Жарнама
СарапTimeҚоғам

Жаңаталаптықтар неге наразы?

Ауыз су қысымы төмен

Жаз мезгілінде Жаңаталап ауылында күндізгі уақытта судың қысымы өте төмен, кейде тіпті жоқтың қасы. Сол себепті тұрғындар суды түнгі мезгілде жинауға мəжбүр. Ал, нөсер жауын немесе дауылды жел тұрса жарық «жалп» етіп сөніп қалады. Соңғы жағдай біздің округке ғана тəн емес, жалпы қалаға іргелес елді мекендерге де қатысты.

Аялдама бар, ал автобус қайда?

Жаңаталап ауылының негізгі көшелерінде бірнеше аялдама салынған. Бірақ ол аялдамаларға ешқашан автобустар тоқтаған емес. Олар ауыл ішіне кірмейді. Ал, Дамбы тас жолынан Жаңаталаптың орталық көшесіндегі ең соңғы үйге дейін 2 шақырым. Демек, бір шақырымға жуық қашықтықты тұрғындар, әсіресе қарттар мен балалар жаяу (кейде қол жүктерімен бірге) еңсеруге мәжбүр. Бұралқы иттер әр бұрыштан қауіп төндіргенде жаяу жүргіншілердің жаны қыл үстінде. Сондықтан орталыққа қатынайтын екі (№50, 57) маршруттың кемінде біреуін ауыл ішіне кіргізу жағын қарастыру өте өзекті мәселе болып тұр.

С о н ы м е н қ а т а р , Ж а ң а т а л а п ауылындағы басым көшелердің ұзындығы шамамен 600-700 метрге жақын. Ал, мұндай көлемдегі жолдарға жарықтандыру мəселесі ауадай қажет. Жаяу жүргіншілер қараңғы көшеде жалғыз жүруге қорқады, себебі де жоқ емес: автокөлік иелері жылдамдықты асырып, тиісті белгілерді ескере бермейді. Жауапсыз тұрғындар иттерді кейде бос жіберіп, олардың топтасып көбеюіне себепші. Осыған орай, кемінде бірнеше негізгі көшелерге бақылау камералары мен жасанды жол полицейлерін орнатуды сұраймыз.

Ауылға дәріхана керек

Бірнеше мыңдаған тұрғыны бар округте шағын болса да дәріхана жоқ. Ол үшін тұрғындар көрші Құрманғазы ауылына, орталыққа баруына тура келеді. Осыған орай, банктердің терминалдарын орнату, шаштараз, оқу орталықтары мен сұлулық салондарын ашу сияқты қызмет көрсететін кәсіп түрлері Жаңаталапта сұранысқа ие. Жоғарыда айтылған өтініштерімізді қорытсақ, бұл игіліктердің барлығына қарапайым тұрғындар зəру. Өйткені, адам капиталы – елдің ең басты құндылығы. Қалаға қарасты елді мекендердің тұрғындары ортақ игіліктерден шектелмеуі қажет. Айтылған ұсыныстар мен өтініштердің уақытылы орындалуын тұрғындар талап етеді. Хат авторы: Жаңаталап ауылының бір топ тұрғыны

Қолдан жасалған қоқыс полигоны

Округте тұрмыстық қалдықтарды төгетін бірнеше орын белгіленген. Десек те, олардың бәрі талапқа сай қоршалмаған. Осының нәтижесінде дауылды күндері қоқыстар жан-жаққа ұшып, қолдан қоқыс полигоны жасалып жатыр. Тұрғындар «Арнаулы автобаза» ЖШС-нен қоқыс төгуге арналған алаңдарды қоршауды сұраймыз. Бұл ірі қара мал, ит пен құстың қатты тұрмыстық қалдықтарды шашпауына септігін тигізер еді. Қаладан 15 шақырым қашықтықтағы Жаңаталап селосында 4G мобильді интернетінің пайдасын көру қиындық туғызып отыр. Интернет провайдер компаниялары ауылға ғаламтор желісін жүргізсе ауыл мен қаланың алшақтығы азаяр еді. Бұл өз кезегінде ұялы байланыстың сапасын арттырары сөзсіз. Əсіресе пандемия жағдайында онлайн білім алған балалар ғаламтордың сапасыздығынан зардап шекті.

