Жарнама
СарапTimeБілім

Балаңыз оқуға ДАЙЫН БА?

ӘНЕ-МІНЕ ДЕГЕНШЕ, ЖАЗ АЙЛАРЫ ДА ЗЫРҒЫП ӨТЕ ШЫҒЫП, ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНЫҢ БАСТАЛУЫНА САНАУЛЫ КҮНДЕР ҚАЛДЫ. БИЫЛ ЕЛДЕ АЗЫҚ-ТҮЛІКПЕН ҚАТАР КИІМКЕШЕК ТАУАРЛАРЫНЫҢ ДА ЕСЕЛЕП ҚЫМБАТТАҒАНЫН ЕСКЕРСЕК, БАЛАЛАРДЫ МЕКТЕПКЕ ДАЙЫНДАУДЫҢ ОҢАЙҒА ТИМЕСІ АНЫҚ. ИӘ, МЕКТЕП ФОРМАСЫНЫҢ ҚҰНЫ БЫЛТЫРМЕН САЛЫСТЫРҒАНДА 25-30 ПАЙЫЗҒА ҚЫМБАТТАҒАН. КЕҢСЕ ҚҰРАЛДАРЫ ДА СОЛАЙ. ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫ ҚАРСАҢЫНДА БАЗАРДАҒЫ БАҒАНЫ БАҒАМДАП ҚАЙТҚАН БІЗ, БАСҚАСЫН АЙТПАҒАНДА КӘДІМГІ 12 БЕТТІК ДӘПТЕРДІҢ 40-45 ТЕҢГЕГЕ КӨТЕРІЛГЕНІН КӨРІП БАС ШАЙҚАДЫҚ. МҰНДАЙ ЖАҒДАЙДА АТА-АНАЛАР ҚҰНЫ ҚАЛТАҒА СОҒАТЫН МЕКТЕП ФОРМАСЫ МЕН ҚҰРАЛДАРЫН ҚАЛАЙ АЛМАҚ? ТҰРМЫСЫ ТӨМЕН ОТБАСЫЛАРҒА МЕМЛЕКЕТ ТАРАПЫНАН ҚАНДАЙ КӨМЕКТЕР КӨРСЕТІЛЕДІ?

ӘРБІРЕУІНЕ 100 МЫҢ ТЕҢГЕ ҚАЖЕТ

Бүгінгі базардағы бағамен əр баланы киіндіру үшін 100 мың теңгедей қаражат қажеттігіне көз жеткіздік. Бізге Атырау қаласындағы «Көктем» базарынан кездескен төрт баланың анасы атыраулық Айнұр Сəрсенғалиева мектеп жасындағы əр баласына осынша ақша жұмсағанын, баланы мектепке дайындауға қомақты қаражат қажеттігін айтты.

– Көріп тұрсыздар, қызыма алған белдемше 8 мыңға шықты. Осыдан екі жыл бұрын 4-5 мың шамасында алып едім. Мектеп формасы жылдан-жылға қымбаттап барады. Байқасаңыздар, балалар киімі ересектерге қарағанда анағұрлым қымбат. Осындай жағдайда оқушыға қандай да бір талап қою қаншалықты дұрыс? Əрине, арнайы мектеп формасы болғанын қолдаймыз. Бірақ, мұнымен қатар отандық өндірісті де дамытып, оқушы киімі тиімді бағада ұсынылуы керек деп ойлаймын, — деген ол енді ұл баласына шалбар іздейтінін айтып, келесі бутикке қарай бет алды.

Шалбар демекші, оның бəсі де 4-16 мың теңге аралығында. «Арзанның тұзы татымас» дегендей, арзанының түрін көре тұра, ата-ана баласына кигізгісі келмес. Тігісі шала, жіптері əлден-ақ сөгіліп тұр. Іштей қырғыздыкі немесе қытайлық болар деп тұрғаным сол еді, саудагер «бұл бишкекский» деп самп ете қалды. Қымбатшылықты олар да мойындап тұр.

«Ең қымбаты Түркия мен Қытайдың астанасы Пекиннен шығарылған тауарлар. Бішкек тауарлары қолжетімді. Бірақ, сапасы нашарлау» деді елуді еңсерген егде əйел.

Саудагерлерден отандық өнімді неге сатпайтындарын сұрадық. Байқасақ, қазақстандық өнімнің көтерме бағасының өзі 12-13 мың теңге шамасында екен. Ал, ондай бағада тауар алып сатуға шағын кəсіп иелерінің шамасы жетпейді-міс. Осылайша, ата-аналар отандық өнімнің өзімізге қолжетімсіздігінен, я ғ н и с а п а л ы к и і м н і ң қымбатшылығынан өзбек пен қырғыз киімдерін алуға

ОРТАҚ ТАЛАП – ҚОЮ КӨК ТҮС

Бұған дейін аймақтағы кейбір мектептер өз ыңғайына қарай форма таңдап келсе, биылдан бастап барлығы бірдей бірыңғай мектеп формасына көшпек. Бұған оқушылардың 90 пайыздан астамы қою көк түсті мектеп формасын киетіні себеп болса, бірыңғай түсте киіну балалар басқа мектепке көшкен жағдайда да тиімді болмақ. Арнайы жүргізілген талдау нəтижесі соңғы бес жылдан бері оқушылардың басым көпшілігі осы түсте киінетінін көрсеткен. Сондықтан, барлық мектеп оқушыларына ортақ талап – классикалық үлгідегі қою көк түсті киім болып отыр. Ұл балалар ақ жейде мен қою көк шалбар, қыз балалар ақ жейде мен қою көк түсті белдемше киеді. Бастысы, мектеп формасы жолақтарсыз, торсыз болуы тиіс. Дегенмен, мектеп формасына орта білім беру ұйымдарының айырым белгілерін (эмблема, жапсырма, т.б) орналастыруға рұқсат етілген. Əдеттегіше ата-ана өндірушіні таңдауда тəуелсіз жəне мектеп формасын кез-келген нарықта, дүкенде немесе жеткізушілерден сатып алуға құқылы. Мектеп оқушысының киімі бір түсті болуы оларды «тапқа» бөлгізбеудің тиімді əдісі демесек, бағасында өзге киімдерден айырмашылығы жоқ. Керісінше, алыпсатарлар нарықта сұранысқа ие екенін біліп, мектеп формаларының құнын шарықтатып жіберген.

ДӘПТЕР – 40 ТЕҢГЕ

Он екі беттік əдеттегі дəптер 40 теңге болса, күнделік – 800 теңге. Оқушыға ауадай қажет он екі беттік дəптердің осынша қымбаттап кеткеніне ешкім сене алар емес. «Сендерге əзірге аз түйірден алмасам» деп жанындағы оқушы қызына сөйлеп тұрған Динара Жұмашева есімді жас ананың жанына біз де жақындап, оның оқу жылына дайындығын, бағаға қатысты пікірін білдік.

– Сəлеметсіз бе. Айтыңызшы, сізге мына тұрған кеңсе тауарлары қолжетімді ме?

– Дəптер мен қаламнан бастап бағаның өскенін көріп тұрмыз. Алғашқы тоқсанға ғана жеткілікті құрал-жабдықтарды алып жатырмын.

– Мектеп жасындағы балаңыз нешеу?

– Үшеу. Бұл жерге келгенше бір жылдық құралды бірден аламын деген ойда болғанмын. Бағасын көріп, оған шамамның жетпейтінін түсіндім…

Кеңсе тауарлары мен киім-кешекті қолжетімді бағаға іздеп жүрген атааналар базардағы бағаны көріп, көңілдері бұзылуда. Дегенмен, дəптер «Глобус» кеңсе тауарлары мен «Fix Price» əмбебап дүкендерінде ғана 35 теңгеден сатылып жатқанын естіп, бір қуанып қалдық. Ал, «Еркемай» балаларға арналған тауарлар дүкені арнайы жəрмеңке ұйымдастырып, дəптерді 29 теңгеден сатылымға шығарған. Осындайда бізге «бір дүкен емес, билік өкілдері қолға алып, жаңа оқу жылы қарсаңында үлкен бір жəрмеңке ұйымдастырса жөн болар еді» деген ой келді. Балалар жылында балаларға базарлық болып, ата-ана да, бала да бір қуанып, бір қамданып қалар ма еді?..

Иə, базарда баласына киім немесе кеңсе тауарларын іздеп жүрген ата-аналардан көз сүрінеді. Көбі «негізгі форманы ғана түгендеп алсақ, спорттық киімін кейін ала жатармыз» деп өз-өздерін жұбатқандай болып жүр. Базарда қалтасына қарап, баласының көңіліне де алаңдап жүрген аналарды көргенде жазушы Шерхан Мұртазаның «Бiр кем дүниесі» ойға оралды. Ендеше, қымбатшылық бүйірден қысқан қоғамда тұрмысы төмен, əлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балаларына нендей көмек көрсетіліп жатыр? Оларға мемлекет тарапынан қандай көмек тиесілі?

САНАУЛЫ САНАТҚА ҒАНА ТИЕСІЛІ

Мектеп формасы мен оқу құралдарын алу ата-анаға оңай болмай тұрғаны рас. Соның ішінде мектеп жасындағы бір емес, бірнеше баласы бар отбасыларға тіптен қиын. Мамандар да əлеуметтік көмекке байланысты ата-аналар тарапынан арыз-шағымдар көп екендігін жоққа шығармайды. Десек те, Атырау қалалық білім бөлімінің басшысы Фаруза Шаңгереева ата-аналар тарапынан түсетін арыздың іріктеліп, жан-жақты сараланып, заңдылық негізінде ғана əрекет ететіндерін жеткізді.

– Əлеуметтік көмекке байланысты ата-аналардан арыз-шағымдар көптеп түсуде. Бірақ, біз қолданыстағы заңнамалық актілермен ғана жұмыс жасай аламыз. Белгіленген санатқа жатпайтын атааналардан арыз-өтінішті қабылдай алмаймыз. Оған да түсіністікпен қарауларыңызды сұраймыз. Бұл жердегі көрсетілген бес санат мынадай: біріншіден, мемлекеттік əлеуметтік атаулы көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балалар, екіншіден, мемлекеттік əлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан балалар, үшіншіден, жетім бала, ата-анасының қамқорлығынсыз отбасыларында тұратын балалар, төртіншіден, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жəрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балалар, бесіншіден, білім беру ұйымдарының алқалы басқару органы айқындайтын білім алушылар мен тəрбиеленушілердің өзге де санаттары, — деді Ф. Гарифуллақызы.

Айта кетелік, облыста 200 мектеп болса, соның 63-і Атырау қаласында орналасқан.

«БАУЫРЫНЫҢ КИІМІН КИГЕННЕН КЕМ БОЛМАДЫ»

Бүгінде ата-ана мен баланың басым көпшілігі мектепке бірдей киінуді теріс санамайды. Өйткені, мектеп формасы оның оқушы екендігінің бірден-бір белгісі. Шəмшінің əніне жазылған «балауса қыз едің бір кезде, Шашыңа ақ бантик байлаған…» деп басталатын өлең жолдары да көз алдымызға ақ бантигімен əдемі оқушы қызды, оның періште бейнесін əкеледі емес пе?! Бірыңғай мектеп формасының болуы, балаларды бір тəртіпке бағындырып, бір шаңырақ астына ұйыстыра да алады. Ал, тəртіп пен тəрбие бар жерде сапалы білім де болмақ. Елде киім түгілі, матаның өзі тапшы 90-шы жылдардың бастапқы кезеңдерінде де балаларын арнайы формамен киіндіріп, қатарынан қалдырмаған Күлəн Ізімова есімді ақ жаулықты ана «бүгінде балаларды үлде мен бүлдеге орап, қымбат брендпен киіндіру қателік» деген пікірде.

– Біздің жастық шағымызда да қиындық болмады емес. Мемлекетіміз енді-енді еңсесін тіктей бастаған жылдары балаларым мектеп қабырғасында оқып жүрді. Аралары бірер жас шамасы ғана. Бірінің киімін біріне кигізіп, амалын табуға ұмтылдық. Ешқайсысы қатарларынан кем болмады. Үлкендеріне қолдан тігіп, кішілері соны киіп өсті. Оларды ешкім «мынау апаңның, не ағаңның киімі» деп сөккен жоқ. Қызыма ақ фартук таба алмай үйдегі терезенің тюлінен тігіп бергенім есімде. Қазір шүкір, киімде таңдау бар. Ақшаң болса қалағаныңды аласың. Бірақ, баланың бəріне жыл сайын су жаңа киім алып беру дұрыс емес. Олар кішкене кезінен бастап киімді де ұқыпты, үнемді киіп үйренуі керек. Ата-аналар қолдағы барының қадірін біліп, жоқтан бар жасауға ұмтылса деймін. Жыл сайын киім ауыстырудың өзі ысырапшылдықтың көрінісі, — деген зейнеткер ана,

бір үйдің балаларының бірінің киімін бірі киюінде еш əбестік жоқтығын, керісінше бауырларды бауырмалдылыққа тəрбиелейтінін жеткізді. Иə, Күлəн əжейдің сөзінің жаны бар. «Баланы қатарынан қалдырмаймын» деп оны соңғы үлгіде киіндіру емес, ең маңыздысы білім нəрімен сусындатып, заманға сай, қоғам сұранысына ие азамат, маман ретінде қалыптастыру. Сондықтан, қымбатшылық қысымға алған тұста қолда бардың қадірін біліп, қанағатшыл болған жөн болар. Ал, қанағат – қарын тойдырады…

ТҮЙІН:

Оқушыны өзгеден ерекшелеп тұратын – оның формасы. Баладан баланың айырмашылығы жоқ болғандықтан мектеп оқушыларының біртүсті киінуін де дұрыс шешім деп білеміз. Өйтпегенде мектепке де өз қалауымен киінетін баланың өз дегенімен жүріп, өзінен басқаны елемей өсетіні қауіп. Иә, арнайы форма – баланы «статусқа» бөлуден сақтайтын ең тиімді жол. Перзентінің киімі бүтін, қарны тоқ болса ата-ананың да көңілі көтеріңкі болады. Сондықтан, ата-аналар бақылауға көнбей жатқан бүгінгі бағаға бола еңсесін түсірмеуі керек. Дәл қазіргідей жағдайда қоғамның көмегіне зәру отбасылар көп. Осындайда әр азамат, атымтай жомарт жандар бір отбасына болса да көмек қолын созып, ізгілікті іске үлес қосса дейміз. Сіздің кішкене ғана көмегіңіздің өзі кішкене жүректерді қуанта алатынын ұмытпаңыз. Ал, көп түкірсе – көл болар…

Мəлике ҚУАНЫШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button