«АСТАНА–ЩУЧЬЕ» ТАСЖОЛЫНДА ҚАЗА ТАПҚАНДАР САНЫ 22 ЕСЕ АЗАЙҒАН

Бұл жөнiнде ҚР Орталық коммуникациялар қызметiнде өткен брифингте ҚР Көлiк және коммуникация вице-министрi Мереке Пiшембаев мәлiмдедi.
«Көлiк және коммуникация министрлiгi республикадағы 23 500 жолға қадағалау жүргiзiп, жауап беремiз. Жолдардың қауiпсiз деңгейiн арттыру бағытында мына шаралар қабылдануда: бiрiншiден, қозғалыс қарқыны жоғары жолдарды, техникалық бiрiншi деңгейдегi жолдарды төрт жолақты және қарама-қарсы бағыттағы жолақтары бар жолдарға ауыстыру. Бұл жүргiзушiлердiң басып озу кезiнде қарсы бағыттағы жол бетiне шығып кетуiн шектейдi», - деп атап өтті Мереке Пiшембаев. Атап өту керек, күні кеше Мемлекет басшысы Ақордада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысы кезінде жол қауіпсіздігі мен Қазақстан жолдарының сапасына қатысты сын айтып, сала бойынша жұмыс күшейсін деп тапсырма берген болатын. Бүгін сала басшылары, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жұмысымызды жүйелі жалғастыратын боламыз деп мәлім етті. Вице-министр Мереке Пішембаев мәлім еткендей: «Осындай талапта салынған автобандардың бiрi – «Астана-Щучье» тасжолы. Нәтижесiнде, жол-көлiк оқиғалары 3 есе, ал қаза тапқандар саны 22 есе азайған. 2020 жылға дейiн осындай бiрiншi техникалық категорияға сай жолдарды 4 мың шақырымға жеткiзудi көздеп отырмыз», - деді ол.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз