Жарнама
СарапTimeҚоғам

АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ТЕЛЕАРНА БАСШЫСЫ СҰХБАТ БЕРДІ

ОБЛЫСТЫҚ ТЕЛЕАРНАНЫҢ УАҚЫТ ТАЛАБЫН ҚАНАҒАТТАНДЫРАТЫН, ЗАМАНАУИ ТАНЫМ МЕН ЗАҢҒАР ОЙ ҚАЛЫПТАСТЫРАТЫН АЛДЫҢҒЫ ҚАТАРЛЫ АҚПАРАТ ТАРАТУ ҚҰРАЛДАРЫНЫҢ БІРІНЕ АЙНАЛҒАНЫ РАС. БҮГІНДЕ ТЕЛЕЖУРНАЛИСТЕРДІҢ АЛДЫҢҒЫ ЛЕГІ ҚАЛЫПТАСТЫРҒАН САРА ЖОЛДЫ КЕЙІНГІ БУЫН ЗАМАН АҒЫМЫНА САЙ ЛАЙЫҚТЫ ЖАЛҒАП КЕЛЕДІ. ОСЫ ОРАЙДА ТЕЛЕАРНАНЫ ӨРКЕНИЕТ КӨШІНЕ ІЛЕСТІРІП, ӨРГЕ ЖҮЗДІРУДІ МАҚСАТ ЕТКЕН «ҚАЗАҚСТАН» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ТЕЛЕРАДИОКОРПОРАЦИЯСЫ» АҚ АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ ГҮЛВИРА БЕКҚҰЛИЕВАМЕН СҰХБАТТАСУДЫҢ СӘТІ ТҮСТІ.

– Гүлвира Сəрсенбайқызы, қызығы мен қиындығы қатар жүретін журналистика саласында еңбек етіп келе жатқаныңызға жиырма жылға жуықтапты. Еңбек жолыңызды телевизия саласында бастапсыз, сол кез есіңізде ме?

– Əрине, еңбекке ерте араласқаным тез ойланып, шешім қабылдауға шынықтырды. Бала күнімнен «көгілдір экраннан» сөйлейтін адамдарға қызығушылық болды. Содан журналист боламын деп, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне оқуға түстім. Əлі есімде, 2003 жылы, соңғы курста оқу практикасын «Астана» телеканалында өткіздім. Студент болсам да түсірілім процесіне қатысып едəуір тəжірибе жинадым. Бұл 2004 жылы еңбек жолымды бірден диктор-редактор болып бастауыма себеп болды. Түрлі тақырыптағы бағдарламаларға жетекшілік еттім. Соның арқасында ел, жер көрдік. Төрткүл əлемді терезесіне сыйғызған осы бір ғажап дүние арқылы елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтау жолында əлі де тер төгіп келеміз. Ал, «Қазақстан» телерадиокорпорациясындағы қызметім 2016 жылы басталды. Жаңалықтар бөлімінде продюсер-редактор қызметін атқарып, «Qazaqstan» телеарнасының эфиріндегі қоғамдық[1]саяси жобалардың продюсері əрі авторы болдым. Сондай-ақ, Ұлыбританияның «BBC» телерадиохабар тарату бірлестігінде өткен тағылымдама бар. Соңғы рет «Тəуелсіздік тəуекелдері» циклдық деректі бағдарламасына жетекшілік еттім. Онда 30 жылдағы ел тарихындағы шешуші сəттер баяндалды.

– Жергілікті телеарнадағы басшылық қызметіңізге де жарты жыл болыпты. Шығармашылық ұжым көрерменнің сұранысын қанағаттандырып отыр ма?

– Маған аймақтық телеарнаның əлеуетін көтеру міндеті жүктелгеннен кейін осы бағыттағы жұмыстар ретімен жүзеге асуда. Мақсатым – осыған дейін қолға алынған іргелі шараларды одан əрі жалғастырып, көрерменге сапалы контент ұсынып, оны жаңа деңгейге көтеру. Командалық жұмыс болғандықтан, мұнда білікті журналистер, режиссерлер мен операторлардың да да өзіндік үлесі бар. Көгілдір экран майталмандары Балауса Халелова, Слухия Əбжатырова, Ақшолпан Байқұтова, Жəнібек Қалым, Айнагүл Қал баева, Жұлдыз Тілеухан жəне басқаларымен бірге биік белестерді бағындыратынымызға сенімім мол. Айта кетейін, төларна тарихындағы тұңғыш əйел басшы екенмін. Шынайы шығармашылық адамдар болғандықтан, бір-бірімізді емеуріннен-ақ түсінеміз. Ал, көрермен көңілін қанағаттандырып отырғанымызға сенімдімін. Бұған күнделікті тікелей эфирге түсетін сансыз сауалдар мен пікірлер дəлел болады. Хабарларға қатысты пікірлерін білдіріп жүретін көзіқарақты көрермен бар екені қуантады.

