Жарнама
СарапTimeСаясат

«Ашық» қоғам құрудың маңызы зор

МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫНЫҢ КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ РЕФОРМА ЖАСАУ, РЕСПУБЛИКАЛЫҚ РЕФЕРЕНДУМ ӨТКІЗУ ТУРАЛЫ ТҮЙІНДІ ШЕШІМІ – ҚАЗІР КЕҢ ТАЛҚЫЛАНАТЫН ТАҚЫРЫПТЫҢ БІРІ. САЯСИ САЛМАҒЫ ЗОР МӘСЕЛЕ – ЕЛ БОЛАШАҒЫ ҮШІН ЖАСАЛҒАН НАҚТЫ ҚАДАМ. ОНЫҢ АЯСЫНДА ҚОЗҒАЛҒАН КЕЙБІР МӘСЕЛЕЛЕРГЕ ҚАТЫСТЫ ГАЗЕТТІҢ ТҰРАҚТЫ АВТОРЛАРЫНЫҢ БІРІ, САФИ ӨТЕБАЕВ АТЫНДАҒЫ АТЫРАУ МҰНАЙ ЖӘНЕ ГАЗ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ДОЦЕНТІ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ БОЛАТ НЫҒМЕТОВПЕН АРНАЙЫ СҰХБАТТАСТЫҚ.

– Болат Сырымұлы, алдымен тарихшы ретіндегі көзқарасыңызды білейік. Конституцияға енгізілетін толықтырулар мен түзетулер нені көздейді?

– Қазір Қазақстан Республикасында қалың бұқара арасында қызу талқыға түсіп жатқан мәселе – Ата Заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі алда болатын республикалық референдум. Жалпы алғанда, 33 бапқа 56 толықтыру енгізу жоспарланып отыр. Биылғы 25 сәуірде Конституцияға түзетулер енгізумен айналысып жатқан жұмыс тобы өздері дайындаған өзгертулерді баспасөзде жариялаған еді. Онда 1995 жылы таратылған Конституциялық сотты қайта құру, Президентке саяси партияларға мүше болуға, ал оның жақындары мен туыстарына саяси және квазимемлекеттік секторда лауазымды қызмет атқаруға тыйым салу, Парламент жұмысы мен сайлау жүйесін өзгерту мәселелері қамтылған. Арасында тұңғыш Президентке «тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы» мәртебесін беру туралы ұсыныс та болған. Бұл ұсыныс қоғамда сынға қалып, халық тарапынан қарсылыққа ұшырады. Міне, көтерілген мәселелер өте ауқымды және тарихи маңызы зор. Жалпы қоғамның даму жөніндегі зерттеулердегі айқын нәрсе. Халық билігі, теңдік, әділеттілік, еркіндік принциптеріне негізделген мемлекеттік жүйеде ғана «ашық қоғам» өркен жаяды. Бұл – ақиқат. Қазақстан мемлекетіне де биліктің түп иесі – халық болып табылатын демократиялық республикада, әр адамның негізгі құқық және бостандық нормалары белгіленген, заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең қоғамда өмір сүруге қолайлы кезең келген сияқты.

– Сонда саяси жаңғыру кезеңіне бұдан бұрынырақ келудің сәті тумаған ба, қалай ойлайсыз?

– Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған кезде дәстүрлі қоғам көбінесе ауылдық қоғам, индустриалды емес, бүгінгі индустриалдық қоғамға қарсы, өндіру мен мәдени мұраларды сақтайтын қоғам еді. Дәстүрлі қоғам – саяси, әлеуметтік және мәдени дамуы дәстүрлі құндылықтарға, салт-санаға, ата-баба мұраларына негізделеді, бұл әлеуметтік орта осынысымен ерекше. Дәстүрлі қоғам адами қызметтің дағдыларын, қарым-қатынас жасаудың, тұрмыс кешудің, мәдени өнегенің пішімдерін кайталап отыруға негізделеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында біз осы бағытта дамып, дәстүрлі қоғамда әлеуметтік жаңалықтар эволюциялық жолмен біртіндеп жүзеге асуы керек еді. Бірқатар елдер, мысалы, Жапония өздерінің дәстүрлі қоғамындағы әлеуметтікмәдени құндылықтарды қазіргі заманғы өркениет үрдістерімен оңтайлы ұштастыра білді. Ал, Азия, Африка мен Латын Америкасының кейбір елдері бұрынғы дәстүрлі даму жолдарын сол қалпында ұстануға тырысып келеді. Қазақ халқының дәстүрлі қоғамында да өзіндік дәстүрлі мәдениет, дәстүрлі саяси жүйе, құқықтық сана, т.б. болған. Мысалы, Жүсіп Баласағұн өмір сүрген заман – XI ғасыр. Ол – көрнекті ақын, ойшыл-философ, бүкіл Шығыс елдеріне әйгілі ғалым-энциклопедист, аса ірі мемлекет қайраткері, араб және парсы тілдерін жетік меңгерген. Сол заманның беделді мәдени орталықтары – Фараб, Қашғар, Бұхарада білім алған. Жүсiп Баласaғұн Қарахандар мемлекeтiнiң хан сарайында бас министр қызметiн атқарған. Ол мемлекeттiк заңдар мен салт-дәстүpдiң oрындалyын қадағалаған. Басты шығармасы – «Құтты білікте» құтты қоғам құру, елді көркейту мақсаты үнемі алғашқы кезекке шығарылады. Жүсіп Баласағұн бабамыз кедейді орташаға, орташаны байға жеткізіп, бекті құтайтуды, халықтың әл-ауқатын жақсартып, ырысын арттыруды басты мiндет етіп ұсынады. Мәселен: Жақсыларды көтер жебеп еңсесін Жамандардан бүтін сақта ел шетін. Нәсіп көріп алма қарғыс, назаны, Зұлым заңмен боларсың ел мазағы. Ақылымды көкірекке түй, біліп, Берік, ұзақ сонда бектік, билігің! — дейді. Қандай мәселе туралы толғанса да, дана oйшыл адамды бақытcыздыққа ұшырататын зорлықзомбылық атаулыға, қоpлаy мен арамдыққа, қулықсұмдыққа қарсы шығып отыpады. Міне, қазақ үшін дәстүрлі қоғамның тірегі.

– Демек, уақыттың өзі бұл талаптарды енгізу мәселесін күн тәртібіне қойып отыр демексіз бе?

– Әрине. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында осы бағытты дамытудың мүмкіндігі болған, бірақ, елде авторитарлы қоғам жүйесінің негізі қаланды. Азғантай ғана топтың билігі, жеке басқа табыну, халық атынан сөйлейтін заң шығарушы органдардың әлсіздігі, атқарушы биліктің жемқорлығы қалыптасты. Мұның барлығы саяси-экономикалық салада «жабық» қоғам жүйесіне әкелді. Саясаттану ілімінде «ашық» және «жабық» қоғам деген ұғымдарды кезінде ағылшын философы Карл Поппер енгізген. Ол мұны әртүрлі қоғамдардың тарихи-мәдени және саяси жүйелеріне сипаттама беру үшін қолданған. «Жабық» қоғам – догмалы түрде жеке басқа табынушылықты, сондай-ақ дамудың ерте кезеңдеріне тән сипаттармен, жаңару, жаңғыруларсыз, ілгері қозғалыссыз тұрып қалу мәнін білдірсе, «ашық» қоғам бұған қарамақарсы ұғымда айтылады. Ол сыртқы жағдайларға тез икемделіп, жылдам ыңғайланатын, өзара сынға ерік бере білетін демократияшыл қоғам. К.Поппер өркениет тарихында қоғамдық даму қашанда «жабық» жүйеден «ашық» жүйеге өту арқылы жүзеге асып отырғанын көрсетеді. «Жабық» жүйелерге өзінің әлеуметтік және саяси құрылымдары жөнінен әрқилы елдердегі (Спарта, Пруссия, патшалық Ресей, нацистік Германия) әміршіл-әкімшіл қоғамдар, «ашық» қоғам үлгісі ретінде көне дәуірдегі халық кеңесі басқарған Афина мен жаңа замандағы мемлекеттер мысал бола алады. Бүгінгі Қазақстан «ашық», «әділетті қоғамға» аяқ басу алдында тұр. Міне, сондықтан мемлекет үшін ең маңызды мәселелерді референдумға шығару осы халықтық бағыттың, демократиялық үрдістің жалғасы іспетті. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген нақыл сөз бар. Бабаларымыз ел тағдырын айқындайтын тарихи шешімдерді бүкіл халық болып ақылдасып, бірге қабылдаған. Президент Жолдауында: «Ұлытауда, Ордабасы мен Күлтөбеде өткен ұлы басқосулар – соның айқын дәлелі. Келелі жиында айтылған кесімді сөзге алты алаштың баласы түгел тоқтаған. Біз бірліктің бастауы болған осы дала демократиясының дәстүрін жаңғыртуымыз керек» — деп атап өтті.

