АГРОКЕШЕНДІ ДАМЫТУ – МАҢЫЗДЫ МІНДЕТ

ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметовтің төрағалығымен өткен селекторлық жиын барысында 2013-2020 жылдарға арналған «Агробизнес-2020» агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі бағдарламаның негізгі мақсат-міндеттері мен жалпы механизмі туралы кеңінен әңгіме болды. Онлайн режимінде өткен жиынға облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қатынасты.

Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков атап өткендей, агроөнеркәсіп кешені (АӨК) нысандарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жағдай туғызуға бағытталған жаңа бағдарлама Кедендік Одақ аясындағы және БСҰ-ға өту қарсаңындағы бәсекелестік кезінде отандық өндірушілерді қажетті мемлекеттік қолдаумен қамтамасыз етеді.
Бағдарлама мақсаттарына қол жеткізу үшін жұмыстар негізгі төрт бағыт бойынша атқарылады: қаржылық сауықтыру; АӨК нысандары үшін тауарлар мен қызметке қолжетімділікті арттыру; АӨК нысандарын қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйелерін дамыту; АӨК-ны мемлекеттік реттеу жүйесін арттыру. А.Мамытбековтің сөзіне сай, қаржылық сауықтыру АӨК нысандарын мемлекеттік қолдаудың жаңа бағыты болмақ. Ол қайта құрылымдау, қайта қаржыландыру, несиелер мен жобаларды қаржыландыру, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің бұрыннан бар қарыздарын өтеуі үшін қаржыландыру арқылы жүзеге асырылады.
Бағдарламаларды субсидиялаудың қолданылып жүрген тетіктерімен бірге, инвестициялық субсидиялар, қаржылық институттар алдында АӨК нысандарының қарыздарын кепілдендіру және сақтандыру қызметтерін субсидиялау және тағы басқалар сияқты жаңа тәсілдер қарастырылған.
Басқосу барысында сөз алған сала мамандары, жеке шаруашылық иелері, жергілікті атқарушы биліктің өкілдері де «Агробизнес-2020» бағдарламасына қатысты ой-пікірлерін білдірді. Өз кезегінде Үкімет басшысы «Бүгінгі жиын барысында айтылған ұсыныс-тілектердің ешқайсысы да аяқасты қалмайды, қаперге алынып, жаңа бағдарламаны жетілдіруші факторлар ретінде қарастырылатын болады» деп атап өтті.
Жиын соңында аймақ басшысы аталмыш тақырып төңірегіндегі бірнеше маңызды сұрақтарды талдап, сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Биылғы жылдан бастап қолға алынған тың бастаманың бірі – ешкі өсіруді өрістету. Осы ретте Бақтықожа Салахатдинұлы бұл бағыттағы жұмыстардың атқарылуы жайында бірнеше сұрақтар қойып, жалпы ахуалмен танысты. Сол секілді аудандардың мал қыстатуға дайындығының жайын тексеріп, шабылған шөптерді уақтылы қыстаққа жеткізіп, мал азығын дайындауда орынсыз шығындарға жол бермеуді міндеттеді.
Аймақ басшысы «облыс көлемінде күнбағыс өсіру мәселесін қолға алсақ қалай болады» деген бастама көтерді. «Егер тұқымды шет елден әкеліп ексек, одан май алуға болады, ал, жымықты малға берсек, қысқы мал азығы да болады емес пе? Тек, ескеретін бір жайт, күнбағыс еккен жерге екі жылға дейін егін шықпайды. Сондықтан, оны бос жерге егіп қарау керек сияқты» деді.
Тұтастай облысты бақша өнімдерімен толықтай қамтамасыз етуге мүмкіндігіміздің мол екендігін атап өткен облыс әкімі картоп өсіруді де молайту керектігін қадап айтты.

Гүлжан ӘМІРОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз