тиісті құрылымдардың басшыларына, қала мен аудан әкімдеріне тапсырмалар беріліп, міндеттер жүктелді.

Дәулетқали АРУЕВ.

Суреттерді түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ. 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған