Референдум халқымызды бір мақсат пен мүддеге жұмылдырады

img 20220511 wa0088 1 СарапTime

Референдум – үлкен іске халықты жұмылдыру, ойын бір жерге тоғыстыру.

Жалпы бұл шара ел тарихында тұңғыш рет емес, үшінші рет өткізілмек. Алғашқы референдум Конституция қабылдау, екіншісі Президент өкілеттігін өзгертуге байланысты болды. Ал, биылғы – үшінші референдум Қазақстан Республикасының Конституциясындағы кейбір заң нормаларын өзгертуді көздеп отыр. Теориялық тұрғыдан келер болсақ, референдумның бірнеше түрі бар. Жоспарланып отырған респубикалық референдум заңға сəйкес ұйымдастырылады, күні белгіленген. Менің ойымша, халыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізе отырып, референдумның қажеттілігін ұғындыра білуіміз қажет. Себебі, қазір айтылып жүрген «Жаңа Қазақстан» ұғымы жай сөз емес. Еліміздің əр азаматы болашақта елді жаңа сатыдан көрсетуге өздері атсалысып, құруға қатыса алады. Бұл – сол межеге жететін баспалдақ. Ата Заңға енетін өзгерістерді жан-жақты талқылау қажет. Халық бұл шараны қолдайды деген сенімдемін. Өйткені, бұл жерде Конституцияның негізгі, басты нормаларына өзгерістер енгізу туралы мəселе айтылып отыр. Ал, ол Негізгі заң болғандықтан, басқа да конституциялық заңдарға негіз бола алады. Демек, Қазақстан Республикасының Президенті туралы, Парламент, басқа да конституциялық заң нормалары жаңа мазмұнда қабылданатын Ата Заңнан кейін өзгеріске ұшырайды. Елдегі қоғамдық қатынастарды азаматтық қоғам тұрғысынан реттеуге мүмкіндік береді.

Иə, Конституциялық кеңестің Конституциялық сот деп ауыстырылуы өте жақсы, құптарлық. Кез-келген адам өз құқықтары жөнінде сотқа жүгінеді. Сот нақты шешімін айтады, ал, Кеңес атына сай, ұсыныс ретінде кеңес береді. Айырмашылықты халық түсіне бермейді. Соны жеткізе білу де маңызды.

Облыстық аумақтық референдум комиссиясының арнайы жоспары бар, жұмыстар жүріп жатыр. Жалпы алғанда қай мәселені де заңдық терминологиямен емес, қарапайым түсінікті тілмен жеткізу керек. Мəселен, «жер халықтікі» деген ұғымның өзін түсінбей, бұрыннан солай емес пе деген пікірлер айтылуда. Меншік иесі болу үшін құқықтық, əрекет қабілеттілігі деген бар. Құқықтық қатынастарға түсу үшін белгілі бір нормалар бар. Осы терминдердің барлығын түсінікті тілде ұғындыруға назар аударуымыз керек. Сайлау мəселесінде де солай, əкімдерді сайлау ісіне халық араласа бастады. Алға қарай да бұл жүйе дами бермек, демек, ілгерілеу бар. Біржақты қарамай, қоғамдық сананы жаңғыртудың бірінші баспалдағынан екінші сатысына өтіп жатқанымызды да айтқан жөн. Екіншіден, халық ұғымындағы негізгі мəселелер экономикалық сипатқа ие. Мысалы, «Неге қымбат? Жалақы көбейе ме? Жұмыссыздық неге көп?» деген секілді сауалдар көп. Бұл проблемаларды саяси мəселелерді шешу арқылы ғана жүзеге асыра аламыз. Сондықтан, Конституцияны қабылдаған кезде халықты тыңдау өте дұрыс. Өз кезегінде халық та саяси мəселелерден алшақтамағаны жөн. Өйткені, оның артында жалақының көбеюі, өз құқығыңды қорғау секілді маңызды мəселелер тұр. Ал, қалай жеткіземіз? БАҚ арқылы насихаттаумен бірге арнайы телехабарлар дайындау, халық қызығатындай анкеталық сауалнама ұйымдастыруға да болады. Арнайы құрылатын топтардың құрамы да бірнеше салаларды қамтитын, толыққанды ақпарат бере алатындай болуы керек. Жастарды тартуға да ден қойған жөн.

Адамның белгілі бір қызығушылығы болмаса, ол ештеңеге мəн бермейді. Жастарға буклет таратып, «газет оқы» дегеннен еш нəтиже шықпайды. Жобада қаралған тақырыптың барлығы да жастар үшін аса маңызды. Тек соны түсіндіре білу қажет. Жастар қаңтар оқиғасында алаңға шықты. Бірақ, оның құқықтық негіздерін олардың бəрі бірдей білмейді. «Елмен бірге шықтым, бұл дұрыс, өз ойым, көзқарасымды таныттым» деген ойда болды. Алайда, оның тəртібі, құқықтық қатынастары бар. Сондықтан, «ақпараттық-насихаттық жұмыстарды жүргізу керек, жастарды тарту керек» деген құр сөзімізден еш нəрсе өнбейді. Заманауи, тиімді құралдарды пайдаланған жөн. Сабақ барысында студенттерге арнайы уақыт бөліп, лекция соңында айтып өтеміз. Оны қабылдайтын немесе дəрістің бір бөлшегі ретінде жеңіл қабылдайтындар да бар.

Қазір бізге беріліп отырған тағы бір мүмкіндік – саяси партияларды құру. Жаңа құрылымдар өз алдына мақсат қояды. Мемлекеттің мəселелеріне араласу, соған халықты жұмылдыру, партияның мақсатымен үндес адамдарды, жақтастарын жинастыру. Ал, олар ауқымды жұмыстар жасап, өзіне неғұрлым көп адам тартса, жалпы халықты қамту деңгейі де артады. Бұл да демократияны дамытудың бір жолы ретінде сипатталады.

Жанна ШАЯХМЕТОВА,

облыстық аумақтық референдум комиссиясының мүшесі

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз