Жарнама
СарапTimeҚоғам

Біздің бағбан

Әріптесіміз Александр Николаевич Насенковты «Атырау-Ақпарат» ЖШС ұжымы «Біздің бағбан» деп атайды. Оның өзіндік себебі де жоқ емес. Өйткені, ол он бес жылға жуық серіктестікте еңбек етіп келеді. Басты міндеті – кәсіпорын ауласындағы тал-терек пен гүлдерді суарып, соларды бағып-күту, аумақтың тазалығын сақтау. Онысын Саша абыроймен, мінсіз атқарып та жүр.

1967 жылдың мамыр айында Доссор кентінде кіндігі кесілген оның саналы ғұмыры қазыналы Атырау жерінде өтулі. 1984 жылдың күзінде кəмелет жасына тола қоймаған балаң жігіт шағында еңбекке араласты. Арнаулы білімі мен мамандығы болмаса да, сол кездегі «Эмбанефтьстрой» тресінде жөндеуші-слесарь болып еңбек жолын бастады. Артынша, жергілікті əскери комиссариат арқылы Атырау қаласындағы ДОСААФ біріккен мектебіне оқуға жіберіліп, осында электромеханик мамандығын меңгереді. Сосын трестің №1 арнаулы жылжымалы механикаландырылған бригадасына ауысады. Ұжым басшылығы Александрдың еңбектегі жоғары жетістіктері мен қоғамдық жұмыстардағы белсенділігін ескеріп, Құрмет грамотасымен марапаттаған. 1985 жылғы маусымда Кеңес Қарулы Күштері қатарына мерзімді қызметке шақырылған жас жігіт Отан алдындағы азаматтық борышын Мəскеу əскери округіне қарасты жабық қалашықтардың бірінде өтейді.

Комендатура мен бақылау-өткізу бекетіндегі өзіне жүктелген міндетін абыроймен атқарған Александр мұнда да əскери бөлім басшылығының Алғыс хатына ие болады. 1987 жылдың шілдесінде кіші сержант шенінде аман-есен елге оралып, Гурьев мемлекеттік педагогикалық институтының (қазіргі Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университеті) тарих-филология факультетіне оқуға түседі. Келер жылы сырттай бөлімге ауысып, жұмыстан қол үзбей жүріп оқуын жалғастырады. Төрт-бес жылдай облыс орталығындағы Ф.Досымова атындағы №12 орта мектепте тарих жəне құқықтану пəнінен ұстаздық етіп, шəкірттерге дəріс береді.

Кейін кейбір қиындықтарға байланысты, мұғалімдік қызметтен қол үзуге тура келеді. Сөйтіп, ұстаздық мамандықты өзінше бір шағын кəсіппен алмастырады. Күнкөріс қамымен ұсақ-түйек сауда-саттықпен де шұғылданған. 1994-2008 жылдары басқа да мамандық пен кəсіпке машықтығы мен бейімі барын байқатып, қылмыстың ізін кесушілердің қызметтік иттерін үйретуші (кинолог), күзет бөлімінде бақылаушы, құбырларды орамдаушы, басқа да сан алуан кəсіптің бірінен соң бірін меңгеріп, өзіне сеніп тапсырылған қандай жұмысты да қызығушылықпен, бар ынтасымен орындап жүрді. Ақырында, алғашқы болып меңгерген электромонтаждаушы мамандығымен қайта қауышады. «Эльмо» ЖШС-нің №2 учаскесінде еңбек жолын жалғастырады. Қалада бой көтерген ірі нысандар мен зəулім ғимараттар құрылысында да Сашаның қолтаңбасы бар.

Александрдың біздің ортамызға келгеніне биыл он төртінші жылға аяқ басыпты. Айрықшалап айтарымыз – алғашында осында түрлі жұмыстарды атқарып жүрген еңбекқор жігіт бертінде кəсіпорынның ауласындағы тал-теректі күтіп, бақты баптайтын бағбан болып шыға келді. Бұл міндетін де ешкімнен кем қылмай орындап, абырой тапты. Қашан көрсең де жүзінен жымиған күлкісі кетпейтін, көргенде шын пейілімен сəлемдесіп, елгезектігімен үлкен-кіші əріптестерінің көңілінен шығып жүретін, қолындағы барын аямайтын, ешкімді де бөле-жармай, бəрін де жақсы көретін, əріптестері жайлы əрдайым жылы лебізімен бөлісетін Александр Николаевич – бұл күндері ұжымының қадірлісі, құрметтісі, сыйлысы.

– Мені бұл іске кішкентайымнан машықтандырып, баулыған марқұм əкем Николай Владимирович екенін əркез еске алып, мақтанышпен айтып отырамын. Оның үстіне, маған дейін бағбандық қызметті атқарған Владимир Павлович Насенков та туыс болмағанмен, тегі бірдей екен. Қатар қызмет істеп жүргенде ағалығын танытып, тəжірибесімен бөлісетін. Əрине, ол кісіден де үйренгенім аз болды дей алмаймын. Маңыздысы, соның арқасында жұмысыма деген ынтам мен қызығушылығым артты. Оған қоса, əріптестерімнен жиі еститін «Саша жарайсың, сенің қолыңнан келмейтін шаруа жоқ» деген сөздері одан сайын жігерлендіріп, өзімді қанаттандыра түскендей сезінемін. Сол үшін де оларға алғыстан басқа айтарым жоқ, — деп ағынан жарылды бағбан жігіт.

Қашан көрсең де, қай учаскеге жұмсаса да сертіне берік, ісіне мығым азамат, біздің бағбан Александр замандасымызды ұжым түгел құрметтеп, төңірегінде жүреді. Өйткені, үй шаруашылығы, əсіресе тал-теректің жай-жапсарын қазақша мен орысшаны араластыра тұрып, одан артық түсіндіретін ешкім жоқ. Кəсіпорын ауласындағы талтерекпен адамша сөйлесіп, сырласатын Сашаның шаршағаны аңғарылмайды. Ол əркез сергек əрі көңілді. Мерекеңмен, əріптес! Бұл біздің оған деген ақжарма тілегіміз…

Дəулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button