… Жігіттер бар марқасқа!

eangenngkngenkngknk СарапTime

ЖУЫРДА НҰРСАЯ ШАҒЫНАУДАНЫНДАҒЫ ҮЙЛЕРДІҢ БІРІНДЕ БОЛҒАН ӨРТ КӨПТІҢ ЕСІНДЕ. ЖАЛЫН ШАРПЫҒАН ТЕРЕЗЕНІҢ АРҒЫ ЖАҒЫНАН КӨМЕК КҮТІП, ШЫРЫЛДАҒАН ЖАСӨСПІРІМНІҢ БЕЙНЕТҮСІРІЛІМІ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕ ДЕ ЖҮРДІ. АЛ, СОЛ ТІЛСІЗ ЖАУДЫҢ ОРТАСЫНАН ТӨРТ БАЛАНЫ ДЕР КЕЗІНДЕ ҚАУІПСІЗ ЖЕРГЕ АЛЫП ШЫҚҚАН НҰРЖАН ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕМІЗ?

…Сол күні Нұржан Днишев емханадан келе жатып, Нұрсаядағы №63 үйдің терезесінен жалындаған отты көреді. Жүгіріп жетіп, алдымен, өз балаларын тауып алып, үйіне қайтарады. Еш ойланбастан жанып жатқан үйге кіріп, 3 қабатқа көтеріліп, сыртқа жүгіріп шығып бара жатқан адамдардан мән-жайды сұрайды. Тілсіз жаудың тырнағына ілінбес үшін жанталасқан тұрғындардан жауап алу да мүмкін емес еді. Тек біреуінің «4 қабатта бала бар» дегенін құлағы шалып қалады. Алайда, жалынның ыстығы мен қою түтін 3 қабаттан әрі қарай көтерілуге мүмкіндік бермейді. Кері далаға атып шығады.

– Сол күні жел де қатты болды. Төртінші қабаттың терезесін соғып, үлкендерден жәрдем күткен балақайдың жанайқайы сырттағы адамдардың жылаған даусынан да анық естілді. Мүмкін әкелік ішкі сезім болар, ештеңеге қарамай жүгіре жөнелдім. Аяғым өзіме бағынбай, төртінші қабаттағы пәтерден 10-11 жасар баланы тауып алдым. Оның кішкентай болса да, сабырлылығы мен тапқырлығына риза болдым. Қап-қара түтін арасында фонарик жағып, өзін тез табуыма көмектесті, – дейді ол.

Аман-есен анасына табыстап, сол жерге келген жедел жәрдем көлігіндегі дәрігерлерге баланы ИВЛ апаратына қосу қажеттігін, тұншығып қалғанын айтады. Жанындағы тағы бір әйелдің шырылдап, сол жерде тұрған он жігітті қағып өтіп, оттың ортасына асыққанын байқайды. «Үш балам бар, үш балам бар» дегенді қайталай берген анаға іштей «балаларыңызға көмектесемін» деп сөз береді де жерлесі, полиция капитаны Нұржан Хадимовты ертіп, от пен өрттің арасына кері кіріп кетеді.

– Бесінші қабатта Нұржан екеуміз бір-бірімізден адасып қалдық. Ойым бейкүнә үш сәбиде болды. Уақыт жоғалтуға болмайды. Пәтер есігін ашқанымда үйдің ішін көк түтін алып кеткен, ыстықтан жүру мүмкін емес еді. Шамамен 13- 14 жастағы қыз баланы көріп, өзге кімдер барын сұрадым. Ол түпкі бөлмеге жүгіре жөнелді. Артынан барғанымда тағы екі баланың отырғанын байқадым. 1,5 жастағы балақайдың аузын бүркеп, көтеріп, екі қыз баланы жетектеп алдым. «Қолымнан ұстап, жібермеңдер» дедім. Сол жерде Нұржан да кездесіп, балаларды бірге алып шықтық, – деген ол тәртіп сақшысы, жерлес інісі, қысылтаяң шақта именбей, оттың ортасында серіктесі бола білген Нұржан Хадимовтың батырлығына, ержүректілігіне риза болғанын айтады.

«Қалай кіріп-шыққанымды білмеймін, қалай тыныстағаным да есімде жоқ. Бар ойым балаларда болды» деген Нұржан жүйелі әрекет етеді. Мамандығы өрт сөндіруші не дәрігер емес. «Ақберен» мұнай апаттарын ауыздықтайтын кәсіпорында авариялық-құтқару қызметінде жұмыс жасайды. «Ұңғымалардан газ, су атқылаған кезде алдын алып, жолын кесеміз. Бірақ, мынадай жалынның ішіне алғашқы кіруім» дейді ол.

Осылайша, Нұржан Днишевтың қырағы әрекеті мен батырлығының арқасында төрт бірдей бала ажал аузынан аман қалып, екі отбасы балаларымен қайта қауышты. Тілсіз жаудан аман қалған балақайлардың ата-аналарының бүгінгі күннің батырына айтар алғысы шексіз.

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз