ЕРЕКШЕ ЕСІМДЕР: Менің атым – Мәжіліс…

tttttttttttttttttttttttttttttttt СарапTime

БАУЫР ЕТІ БАЛАСЫНА МАҒЫНАЛЫ ЕСІМ ҚОЮДЫ АТА-АНА ӨЗ ПАРЫЗЫ САНАЙДЫ. СӘБИІНІҢ ТАҒДЫРЫ ЕСІМІНЕ БАЙЛАНЫСТЫ БОЛАРЫН ЖИІ АЙТАТЫНЫМЫЗ ДА ЖАСЫРЫН ЕМЕС. АЛАЙДА, ҚАЗІР ЗАМАН БАСҚАША. ОСЫ СӨЗДІ СОҢҒЫ УАҚЫТТА КЕЗ-КЕЛГЕН КЕЛЕҢСІЗДІКТІ АҚТАП АЛАР ТҰСТА НЕГІЗГІ СЫЛТАУ РЕТІНДЕ АЙТАТЫН БОЛҒАНЫМЫЗ РАС. РАСЫМЕН ДЕ, «БҮГІНГІНІҢ БАЛАСЫ», «БІЗДІҢ КЕЗІМІЗДЕ» ДЕП БАСТАЛАТЫН ӘҢГІМЕМІЗДІҢ СОҢЫ ОСЫЛАЙ АЯҚТАЛАТЫН БОЛЫП БАРАДЫ. БҰЛ ҮРДІС БАЛАҒА АТ ҚОЮҒА ҚАТЫСТЫ ҚОЛДАНЫЛУДА. ЕЖЕЛДЕН КЕЛЕ ЖАТҚАН ИГІ ҰСТАНЫМЫМЫЗ – БАЛАҒА АТ ҚОЮ МӘСЕЛЕСІНДЕ ДЕ ЗАМАНАУИ БОЛҒЫМЫЗ-АҚ КЕЛЕМІЗ. ҚАНАТ, НҰРБЕК, АЙГҮЛ, САМАЛ СЫНДЫ АТТАР СӘННЕН ҚАЛҒАЛЫ ҚАШАН!.. ТАҚЫРЫП ТӨҢІРЕГІНДЕГІ ПІКІРЛЕР ТОПТАМАСЫН НАЗАРЛАРЫҢЫЗҒА ҰСЫНАМЫЗ.

Мәдина СӘЛІМҚЫЗЫ, ардагер ұстаз, алтын алқалы ана:

– Халқымыз ежелден-ақ келер ұрпағының мəнді де мағыналы ғұмыр кешуіне септесу мақсатында мағынасы терең, мəні зор аттарды қоюға ұмтылған. Ел ақсақалдары, əулеттің сыйлы адамдары, ет жақын туыстары өмірге сəби келген сəтте-ақ лайықты ат табуға талпынады. Сондай-ақ, бұрындары маңдайы нұрлы болып туған баланың тіл-көзден аман жүруі үшін оған əдейі Итаяқ, Жаманбала, Мырқымбай секілді есімдер қойған. Бірақ, қазір мұндай аттар мүлдем жоқ. Алайда, ана тілімізге сай келетін, мағынасы зор, қазақы есімдер де азайып барады. Бұл жаһанданудың белгісі екені сөзсіз. Сонымен қатар, дүниеге енді ғана келген шаранаға Мұхаммед сынды есім қою ауыр емес пе? Жалпы, ат қою – игі дəстүр. Балалар есімі қазіргі таңда тіптен түрленіп кетті. Бұрынғыдай Жамал, Самал, Нұргүл, Айгүлдер қазір жоқ. Қазіргілерінің кейбіріне тіліңді бұрауға тура келеді. Еліктеушілікітің де шегі бар шығар. Бірақ, балаға ат қоярда жас отбасылар алдыңғы буынның айтарына құлақ асып, ата-əжесі, əке-анасымен ақылдасқаны жөн. Шүкір, 8 баламыздан тараған ұрпағымыз өсіп-өніп, тамырымыз жайылуда. Балаларымыздың естілігі болар, өмірге сəби келген кезде біздің пікірімізді сұрайды. Ақылымызды тыңдап, өздері таңдау жасайды. Немере-жиендеріміздің ішінде «ескі» ат иеленгендері жоқ. Бəрі де қазақша. Немерелерімнің ішінде Елнұр, Нұртас, Əлихан, Тілек есімді ұлдар, Айару, Əсем, Əлия, Көркем, Хиуаз сынды қыздарымыз өсіп келеді.

Арман ИСАЕВ, «Иманғали» орталық мешітінің наиб имамы:

– Жалпы, шариғатта əкенің бала алдындағы міндетінің бірі – жақсы ат қою. Халқымыз бұл іске жауапкершілікпен қараған. Шыны керек, қазіргі таңда өзіміз көріп отырғандай, дінге бет бұрғандар арасында есімін арабшаға аударып атайтындар да жоқ емес. Мəселен, күні кешегі Айбек, Серіктер əп-сəтте-ақ Əбдуррахман немесе тағы басқа арабша есімді иеленіп шыға келеді. Дін жолына жаңа бет бұрған кейбір азаматтар қазақша аттарын мұсылманшаға, яғни арабшаға ауыстыруымыз керек деп ойлайды. Бұл – дұрыс түсінік емес. Себебі, есімнің мұсылманша болуы арабша аталуы керек дегенді білдірмейді, мағынасы дұрыс болғаны керек. Пайғамбарымыздан «есімдердің ең жақсысы қайсысы?» деп сұрағанда, Аллаға сүйкімді есімдердің ең жақсысы Абдулла жəне Абдуррахман деп атады. Алланың Рахман, Рахим, Хаким, Ғазиз сынды 99 есім сипаты бар. Пайғамбарымыз осыған «Абду» сөзін қосып қоюды атап өткен. Ол – құл, яғни Алланың құлы деген мағынаны береді. Сол секілді, қазіргі қоғамда мынадай бар: дінмен өмір сүре бастап, өзін дінге бұйырады да, жап-жақсы есімін арабшаға ауыстырады. Алла жолында жүргендерге атын өзгертуі керек деген шарт та, бұйрық та, талап та жоқ. Əсіресе, осы үрдіс жастар арасында белең алуда. Мұны еліктеушіліктен туындаған қадам деп түсінуге болады.

Эльвира, қала тұрғыны:

– Мəселен, менің есімім – Эльвира. Қазір жасымыз қырыққа таяғандықтан, кішкентай күнімізде мұндай есімдер таңсық болғандықтан, бізді ауыл балалары «орыс» деп айтатын. Рас, əжеміз орыс ұлтынан болғандықтан, біздің отбасының балаларының бəрі екі тілге де ортақ есім иеленген. Қазір де бұл үрдіс жалғасып келеді. Райяна, Рамина, Арлан есімді ұл-қыздарымыз бар. Мұндай есім таңдау арқылы біз салт-дəстүрімізді бұзып, оғаштық жасадық деп ойламаймын. Əр ата-ана өз таңдауын жасауға құқылы емес пе?

Жамал СҮГІРОВА, мұғалім:

– Негізі, балаға ат қояр сəтте оның естілуіне емес, мағынасына аса мəн беру қажет деп есептеймін. Біз қызымызға Əмина деген есім беpуді ол дүниеге келмес бұpын ойластыpып қойғанбыз. Əуелі туыс-жақындарымыздың пікіpлеpін тыңдадық. Бірақ, бұл атты атасы ұсынды. Есімнің өзі де, аpаб тілінен аудаpғанда «адал», «сенімді», «қауіпсіз» дегенді білдіpетін мағынасы да бізге ұнады. Баpша ата-аналаp cекілді біз де ұрпағымыздың болашағы жарқын болғанын қалаймыз, сондықтан бұл есім Жаpатушының қамқоpлығын танытатынына сенім білдірдік. Қазіргі таңда, бұл ат – кең танымал есімдердің бірі. Ал, Əмина – Пайғамбаpымыздың (с.ғ.с) анасының есімі болған.

Мұрат ҚАЙЫРЖАН, сақтандыру агенті:

– Ұлымыздың есімі – Диас. Бұл ат өз тарихын Испаниядан алады екен, ал қазақшасы «күн» дегенді білдіpеді. Испандықтар «Буэнос диас», яғни, «Қайырлы күн» деп амандасады. Бұл есімнің бірнеше жыл бұрын ел көлемінде ең көп тараған есімдердің қатарында болғанына қуаныштымыз. Ал, қызымыздың аты – Зере. Оның діни тұрғыдағы мағынасын білмеймін. Бірақ, ұлы Абайдың əжесінің есімін бөбегімізге беру арқылы салиқалы, саналы адам болса екен деген тілегіміз болғаны анық. Жалпы, адамның есімі оның тағдырына əсер етеді дегенге келісемін. Сол себепті балаға ат қойғанда ойланып қою керек деп ойлаймын.

Ең, ең, ең… танымал есімдер

Стратегиялық жоспарлау жəне реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының ресми сайтында жария етілген мəліметтерге сүйенсек, ер балалар арасындағы танымал есімдер көшін Əлихан бастайды. Екінші есім – Айсұлтан. Ал, үздік үштікті Нұрислам есімі тəмамдайды. Бұдан кейінгі кезекте Амир, Алинұр, Али, Рамазан, Ислам, Алдияр, Санжар жалғайды. Ал, қыздарға қойылған ең танымал есім – Медина. Екінші орында – Айлин, үшіншісі – Асылым. Тізімді Айша, Раяна, Аяла, Айзере, Амина, Томирис жалғайды. Атырау облысы бойынша ең көп кездесетіні Нұрислам жəне Айша есімдері екен.

Ерекше есімдер

Статистика бойынша, Қазақстанда Нью-Йорк, Атланта, Рим, Астана, Мекке-Мəдина, Ромео, Царь, Эдельвейс, Теңіз, Саша Александр Людовик, Қошкелді, Кришна, Василиса[1]Мейрим, Венеция, Қасиет-Раббым, Клеопатра Алина, Октавия, Сюзаннавиктория, Абдусаиднұрисламхан, Еділжайық, Саммидастана, Адал би, Ізқұтты, Нұр-əдеп, Ақкөгершін, Үкіліайару, Падишах, Рамис, Дален, Далер, Адриэл, Арчи, Азарий, Арби есімді балаларды кезіктіруге болады. Сондай-ақ, Имона, Тея, Яссауина есімді азаматшалар да тұрып жатыр. Статистика комитетінің тағы бір дерегіне сүйенсек, Гагарин, Мəжіліс, Мəслихат, Пионер, Нұрлыжол, Нұротан, Сенат, Партия деген аттарды да иеленген адамдар бар екен.

Түйін

ТАҚЫРЫП ТУРАСЫНДАҒЫ ПІКІРЛЕРДІ КЕЛТІРЕ ОТЫРЫП, СОҢҒЫ ТҮЙІНДІ СӨЗДІ СІЗДІҢ ЕНШІҢІЗГЕ ҚАЛДЫРДЫҚ. ҚАЛАЙ ДЕСЕК ТЕ, БАЛА БОЛАШАҒЫНЫҢ «ЖАҚСЫ СӨЗ – ЖАРЫМ ЫРЫС» ДЕГЕН АТАЛЫ СӨЗ АЯСЫНДА ӨРІЛЕТІНІН ЕСТЕН ШЫҒАРМАСАҚ ЕКЕН. БҮГІНГІ КӨТЕРІЛГЕН МӘСЕЛЕГЕ ҚАТЫСТЫ ОЙ-ТОЛҒАМДАРЫҢЫЗДЫ БІЗГЕ ЖОЛДАУДЫ ҰМЫТПАҢЫЗДАР. АЛ, СІЗДІҢ БАЛАҢЫЗДЫҢ АТЫ КІМ?..

Гүлжан ƏМІРОВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз