Атырау облысы еліміздің бірыңғай энергетика жүйесіне қашан қосылады?
Энергия өндіруші және оны тұтынушыларға таратушы кәсіпорындар барлық әлеуметтік нысандар, тұрғын үйлер мен өндірістік ғимараттарды жарықпен және жылумен қамтиды. Өмірлік маңызды нысандардың жылу беру маусымында жарық және жылумен үздіксіз қамтамасыз етілуі, сын кезеңнен сүрінбей өтуі осы сала мамандарының тиянақты дайындығы мен жоғары жауапкершілігі, сондай-ақ сапалы қызметі мен жүйелердің сенімді әрі қалыпты жұмысына байланысты. Сол үшін қабылданған инвестициялық бағдарлама аясында арнайы жоспарға сай атқарылып жатқан іс-шара да ауқымды.
Соған қарамастан, мұнда энергия тапшылығының кесірінен түпкілікті шешімін күтіп тұрған түйткілді тұстар да жеткілікті.
Биылғы жылдың басында облыс орталығында бір мезгілде бірнеше шағынауданның жарықсыз қалғаны ұмытыла қойған жоқ. Дәл осы уақытта электр энергиясын өндіретін компаниялар үшін табиғи газ тасымалдау тарифі қымбаттап кетті. Сөйтіп, жыл басталмай жатып-ақ, облыстың энергетика саласында төтенше жағдай қалыптасты. Қолданыстағы электр желілері бойындағы шамадан тыс ылғалды көтере алмағандықтан, олар біртіндеп істен шықты. Табиғи газ бағасының қымбаттауынан электр және жылу қуатын өндіруші кәсіпорындардың шығындары көбейіп, елеулі зардап шекті. Бұрын 1 мың текше метрі 2370 теңгеге бағаланып келген «көгілдір отынның» құны 4551 теңгеге жетіп, екі есеге жуық көтерілді.
Бірыңғай энергетика жүйесінің тиімділігі
Егер бүгінгі таңда облыс бойынша тұтынатын электр энергиясының көлемі 732 мегаватт екенін ескерсек, «Атырау жылу-электр орталығы» АҚ арқылы өндірілетін қуат көлемі 414 Мват-тан аспайды. Жағдайдың қаншалықты күрделі екенін осыдан-ақ аңғаруға болады. Соған байланысты, мұнайлы өңір өзіне жетіспейтін қуат көзін көршілес Маңғыстау облысы мен Ресей елінен сатып алуға мәжбүр.
«Атырау-Жарық» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Оразғали Қаршегеновтың айтуынша, қалыптасқан жағдайдан шығу үшін Ресейден сатып алынатын 1 Квт электр қуатының құны – 29 теңге, ал бізде 4,73 теңгеден сатылатын көрінеді. Жылу-электр орталығына табиғи газ ТШО-дан келіп тұр. Оны тасымалдайтын магистралды құбыр – «Интергаз-Орталық Азия» компаниясының теңгерімінде. Биылғы 1 қаңтардан бері бұл компания да табиғи газды тасымалдау құнын екі есеге қымбатсытып жіберген. Соның кесірінен «Атырау жылу-электр орталығы» АҚ болжамды есеппен 2 млрд. теңгенің үстінде зиян шегеді екен. Тығырықтан шығу үшін «Атырау-Жарық» компаниясының жарық пен жылудың бағасын көтеруден басқа амалы қалмай тұр. Соған қарамастан, облыстық әкімдік кезекті жылу беру маусымы аяқталғанша бұрын бекітілген тарифті өзгеріссіз қалдыру жөнінде шешім қабылдады.
Сайып келгенде, бұл ахуал республиканың Батыс өңірін, соның ішінде Атырау облысын еліміздің бірыңғай энергетика жүйесіне қосатын мезгіл жеткенін меңзегендей.
Облыс әкімінің осы салаға жауапты орынбасары Қайрат Бекеновтың түсіндіруінше, бүгінде бұл мәселе бойынша бірнеше сызба-жоба немесе нұсқа дайын тұр. Соның негізінде қолданыстағы магистралды-энергетикалық жүйелерді оңалту жөнінде арнайы бағдарлама жасақталған. Оны жүзеге асыруға әлеуетті екі ірі құрылымның бірі – «KEGOC» ұлттық компаниясы, екіншісі – «Атырау-Жарық» акционерлік қоғамы. Әкімдіктің ұсынысымен энергетика институттарынан мамандар шақыртылып, электр жүйелерінің жағдайын жақсартуға бағытталған қосымша бағдарлама жасақтауға тапсырма да берілген.
Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта Қазақстанның батыс аймағындағы электр желілерін Бірыңғай энергетика жүйесіне біріктіру жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленіп жатыр. Біріктіруді Ақтөбе қаласынан – Атырау қаласына дейін; Жезқазған қаласынан – Атырау қаласына дейін; Шымкент қаласынан – Маңғыстау облысының Бейнеу ауылына дейін үш ықтимал бағыт бойынша 500 кВ желі салу арқылы іске асыру болжамдалған. Ол үшін әуелі қаржылық, инженерлік-техникалық, басқа да көрсеткіштер бойынша ең тиімді нұсқа таңдалуы тиіс.
Аталған іс-шараны іске асыру батыстағы тұтынушыларды сенімді электрмен жабдықтау және елдің энергия жүйесіндегі теңгерімсіздіктерді реттеу үшін маневрлік қуат ретінде облыстың газ генерациясының әлеуетін іске қосуға мүмкіндік береді. Ал, 220 кВт-тық «Орал-Оң жағалау-Индербор-Атырау-Құлсары-Теңіз кеніші» қолданыстағы транзитінің ІІ тізбегінің электр желілік нысандарын салу жұмысы басталды.
Қуатты өздері өндіреді
Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ерлан Назаровтың айтуынша, облыстағы 155 ауылдың тұрақты электр желісімен қазіргі қамтылуы – 97,4%. Қалған төрт ауылға (Құрманғазы ауданындағы Қошалақ, Әліпов және Исатай ауданына қарасты Мыңтөбе, Айбас) орталықтан шалғайда орналасқандықтан және тұрғындар аз қоныстанғандықтан электр желісі тартылмаған. Егер тұтынушыларды электр энергиясымен қамтамасыз ету деңгейі 414 МВт-қа тұрақтаса, ол «Атырау жылу-электр орталығы» акционерлік қоғамының қуат өндіруші станциялары арқылы өндіріледі.
Бүгінгі таңда облыстағы электр энергиясын тұрақты тұтыну көлемі – 260-280 МВт. Сондай-ақ, өздерінің өндірістік қажеттіліктері үшін қосымша электр қуатын «Теңізшевройл» ЖШС (522 МВт), НКОК (360 МВт), «Атырау мұнай өңдеу зауыты» (30 МВт) және «СагатЭнерджи» (11 МВт) компанияларының өздері өндіріп алады.
Баламалы қуат көзін тиімді пайдалану мақсатында Исатай ауданының Манаш ауылынан салынған қуаты 52,8 МВт-тық жел электр станциясы алдыңғы жылы іске қосылған еді. Құны 12,3 млрд. теңге болған құрылысты «Ветроэнерготехнология» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. Мұнда 36 дана жел электр қондырғысы (желқалақ) орнатылған. Заңды тұлғалар үшін баламалы қуатты тұтыну тарифі – қосымша құн салығын қоспағанда 22,68 теңге.
Атыраудағы «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағындағы кәсіпорындардың қажеттілігін қамтамасыз ету үшін қуаты 310 МВт газ турбиналық электр станциясының құрылысы салынды. «Karabatan Utility Solutions» ЖШС-нің бастамасымен салынған кешеннің құны – 111,2 млрд. теңге. Мұнда бу және газ турбинасы екі-екіден қойылған. Бүгінде технологиялық жабдықтарды монтаждап, орналастыру жұмыстары толық аяқталған.
Бұдан басқа, 2020 жылдың қыркүйек айында Доссор кентінің маңында «Дивитэл» ЖШС-нің өз қаражаты есебінен қуаты 48 МВт болатын жел электр станциясының құрылысы басталды. Қазір жүріп жатқан жел жабдықтарын орнату жұмыстары алдағы наурыз айында аяқталмақшы.
Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласының аумағынан 50 МВт-тық жел электр станциясын салу жөніндегі инвесторлардың ұсынысы қарастырылып жатыр.
Ескіні жаңарту – жаңа жоба
Жарамдылық мерзімі асып, ескірген желілерді қайта жаңғырту да ұдайы назардағы жайдың бірі. Мұндай нысандар негізінен теміржол станциялары мен бекеттерінің үстімен өтеді.
«Қазақстан темір жолы» АҚ-на қарасты Атырау электрмен жабдықтау дистанциясының (ЭЧ-4) қарамағындағы жүйелердің 60-70%-ы тозған. Соның кесірінен соңғы кезде желі бойында апатты жағдайлар жиі қайталанады. Бұл жергілікті тұрғындардың орынды ренішін туғызып отыр. Сондықтан, облыс бойынша 12 ауыл мен тұрғын үй кешеніне тартылған электр желісін ауыстыру жұмыстары басталып кетті.
