Жарнама
СарапTimeЭкономика

СарапTime: БАҒА ҚАШАН АРЗАНДАЙДЫ?

БҮГІНГІ КҮННІҢ ӨЗЕКТІ ТАҚЫРЫПТАРЫНЫҢ БІРІ – АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫН ТҰРАҚТАНДЫРУ. ОСЫ МАҚСАТТА ЖАСАЛҒАН ҚАРЕКЕТ ҚАНШАЛЫҚТЫ, КҮН САНАП АСПАНДАП БАРА ЖАТҚАН БАҒАНЫ АУЫЗДЫҚТАУҒА БОЛА МА?

Облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Нұрбол Жаңабековтың айтуынша, биыл облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бағаларының өсу индексі 100,3%-ға тұрақтаған. Тек соңғы аптада ғана халық ең көп тұтынатын екі тауардың құны шарықтап кетті. Ол – қант (103,2%) пен картоп (103,3%).

ҮСТЕМЕ АҚЫ НЕГІЗСІЗ ҚОСЫЛМАУЫ ТИІС

– Біздің басты мақсатымыз – әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түлік тауарының бағасына қосылатын үстеме ақының негізсіз өсірілуіне жол бермеу. Осы бағытта статистика, бәсекелестікті қорғау және дамыту департаменттері, облыстық және қалалық әкімдіктер, «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы өкілдері бірлесіп, сауда нысандарына мониторинг жүргізіп отырады. Облыс орталығындағы «Идеал Маркет» ЖШС-нің сауда нүктелерінде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың 25% үстеме бағамен сатылғаны анықталды. Тексеру кезінде бұған кінәлі жауапты тұлғаларға әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, 300 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Алдағы уақытта да осындай фактілер бойынша қатаң шаралар алынатын болады, — деді Нұрбол Мейрамұлы.

Басқарма басшысы облыс әкімдігі бекіткен қағидаға сәйкес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандырудың екі басты тетігін жүзеге асыру көзделгенін айтты. Оның біріншісі – тұрақтандыру қоры арқылы 2012-2022 жылдар аралығында 1,6 млрд. теңгеге шамамен 21 228 тонна азық-түлік өнімі, 2 миллион дана жұмыртқа сатып алынған. Ал, биылғы мамыр айында Түркістан облысынан 12 тонна қырыққабат жеткізіліп, тұтынушыларға келісі 223 теңгеден сатылды. Сенбі, жексенбі күндері өткізілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінде тауарлар базар бәсінен 10-15 пайызға төмен бағамен сатылып отыр. Екінші тетік шеңберінде «Атырау» ӘКК арқылы айналым схемасымен 1 млрд. 135 млн. теңге бөлініпті. Нәтижесінде, «Идеал Маркет» ЖШС 13 түрлі әлеуметтік маңызға ие азық-түлікті 52 сауда нүктесінде қолжетімді бағамен сатқан.

ӨЗІМІЗДІКІ ПІСКЕНШЕ, ӨЗГЕНІКІН АЛАМЫЗ

Облысқа көкөніс дақылдарының тұрақты тасымалдануын қамтамасыз ету үшін облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Айдарбеков бастаған сауда-экономикалық делегациясы мамыр айында Өзбекстан және Ресейдің Астрахан облысында жұмыс сапарымен болып, өзара келісімге қол қойды. Онда маусымаралық тапшылық кезінде облысқа төмен бағадағы өнімдерді тікелей жеткізу, тасымалдау жұмыстарымен байланысты шекарада туындайтын мәселелерді шешу, көтерме-тарату орталығын салу, басқа да іс-шараларды бірлесіп асыру жөнінде мәмілелер жасалды.

– Жасалып жатқан қарекеттерге қарамастан, сырттан келетін тауарлар тасымалындағы логистикалық шығындардың және екі ортада жүретін делдалдардың есебінен әлі де болса азық-түлік тауарларының бағасын қымбаттату динамикасы орын алып отыр. Бұған тосқауыл қою үшін жергілікті шаруа қожалықтарын көбейтіп, азық-түлік өнімдерін өзімізде өндіріп, өңдейтін цехтарды іске қосып, импорт алмастыру бағытында нақты жұмыстарды ұйымдастыратын уақыт жетті. Болжам бойынша өзіміздің де егініміз пісетін күн онша алыс емес сыңайлы. Дегенмен барының өзі қажеттілікті өтейді деп айту қиын. Ал, әзірге өзгенікін ала тұруға мәжбүрміз, — деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Рүстемов.

ҚАТ БОЛҒАН ҚАНТТЫҢ ҚҰНЫ ҚАНША?

Соңғы айларда елде қант тапшылығы белең алғандықтан, оның бағасы шамадан тыс қымбатсып кеткен. Қалыптасқан жағдайдан шығып, халықтың қантпен қамтылуын жақсарту үшін мамыр айында «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» АҚ арқылы Алматы облысындағы Көксу қант зауытына 534 тоннаға (8 вагон) тапсырыс беріліп, ол толықтай жеткізілді. Ал, «Ярмарка», «Идеал Маркет» және «Марко» сауда желілері 272 тонна (4 вагон) қантқа келісім-шартқа отырып, шілде айының алғашқы он күні ішінде жергілікті дүкен сөрелеріне жеткізуді жоспарлапты. Сондай-ақ, үй маңында орналасқан шағын дүкендердің қажетін қанағаттандыру үшін тағы да 100 тоннаға (оның 64 тоннасы аудандарға, 32 тоннасы қалаға) жуық қант жеткізілмекші.

Айта кету керек, қазір қат болып тұрған қанттың бір келісі оны шығарушы кәсіпорыннан 450 теңгеге сатып алынса, жергілікті жердегі сатылу бағасы 485-517 теңге (10-15% үстемемен). Ішінара 483 теңгеден сатып жатқан сауда нүктелері де бар екен.

МҮМКІНДІКТІ ТИІМДІ ПАЙДАЛАНҒАН ҰТАДЫ

«Атырау» ӘКК мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру және мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобаларын сараптау департаментінің директоры Дмитрий Дюдың мәліметінше, І сұрыпты нан бағасын тұрақтандыру мақсатында ауыл шаруашылығы министрлігі, облыс әкімдігі және азықтүлік келісім-шарт корпорациясы арасында үшжақты меморандум жасақталған. Соның негізінде облысқа 12 мың тонна ІІІ класты бидай сатып алу көзделген. Сатып алынған бірінші сұрыпты бидайдан ұн тартып шығару үшін оның 9,5 мың тоннасын Атырау қаласындағы «Карат» ЖШС-не, 2,5 мың тоннасын Оралдағы Желаев нан өнімдері комбинатына беру туралы кәсіпорындар арасында өзара мәміле жасалыпты.

– Бүгінде облыстағы наубайханалар дайын ұнды аталған өндірушілерден алуда. Соған сай, нан бағасы да (95-105 теңге) салыстырмалы түрде тұрақты деуге болады, — деді Дмитрий Эдуардович. Сайып келгенде, Атырау облысында азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандырудың тетіктері де, мүмкіндігі де жеткілікті. Тек соны тиімді пайдаланып, ортақ мақсатқа жұмылдырғанда ғана оң нәтижеге қол жеткізуге болады.

Дәулетқали ЛАТИФҰЛЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button