Білім – жарқын болашақ кепілі

Құрметті редакция! Атырау ауылдық округіне қарасты Жаңаталап ауылында екі мыңнан астам адам тұрады. Жер учаскелерінің көптеп берілуіне байланысты, мұндағы халық саны өсіп келеді. Сәйкесінше, әрбір үйде балабақша мен мектепке баратын балалар саны жетерлік. Оқушылар Жамбыл атындағы орта мектепте үш ауысымда оқиды. Өйткені, білім ордасы балалар үшін өте тар әрі ескі. 2018 жылы құрылысы басталған Жаңаталап мектеп-интернаты ерекше балалар білім алатын нысан ретінде қарастырылған. Алайда, ауыл балалары көрші Жамбыл атындағы орта мектепке немесе округтен 15 шақырым қашықтағы Балықшы шағынауданындағы мектептер мен басқа да жалпы білім беретін оқу орындарына баруға тура келеді. Бұл əсіресе, көп балалы жəне əлеуметтік осал топтағы отбасылар үшін қолайсыз. Неге? Өйткені мектепке кешікпеу үшін ата-аналар жалдамалы көлік немесе такси көмегіне жүгінуге мəжбүр. Бұл мəселе əсіресе күн суытқанда өте қиын. Сондықтан, Жаңаталап тұрғындары ауылда салынып жатқан білім беру нысанының құрылысын жеделдетуді жəне ауыл балаларының игілігі үшін жалпы білім беретін орта мектеп ретінде пайдалануға берілуін сұраймыз. Балаларымыздың алаңсыз, қауіпсіз ойнап, демалуы үшін ойын алаңдары, футбол алаңдары өте қажет. Ойын алаңдарының жоқтығынан ересек балалар көрші ауылдарға қатынауға мəжбүр. Ал, кішкентай балалар қайда барады? Бала – болашағымыз десек, ең өзекті мəселеге назар аударылуы керек.

Пікірлерді жазып алған: Алмас ҚАБДОЛОВ

Бұл мәселелерге байланысты Атырау ауылдық округінің әкімі Нұрлан ХАЛМУРЗИН жауап берді:

– Атырау ауылдық округінде екі орта мектеп жұмыс істейді. Оның бірі Қызылбалық ауылындағы Фариза Оңғарсынова атындағы орта мектебі, бірі Жаңаталап ауылындағы Жамбыл орта мектебі. Шындығында, Жамбыл орта мектебі үш ауысымда оқымайды. Білім ошағы екі ауысымда оқиды. Орындар да жеткілікті.

Жаңадан салынып жатқан мектеп-интернаттың құрылысы қарқынды түрде жүріп жатыр. Құрылысқа жауапты мердігер – «Еврострой-А» құрылыс компаниясы. Тапсырыс беруші: облыстық құрылыс басқармасы. Басқарма мəліметіне сəйкес, құрылыс жұмыстары биылғы желтоқсан айының соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Негізі, мектеп-интернаттың құрылысы пандемия кезінде уақытша тоқтап қалған болатын. Қазіргі уақытта қайта қаржыландыру қолға алынып, құрылыс жұмыстары жанданып жатыр.

Жаз мезгілінде тұрғындардың ауыз суды көп пайдалануына байланысты қысымы төмендейді. Мұндай мəселе Жаңаталап ғана емес, Қызыл балық, Құрманғазы, Амангелді, Дамбы ауылдары тұрғындарын да толғандырады. Себебі, 90-шы жылдары Атырау қаласынан бастап Дамбыға дейін бір жүйе жүргізілген. Айталық, бұл жүйе арқылы сумен қамту бұрын 3 мың үйге қарастырылған болса, қазір халық санының 6-7 мың үйге дейін өсуіне байланысты барлық тұтынушыларға, əсіресе жаз мезгілінде ауыз суды егінге, тағы басқа қажеттіліктеріне пайдаланған кезде қысым төмендейтіні белгілі. Осы мақсатта Амангелді ауылында су жинауға арналған құрылғы орнатылып жатыр, мамыр айының ішінде іске қосылса, судың қысымы қосымша көбеймек.

