АЗЫҚ-ТҮЛІККЕ – ҚОЛЖЕТІМДІ БАҒА

Саясат

alogo1223333334Елімізде азық-түліктің бағасын қымбаттатпау мақсатында алынып жатқан шара аз емес. Соған қарамастан, кейбір өңірлерде жекелеген өнімдердің бәсі шарықтап тұр. Мәселен, Павлодар облысында жұмыртқаның құны (он данасы) 250 теңгеге жеткен. Бағаның аяқ астынан осылайша көтеріліп кетуін жергілікті басшылар әрқалай түсіндіреді. Айтуларынша, соңғы кездері құстың азығын алу қиындаған, ол өз кезегінде осындай жағдайға жеткізіп отыр.
Жалпы, аталған аумақта Ресейдің Омбы облысының өнімі көбірек екен. Павлодарда, дегенмен, «Шарбақты құс» деп аталатын құс фабрикасы бар. Оның өнімі жергілікті нарықтың 40 пайызын қамтиды. Соған қарамастан алаңдатарлық ахуал қалыптасқан. Мұның себебі неде? Үкімет басшысы бұл – делдалдардың ісі екендігіне отырғандардың назарын аударды. «Фабрика өз өнімінің бәсін көтереді. Мұны ортадағы делдалдар іліп әкетіп, жұмыртқаның бағасын жұртшылыққа бірнеше мәрте жоғарылатып ұсынады. Бұған біз неге бейжай қарап отыруға тиіспіз? Неліктен жолай қыруар ақша табатын делдалдарға қарсы шара алынбайды?» деген Премьер-министр Серік Ахметов қажет болса заңдылықты өзгертіп, оны қатайту қажеттігін тиісті орындарға тапсырды.
Үкіметтегі мәжіліс кезінде мынадай мысал айтылды: Украинаның астанасы Киевте азық-түлік бағасын түсіру бағытында шұғыл шаралар алыныпты. Арнайы көтерме базар бой көтерген. Нәтижесінде, халық тұтынатын өнімнің бәсі 27 пайызға төмендеген көрінеді. Үкімет басшысы осы тәжірибені бізде енгізу мүмкіндіктерін қарауды ұсынды.
Астанадағы алқалы жиында министрлермен қатар, облыс әкімдерінің біразы Үкімет басшысының өткір сынына ұшырады. Өйткені, жергілікті жерлерде баға саясатымен ешкім жөндеп айналыспайтын болып шықты. Жекелеген тағам түрлерінің бағасы шарықтаған аймақтардың қатарында Атыраудың аты аталған жоқ. Соған қарамастан, үкіметтік отырыстан соң облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов бұл түйінді тұсқа ерекше назар аударуды тиісті басшыларға тапсырды. Сауда орындарына арнайы бас сұғып, қазіргі ахуалға көз жеткізетіндігін баяндады.
Аймақ басшысының аузынан естіген тағы бір жаңалық, бүгінде Атыраудан құс фабрикасын салу мақсатында жергілікті кәсіпкермен келіссөз жүруде. Ол жүзеге асса, мұнайлы аймақ сырттан жұмыртқа тасымалдауды доғарады. Соған дайындық ретінде облыс әкімі өзінің бірінші орынбасары Ғ.Дүйсембаевқа құстың жемін, анығында тарыны қай жерде, қанша көлемде егу қажеттігін саралауды тапсырды.

Азамат БАЗАРБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған