Жарнама
СарапTimeҚоғам

Атыраудағы алыс ауылдарға газ бен су тартылса…

БҰЛ ЖӨНІНДЕ ОБЛЫСТЫҚ ӘКІМДІКТІҢ МӘЖІЛІС ЗАЛЫНДА САЙЛАУШЫЛАРМЕН БОЛҒАН КЕЗДЕСУ КЕЗІНДЕ ЖӘНЕ ӨҢІРЛІК КОММУНИКАЦИЯЛАР ҚЫЗМЕТІНДЕ ӨТКЕН БРИФИНГ БАРЫСЫНДА СЕНАТ ДЕПУТАТЫ ҒҰМАР ДҮЙСЕМБАЕВ МӘЛІМ ЕТТІ.

– Шалғайдағы ауылдарды газдандыру, оларға ауыз су құбырын тарту да өзекті мәселенің бірі. Ондағы жұрт саны 200-дің о жақ, бұ жағында, бірақ ол жерлерде халық тұрақты тұрып жатыр. Малын бағып, егінін егіп, жақсы тұрмыс кешуде. Олардың дені кезіндегі кеңшарлардың ферма орталықтары. Мұндағы ауылдар орналасқан округ әкімдерімен сөйлескенімде кейбір тұрғындардың жеке үй салу үшін жер сұрап, арыз беріп қойғанын да білдім. Демек, ондай елді мекендердің болашағы бар деген сөз. Ендеше, оларды неге көгілдір отын мен ауыз сумен қамтамасыз етпеске?

Осы мәселенің түйінін тарқату үшін Премьер-Министрге аяқтай барып, Қызылқоға, Исатай аудандарындағы Жасқайрат, Қызыл үй сынды шалғай ауылдарға газ тарту үшін 1 млрд. теңге қаражат сұрадым. Толық бермегенімен, 800 млн. теңгесін бөлгізіп, 8 елді мекенді көгілдір отынмен қамту жұмыстары қолға алынды. Жалпы алғанда, өзім Сенат депутаты болған бес жылдың ішінде Атырау аймағының әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамуы үшін 25 млрд. теңгеден астам қаражат бөлгізуге ықпал етіппін. Оның барлығы Жайық пен Қиғаштың түбін тереңдету, тасжолдар салу, газдандыру, су мәселесі секілді облысымыз үшін аса маңызды проблемаларды шешуге жұмсалды, — деп аяқтады сөзін сенатор Ғұмар Дүйсембаев.

Әрине, сумен қамту жайын қозғаған депутатты Атыраудағы балық өсіру мәселесі де толғандырмай қоймады. Әсіресе қазіргі бекіре өсіретін қос зауыттың тағдыры алаңдатады екен. Кезінде Президенттің тапсырмасына сәйкес, онда модернизация жүргізіліп, өнім көлемін өсіру көзделген еді.

Бірақ, жақында келіп зауыттың жағдайымен аяқтай барып танысқан сенатор ондай жұмыстардың бірде-біреуі атқарылмағанын көріп, көңілі құлазып қайтқан.

Ондағы технологиялар ескірген, мамандар тапшы, барының жалақысы төмен, жастар келмейді. Сондықтан оған болашақта осы салаға кадрлар тарту, озық технологиялық жабдықтармен қамту мақсатында нақты жұмыстар жүргізілуі қажеттігін мәлім етті.

Облыстық әкімдіктің мәжіліс залында өткен кездесуде Ғұмар Исламұлымен бірге Парламент Сенатының депутаты Сағындық Лұқпанов та халық қалаулысы ретінде атқарған жұмыстарын баяндап, сауалдарға жауап берді. Ол жоғарғы заң шығарушы палатаның экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мүшесі ретінде өндірістік өңірдегі өнер кәсіп саласының даму бағыттары хақында әңгімеледі.

Әрине, Атыраудың зиялы қауымы мен жергілікті мәслихат депутаттарының кездесуімен түстен кейінгі брифинг барысында да сенаторға қойылған сауалдар аз болмады. Кеңес Қосыбаев, Халидолла Сатқаев, Төлеген Берішбай, облыстық мәслихат депутаты Сырымбек Сәрсембаев сынды азаматтар, облыстық БАҚ өкілдері көптеген мәселелерді көтерді. Олардың дені мемлекеттік тіл, Атырау облысынан су қоймасын салу, жолдар, жұмыссыздық, геология мен теміржол мәселесіне қатысты болды.

Жайықпен өңірді сумен қамту мәселесінде журналистер осы мәселемен тікелей айналысатын Су шаруашылығы министрлігі құрылса деген ұсынысын білдірді.

Сонымен қоса осы саланы қадағалайтын Жайық–Каспий су бассейндік инспекциясының құзыретін кеңейту, аудандардан қоршаған ортаны қорғау бөлімдерін ашып, мұнайлы өңірлерді мықты эколог мамандармен қамтамасыз ету жайын қозғады. Қойылған сауалдарға Ғұмар Исламұлы нақты жауаптар қайтарды. Алға қарай да Атырау халқының әл-ауқаты мен экономикасын көтеру жолында жоспарлы жұмыстар жүргізуге уәде берді.

Ербол ҚОШАҚАНОВ

Фото: ашық дереккөз

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button