Осы мақсатта 2019 жылы – 340 млн. теңгеге жуық, 2020 жылы – 269 млн. теңгеден астам қаржы бөлініп, бұған Құлсары қаласындағы (Жылыой), Жамансор (Қызылқоға), Махамбет-1, Сарытоғай ауылдары, «Самал», «Жасыл белдеу» шағынаудандары (Махамбет), Ерғалиев, Жанбай, Тұщықұдық, Зинеден ауылдарындағы (Исатай) электр желілері жаңартылып, негізгі жабдықтарын жаңғырту жұмыстары жасалды. Осы тектес жұмыстар биыл Атырау қаласындағы бірнеше тұрғын үй кешені мен аудандарда жалғасын таппақ.
Бір қуаныштысы, облыс орталығы жылдан жылға кеңейіп, жаңа тұрғын кешендер мен шағынаудандар көбейіп келеді. Әйтсе де, олардың бәрін бір мезгілде және қажетті көлемде электр қуатымен қамтудың мүмкіндігі бола бермейді. Оның үстіне, жыл сайын жүргізілетін техникалық тексеру жұмыстарының қорытындысына қарасақ, қаладағы халық көп шоғырланған аудандарда желідегі кернеу төмен екен.
Айта кету керек, биылғы жылу беру маусымы қалыпты деңгейде өтуде. Температуралық режимге сәйкес, биыл 1 қазаннан бастап 412 білім беру және 147 денсаулық сақтау нысанына, 7 қазаннан – 1774 көп қабатты тұрғын үйге жылу берілді. Облыс бойынша апаттық жағдайлардың алдын алу үшін жауапты техникалық қызметкерлер мен апаттық бригадалар бекітілген.
«Атырау жылу-электр орталығы» АҚ іс-шаралар жоспарына сәйкес, негізгі қондырғыларға жай жөндеу жасады. Ал, күрделі жөндеу жоспарланған 3 жылу агрегатындағы жұмыстар белгіленген мерзімде аяқталды. Жылу агрегаттары резервтік отын қорымен қамтамасыз етілген.
Жоспар керек әр іске…
Қазір облысты электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз ету, сондай-ақ жүйедегі апатты жағдайлардың алдын алу мақсатында «Атырау облысының 2025 жылға дейінгі электр жүктемелерін 2030 жылға дейін дамытудың перспективалық схемасы» әзір.
Оған қоса, «KEGOC» АҚ филиалы энергия жүйесін жақсарту бағытында бірқатар жобаларды бастап кетіпті. Атап айтқанда:
– Қазақстанның батыс аймағының электр желісін күшейту, ӘЖ-220 кВт желілерінің екінші тізбегін салу. Іске асыру мерзімі – 2021-2024 ж.ж.;
– Атырау, Құлсары, Теңіз, Бейнеу қосалқы станцияларында 110 кВт, 220 кВт ашық тарату құрылғыларын (АТҚ) реконструкциялау. Іске асыру мерзімі – 2021-2023 ж.ж.;
– «Оң жағалау-Индер» ВЛ-220 кВт, Л-2540 реконструкциялау. Іске асыру мерзімі – 2021-2022 ж.ж.;
– Батыс энергия торабын Қазақстан БЭЖ-мен қосу жөніндегі жұмыстары бойынша алдын ала ТЭН әзірлеу.
Әрине, мұның барлығы – әзірге жоспар ғана. Бүгіндері «KEGOC» техникалық тапсырмасын дайындап, техникалық-экономикалық негіздемесін (ТЭН) алдын ала әзірлеу жұмыстарының конкурстық рәсімдерін жасап жатыр. ТЭН әзірлеу жұмыстары 2022 жылы аяқталмақ.
Сонымен қатар, «Атырау-Жарық» АҚ тарапынан электр тарату желілері мен қосалқы подстанцияларды қайта жаңарту және жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
Осының барлығы – өңірдің энергокешенін еліміздің бірыңғай энергетика жүйесіне біріктірудің алғышарты.
Қорыта айтқанда, мұндай қадам – болашақта аймақта энергия тапшылығын жоюға мүмкіндік берер бірден-бір жол. Бұл мәселе бұған дейін де бірнеше рет көтеріліп, Парламент Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай Тұрғановтың төрағалығымен салалық министрлік деңгейінде онлайн режимде өткізілген кеңесте де жан-жақты талқыланған болатын.
Дәулетқали АРУЕВ