Жарнама
СарапTimeМәдениет

«Қыз Жібек» – Атырау экранында

Халқымыздың өшпес мұрасы «Қыз Жібек» жырының желісімен түсірілген белгілі режиссер Сұлтан Қожықовтың «Қыз Жібек» көркем фильмі қазақ кино өнеріндегі бірегей туындылардың бірі екені әбден мойындалған. 1968-1970 жылдары түсірілген көркем дүниенің тұсауы 1970 жылы ару қала – Алматыдағы «Целенный» кинотеатрында кесілгені жылнамада жазулы. Фильмнің Бүкілодақтық тұсаукесері 1971 жылы Москва қаласында өтті. Ал, Атырау өлкесінде ше? Қазақ кино өнерінің алтын қорынан орын алған фильмді алғаш рет атыраулықтар қай күні тамашалап, көрермен ретінде фильмге қатысты пікірлерін білу де біз үшін өте қызық. Оған көмекке өзіміздің сүйікті газетіміз «Атырау» көмек қолын созды. Ал ол үшін архив қорын ақтарсақ…

Алғаш рет «Қыз Жібек» фильмі гурьевтік көрермендерге 1971 жылдың 15 қарашасында көрсетілген екен. Бір ай бойы «Мир» кинотеатры 12.15 және 20 сағаттарда көрерменге лық толыпты. Халық аузында кең таралған эпостық жырды экраннан көру кімге де болса қызықты болғаны айтпаса да түсінікті. Бәрімізге белгілі фильмнің сценарийін жазған академик жазушы Ғабит Мүсірепов еді. Фильмнің көрсетілімі туралы облыстық кинопрокат кеңсесінің редакторы Р.Ермұқашева «Коммунистік еңбек» газетінің 1971 жылғы 12 қараша күнгі санында «Экранда – «Қыз Жібек» атты шағын мақаласында атап өтеді. Онда автор фильм мен ондағы артистер туралы: «Халыққа бұрыннан таныс сюжетті экранда жандандыруда режиссер Сұлтан Ходжиков үлкен күш жұмсапты. Тұңғыш рет Қыз Жібек сияқты күрделі де ауыр рольді экранға алғаш алып шыққан актриса Мерует Өтекешова сенімді етіп суреттеуге тырысқан. Құман Тастанбеков ойнаған Төлеген бейнесі де көңілге қонымды сияқты. Ал, Асаналы Әшімов ойнаған Бекежан табиғи қара күштің иесі болып көрінеді. Фильмде басқа да Қазақстанның белгілі артистері К.Қожабеков, І.Ноғайбаев, Ә.Молдабеков, Ф.Шарипова сияқты шебер артистер ансамблі тоғысқан. Фильмді музыкалық көркемдеуге композитор Нұрқиса Тілендиев көп күш сарп еткен. Осындай үлкен творчестволық күшпен көрерменге жолдама алған «Қыз Жібек» гурьевтіктерге ұнайтындығы сөзсіз», — деп, болашақ көрермендерді фильмнің анонсымен таныстырады.

Фильмнің атыраулық тұңғыш көрермендерінің пікірін де алғаш жариялаған «Атырау» екен. Газет тұтас бір бетін «Қыз Жібек» – Атырау экранында» айдарымен көрермендердің пікіріне арнапты. Қазақ КСР-інің халық артисі Зарипа Сүлейменова: «Шынымды айтсам, мен «Қыз Жібекті» ерек асыға күттім. Мұның өзіндік себебі де бар. Сонау 1943 жылы Отан соғысының кезеңінде бұл менің халық алдында ойнаған алғашқы рольдерімнің бірі еді. Осы жағынан алғанда ол маған ыстық. Жас актриса Мерует Өтекешованың орындауындағы «Қыз Жібек» көңілімізден шықты. Ризамын. Актерлік тәжірибесі жоқтығына қарамастан Мерует жастық жалынымен, ыстық дидарымен Қыз Жібекті халық күткен биікте жеткізе білді. Бір өкінішті жай. Қыз Жібек сөзін фильмді жасаушылар тым қысқартыңқырап жіберіпті. Әйтсе де Жібек бейнесі көкейге қонымды. Фильмде Кененбай Қожабеков, Гулфайруз Ысмайлова, Кәукен Кенжетаев, Құман Тастанбеков ойнаған Сырлыбай, Айгөз, Базарбай, Төлеген бейнелері де әсерлі. Мен, әсіресе талантты актер К.Қожабеков ойнаған ел қамқоры Сырлыбай көрермен жүрегін баурап алар ерекше тұлға дер едім», — деп өнер адамы ретінде өзінің пікірін білдірген.