– Осыдан туындайтын сауал – жаңа телемаусымға жоспар қандай? Көрермен тың жобаларды эфирден көре ала ма?

– Телевизияда тынымсыз ізденіс еш толастаған емес. Таяуда көрермендеріміз бен тыңдармандарымызды тың жобалармен сүйіндіретін боламыз. Əзірге жаңа маусымның атаулары құпия (күліп)… Жалпы «көрерменге қандай бағыттағы жобалар ұсынуымыз қажет?» деген мəселеге арнайы зерттеу жүргізілді. Алдымызда жаңа асулар, жаңа кезеңдер тұр. Қазір экономикалық сауат, танымдық жанрдағы мазмұнды əрі тұшымды жобалар, экологиялық мəселелер біздің қоғам үшін өткір тұр. Жаңа маусымда тарихи-деректі жəне өңірдің даму ерекшеліктері, экономикасы мен əлеуетін танытатын, бағамдайтын бағдарламалар жарыққа шығады. Сондай-ақ, əлеуметтік мəселелер, халықтың мұң-мұқтажы көгілдір экраннан түспек емес. Облыстық «Atyraý» газетінің ғасырлық тарихына арналған бағдарлама түсіру де жоспарда бар. Техникалық жəне шығармашылық бағытта бірқатар жетілдіру жұмыстары жүргізілді. Хабар таратудың да ауқымы кеңейіп, Исатай, Құрманғазы, Махамбет, Индер аудандарында тілші қосындары ашылды.

– Гүлвира Сəрсенбайқызы, қазір телеарналар рейтинг көтеруді желеу етіп, арзанқол реалити-шоуларға əуес болып алды. Зиялы қауым да, қарапайым көрермен де осыны сынап жатады. Сіз не дейсіз?

– Меніңше, ондай телеөнімдерге сұраныстың болуы нарық заңы десем де болады. Телеарна кез келген салаға тəн, нарықтық бəсеке талаптарына сай дамиды. Осы жағдайда көрерменге ұсынылатын өнім сапасы қалыптасып, саланың дамуындағы бағыт-бағдар айшықталады. Əйтсе де, телевизия саласының қазіргі бағыты күрт өзгергенін мойындау керек. Ендігі мақсат жұртты ақпараттандырып қана қоймай, халықты мəдени-танымдық бағдарламамен қызықтырып, бəсекеге қабілетті, сапалы контентпен қамту болып тұр. Əрине, бұл мақсатқа жету жолын əрбір телеарна өзі таңдайды. Айтайын дегенім, рейтинг көтеретін бағдарламаның өзін тартымды, мазмұнды, сапалы түсіруге болады. Осы орайда, жергілікті телеарнадағы «Талант», «Ырыс пен тыныс», «Атырау Квест» жобалары көрерменнің көңілінен шығады деген ойдамыз.

– Жас журналистерге, жалпы жастарға қандай кеңес айтасыз?

– Таяуда Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенттерімен кездестім. Танымды кеш барысында қызығы мен қиындығы қатар жүретін журналист мамандығының сан қырымен бөлісіп, қазір сұранысқа ие мамандықтың маңыздылығы туралы əңгіме өрбіттік. Сонда жастардың білуге құштарлығы, кітап оқуға ынтасын байқадым. Өзіндік ой-пікірлерін тыңдап, қуандым. Білім алуға ұмтылған жастардың ынтасын бағалаймын. Журналистің шеберлігі көру, тыңдау, ой түю, қорыту арқылы шыңдалады. Жастарға айтарым, үнемі ізденісте болып, талмай еңбектеніңіздер. Өзім де журналистика майталмандары Ақселеу Сейдімбек, Сембай Қисымов, Дархан Əбдік, Бекен Қайрат секілді аға буынның тəлімін көрдім. Өзіммен үзеңгілес əріптестерім Еркін Мұхамеджанов, Ерлан Атамбай, Жалғас Алтаев сынды азаматтармен бірге жұмыс істеп, шыңдала түстім. Медиа-менеджер ретінде Кемелбек Ойшыбаев пен Лəззат Танысбайды үлгі тұтамын. Үйренерім əлі де көп. Ізденісті тоқтатпаймын. Айта кетейін, қазір облыстық телеарнада кастинг өтуде. Шығармашылық қабілеті бар жастар іріктеуге қатысып, бақтарын сынап көруге болады.

– Əңгімеңізге рахмет. Шығармашылық асуларыңыз аласармасын

Әңгімелескен – Майра ОРАЗҒАЛИЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button