Ауа-райы қолайсыз болған жағдайда, қалың қар түскен кезде жарықтың өшіп қалу фактілері бар. Қатты желдің əсерінен осал желілер үзіліп, ақаулар орын алып жатады. Мұндай жағдайда «Атырау Жарық» АҚ-ына тапсырыс жолдап, ескертеміз. Олар авариялық тобын жіберіп, жөндеу жұмыстарын жүргізіп отырады.

Жолаушы тасымалына тоқталсақ: Атырау – Дамбы бағытында №50 жəне №57 маршрут қатынайды. Тұрғындар осы маршруттардың жүру кестесіне өзгеріс енгізуді сұрайды. Қазіргі уақытта тасымалдаушы «Смарт Атырау», «Ақжайық» ЖШС-лерімен келіссөздер жүргізіліп, басшыларына ұсыныстар берілді. Ауыл ішімен жүретін маршрут схемасын қарап шықтық. Маршрут жүру кестесі өзгерген жағдайда шақырым көбейеді. Тиісінше қаражат мəселесі де көтерілетін болады. Бұл мəселе жақын арада шешімін табады деп ойлаймын.

Көшелерді жарықтандыру мемлекеттік-жекеменшік əріптестік негізінде биыл 14 көшені жарықтандыру жоспарланып отыр. Оның ішінде Жаңаталап ауылындағы 4 көшені қамту (№8, 11, 17, 22) жоспарда бар. Бұл жұмыстар маусым-шілде айларында басталып, қыркүйек айына дейін бітуі тиіс. Атырау қаласынан бастап Дамбыға дейінгі аралықта ешқандай бейнекамера орнатылмаған. Қазіргі уақытта бұл мəселе бойынша ұсыныс берілді.

Жылдамдықты азайту кедергілерін кезең-кезеңімен орнатамыз. Бəрін бір мезгілде орнату мүмкін емес. Қазір арызданып жатқандардың дені – Жаңаталап ауылының жаңа құрылыс бөлігінде тұратын тұрғындар. Ол аумақта көп жерлер толық игерілмеген. Алдымен, толық қоныстанған көшеге ғана жарық жүргізіледі. Əлеуметтік нысандардың қасына жол кедергілерін қоямыз. Балабақша, мектеп, аурухана-емхана секілді ғимараттардың маңына орнатамыз.

Былтыр тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған қоршауы бар 5 қоқыс алаңын орнаттық. Қаражат табылса, қосымша тағы да жасақталатын болады. Тұрғындар бұрынғы интернет желілерін пайдаланып отыр. Бұл бағытта «Қазақтелеком» АҚ-ына ұсыныс енгіздік. Ауылдық округте ұялы байланыс қызметі нашар. Байланыс беретін компаниялардың мұнаралары аз болғандықтан, қызметі нашар. Ауылдық елді мекендерді кеңжолақты ғаламтор желісімен қамту мəселесі бойынша «Қазақтелеком» АҚ-ымен келіссөздер жүргіздік. Жаңаталап ауылынан салынатын балабақшаның құрылысы бойынша облыстық құрылыс басқармасы жобалық-сметалық жобалау құжаттамасын жүргізіп жатыр. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алғаннан кейін, құрылыс жұмыстарына қаражат сұрататын боламыз.

Атырау ауылдық округіндегі Қызылбалық ауылында денешынықтыру орталығы бар. Шағын футбол алаңдары Жамбыл орта мектебі мен Фариза Оңғарсынова орта мектебінің аулаларында орналасқан. Облыстық құрылыс басқармасының мəліметіне сəйкес, Жаңаталап ауылында денешынықтыру орталығы салынбақшы. Құрылыстың жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталып, мемлекеттік сараптамадан оң қорытындысы алынған. Алдағы уақытта мердігер мекеме анықталған соң құрылыс жұмыстары басталады.

Округ əкімдігі жыл сайын аукцион негізінде коммерциялық мақсатқа жер учаскелерін беріп келеді. Алайда, жеке кəсіпкерді «ол жерге мынадай дүние салу керек» деп міндеттей алмаймыз. Нарықтың жағдайында кəсіпкер не ашу керектігін өзі біледі. Бірақ, əкімдік жеке кəсіпкерлердің ұсынысын қолдауға дайын. Тұрғындардың көтеріп жатқан мəселелері алдағы уақытта кезең-кезеңімен орындалатын болады.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button