Петровский атындағы машина жасау заводының ұста цехының мастері Жаңбыр Дайыров фильм туралы ««Қыз Жібек» фильмі жасалып жатыр, «Экранға шықты» деген хабарларды бұрыннан естіп жүргенбіз. Оның Гурьевке келуін асыға күткенбіз. «Қыз Жібек» – Гурьевте» деген хабардың қуанышымен оны алғашқы күннің өзінде көріп шықтық. «Қыз Жібек» хабарын естіген жетпістегі анам да менен қалғысы келмеді. Оны да алып бардым. Қарт кісі ғой, кино көріп отырып, әлсін-әлі көзіне жас алып, егілумен болды. Мен де шыдамадым. Жібек өзін айттыруға келген күйеулер алдында шыққан толғанысты көріністерде көзіме жас үйірілді. Маған «Қыз Жібектегі» артистердің ойыны, әндер, табиғат суреттері – бәрі бәрі ұнады. Цехтағы үзіліс кезінде негізгі әңгіме арқауы, пікірталастары бұл күндері осы кино туралы болып алды. Біздің цехта 50 адам бар. Соның басым көбі «Қыз Жібекті» көріп шықты. Қазақша фильмді көре алмаған орыс жұмысшылары да бұл кино туралы әңгімені тамсана тыңдап отырады. Орыс тілінде қашан келер екен деп те қояды. Жұмысшылар көне заманның әдет-ғұрып, салттары жақсы көрсетілгенін атап айтады. Әркім киноның әр тұсын мақтайды. Бәріміздің де пікіріміз «жақсы», «өте жақсымен» шектелуде. Сын айтушылардың пікірі – «киноның сөзі аздау» дегенге саяды.

Шынында фильм кейіпкерлерінің сөзі тым тұжырымды сияқты. Біздің көңілімізде «Қыз Жібек» ерекше бір ризалық сезімін тудырды. Халқымыздың алтын мұрасындай ғасырлар бойы жасап келе жатқан көпке таныс, көппен сырлас «Қыз Жібектің» киноға шығуы игі іс болған. Халқымыздың осы сияқты мақтаныш етерлік таңдаулы асыл мұралары аз емес. Соларды өз кезегімен экранға шығаруды «Қазақфильм» коллективі қолға алса, ол бүгінгі өміріміздің мәнмазмұнын, сымбатын мейлінше толық сезінуге әсер еткен болар еді», — деген пікірі өте құптарлық деп білеміз. Күні бүгінде бұл пікір қазақ кино өнері саласы бойынша ең өзекті мәселелердің бірі екендігі белгілі.

1971 жылы бүкіл елімізге кино өнерінде тың серпіліс пен рухани жаңару лебін әкелген бұл фильм туралы Гурьев педагогика институтының оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты С.Тілепов: ««Қыз Жібек» фильмі ел шапқыншылығынан бастап көрсетіледі екен, — деп бастайды өз пікірін. – Алғашқы көріністердің өзі бірден көрермен жүрегін жаулап алады. Фильмді жасаушылар бұрыннан таныс эпостың ғашықтық төңірегінде қалып қоймай, сол дәуірдің әлеуметтік мәселесін де көтеріп, өте орынды істеген. Бұл «Қыз Жібектің» мәртебесін арттырмаса, кемітіп тұрған жоқ…» Атыраулық ғалым мамандығы тарихшы болғандықтан, алдымен фильмдегі ұрыс көріністері, әсіресе Төлеген мен Бекежанның жекпе-жегі, халқымыздың салт-дәстүрлер көрінісі қатты әсер қалдырғанын жазады. Ғалым фильмді көрермен ретінде тамашалау барысында атқа шабу, садақ тарту, найзаласу, қылыштасу сияқты ат үстіндегі әрекеттер табиғи берілгендігіне халқымыздың ертедегі мәдениеті салт-дәстүрі, зергерлік өнеріне де ерекше назар аударған.

