
Ғылым мен өндірістің жаңа дәуірі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Alemcloud Ұлттық суперкомпьютер орталығына келіп, NVIDIA H200 графикалық процессорлары базасындағы жаңа суперкомпьютерді іске қосу рәсіміне қатысуы – еліміздің цифрлық технологиялар саласындағы маңызды тарихи сәттердің бірі.
Бұл суперкомпьютер еліміздегі ғана емес, бүкіл Орталық Азия аймағындағы ең қуатты есептеу жүйесі болып саналады. FP8 форматында 2 экзафлопсқа дейінгі өнімділікті қамтамасыз ете алатын бұл жүйе еліміздегі ғылым, білім және өндіріс салаларының жаңа деңгейге шығуына жол ашады.
Президент атап өткендей, суперкомпьютердің іске қосылуы – Қазақстанның негізгі салаларын цифрландырудағы нақты қадам. Бұл еліміздің ғылыми-зерттеу экожүйесін күшейтіп, жасанды интеллект, нейрожелі шешімдері және жоғары өнімді есептеулер салаларындағы стартаптарға, университеттер мен ғылыми орталықтарға зор мүмкіндік береді.
Менің ойымша, бұл бастама Қазақстанның технологиялық дербестігін арттырумен қатар, жастардың ғылымға, инженерлік есептеулер мен жасанды интеллектке қызығушылығын күшейтеді. Бізге әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті болу үшін осындай инфрақұрылым аса қажет. Бұл суперкомпьютер Қазақстан зерттеушілеріне жаһандық жобаларға атсалысып, ғылым мен өндірістің арасын жақындатуға нақты мүмкіндік береді.
Лена ШӘРІПОВА, Қарабау орта мектебі, информатика пәнінің мұғалімі