Ол пікірін одан әрі былай жалғастырады: «Бір кездегі тағы даланың өзіне тән қатал адамдары болған. Ол қаталдық Базарбай бейнесіне жинақталып берілген сияқты. Туған баласына оң сапар тілемей сазарып отырып алуы осы қаныпезерліктің белгісі екендігін фильм жақсы жеткізеді. Қазақта ертеден қызбен жеңгесі арқылы танысатын дәстүр болғандығы рас. Бірақ Қыз Жібектің жеңгесі мен Шегенің арасындағы арасындағы «қақтығыс» онша сәтті шыға қоймаған. Шегенің түйеден құлауы жеңіл күлкі тудырады. Ол тұста Шегенің ақындық өнерімен, тапқырлығымен танылып қалуына болатын еді. Фильмде халқымыздың ертедегі мәдениеті, салт-дәстүрі, зергерлік өнері әдемі келтірілген екен. Бүгінгі көрермен бұдан көп мағлұмат алады», — деген пікірін осылайша әліптейді.

Ал мына бір көрермен – бүгінгі күндері елімізге танымал домбырашы, кәсіби дирижер, біртуар өнер иесі, сол тұстағы Гурьев музыка училищесінің оқытушысы Боздақ Рзаханов, ол кәсіби маман ретінде фильмнің сырлы әуеніне ерекше көңіл бөлген. Музыка маманы фильм туралы былайша ой өрбітеді: «…«Қыз Жібекті» көріп отырып, оның музыкалық тілінің түсініктілігіне, әдемілігіне риза болдым. Сүйікті композиторымыз Нұрғиса Тілендиев халқымыздың шексіз шалқар музыкасын фильмнің негізгі идеясымен, кейіпкерлердің көңіл-күйі тынысымен, табиғатпен шебер үндестіре білген. Бұл фильм тақырыбы мен музыканың шынайы қабысуында. Фильмнің лейтмотивіндегі халық қайғысы. Осы көріністі «Бақ-дәулет қайта айналып келер ме екен?» деген сарында айтылатын ән қалай безендірген. Қазақ музыкасы аса бай. Сол байлықты шашпайтөкпей шебер пайдаланған фильм жасаушыларға өзімнің алғысымды айтқым келеді…»

Газет бетіндегі «Қазақ фильмнің зор табысы» атты көлемді мақалада да фильмді тамаша талдаған. Мақалада: «…Атырау жұртшылығы «Қыз Жібек» фильмін Ақ Жайықтың ару Жібегі қайта тіріліп келгендей қуанышпен қарсы алды. Кинотеатрларымыздың кассасы алдында әлсін-әлсін ілулі тұрған «Билет жоқ» деген хабарландыру туған өлкесі Жібегімен қандай сағынышпен табысқанының куәсіндей. «Қыз Жібек» ақынның жырында, әншінің әнінде, опера мен драма сахнасында, ғалымдардың зерттеулерінде өмір сүруде. Алайда, ару Жібектің дидарын өткенді, оның әдетғұрпын, салт-дәстүрін жанжақты бейнелеуге мүмкіндігі мол кинолентадан көру халықтың үлкен бір арманы еді. «Қазақфильм» киностудиясы жұртшылықтың бұл тілегін орындап шықты. «Қыз Жібек» кинода! Бәз-баяғы халқының санасына енген қалпында – Жайығындай жайсаң, Көкшесіндей көрікті, Атыраудай айдынды, Алатаудай асқақ, кәдімгі қазақтың өзінің Жібегі», — деп жазған. Фильмдегі «Қайран қазағымау, дүниеден алар бар еншің осы ма еді?» — деген Төлегеннің ақтық өз заманының асыл арманы болып экранда қалқып тұр» дегені күні бүгінге дейін өзектілігін жойған емес

Бұдан тура жарты ғасыр бұрын, ХХ ғасырдың 70-жылдарының басында Атырау жұртшылығы сүйсіне тамашалаған «Қыз Жібек» фильмі де бұл күндері тарихтың бір парағына айналды. Ал, фильмнің тарих жылнамасына қосылуына ерекше үлес қосқан бірден-бір газет – «Атырау» болатын.

Аққали АХМЕТ, профессор

Фильмнің атыраулық тұңғыш көрермендерінің пікірін де алғаш жариялаған «Атырау» екен. Газет тұтас бір бетін «Қыз Жібек» – Атырау экранында» айдарымен көрермендірдің пікіріне арнапты.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button