– Бұл өзгерістердің басталуына не түрткі болды? Ойыңызы жалғай түссеңіз…

– Қазіргі кезең – алмағайып шақ, мемлекеттердің сыналатын, шыңдалатын кезі. Біздің қоғам саяси реформалар жасауда кібіртіктеп қалғаны анық. Сондықтан, жаңа Қазақстан жаңғыру жолына түсу, елде саяси реформаларды жасау – уақыт талабы. Оған итермелеген «қасіретті қаңтар» күндері. Мемлекет тәуелсіздігінің өзі таразыға түсті. Осы жерде мемлекеттің тірегі – халық екеніне көзіміз анық жетті. Жасалатын реформалар, реформа үшін емес, халықтың пайдасына шешілуі керек. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында: «Біз қасіретті қаңтардан мынадай маңызды сабақ алдық: мемлекеттегі ең жоғары лауазымды тұлғаның қолында барлық өкілеттіктің шоғырлануы оған жақын тұлғалар мен қаржылық-олигархиялық топтардың ықпалын орынсыз күшейтеді. Сосын олар мемлекетті жеке меншігі сияқты көре бастайды» деді. Саяси реформалар жөніндегі Президенттің ұсыныстары жұртшылыққа әбден таныс. Сондықтан, республикалық референдумға қатысу және қолдау жасау – әр азаматтың міндеті.

– Келесі сауал. Ата заңда көзделіп отырған өзгерістердің ішінен маңызды тұстары ретінде қай мәселелерді атар едіңіз?

– Конституцияға біріншіден, Президенттің өкілеттігі туралы өзгерістер енгізіледі. Мемлекет суперпрезиденттік жүйеден президенттік жүйеге өтпек, яғни Қазақстан Республикасының Президенті – ел азаматтары сайлағандықтан, барлық қазақстандықтардың Президенті. Мемлекет басшысына ешқандай артықшылық берілмеуі заң аясында шегенделуі тиіс. Тұңғыш Президент туралы Ата заңда ешқандай бап болуы тиіс емес және елдің негізін қалады деу мүлде болмауы керек. Өйткені, біреуге артықшылық беру заңсыздыққа бастайды. Осыны түсінетін кез келді. Ата Заң – ұрпақтан ұрпаққа мұра болып қалатын ең басты құжат. Екіншіден, өкілді билік тармағын қайта құру, Парламенттің қос палатасы Сенат және Мәжілістің ара жігін анықтау, мәслихаттардың ролін көтеру. Үшіншіден, сайлау жүйесін жетілдіру. П р о п о р ц и о н а л д ы т ә с і л м е н с а й л а у д а н пропорционалды-мажоритарлы үлгіде сайлау мүддесі ұлттық және өңірлік деңгейде толық көрініс табады. Мәжіліс парламентарийлерінің 70 пайызы пропорционалдық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен жасақталады. Аралас сайлау үлгісі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихаттар сайлауына да енгізіледі. Ал, қалалық және аудандық мәслихаттар мажоритарлық негізде болады. Төртіншіден, партиялық жүйені дамыту мүмкіндіктерін кеңейтіп, сайлау үдерісін жаңғырту, құқық қорғау институттарын күшейтіп, азаматтардың құқығын қорғау үшін оларға Конституциялық сотқа жүгіну мүмкіндігін беру секілді өзгерістер ұсынылмақ. Президент әкімшілігі өкілдерінің айтуынша, аталған реформалар мемлекеттің саяси моделін жүйелі түрде трансформациялауға бағытталған және билік тармақтары арасындағы қатынасты жетілдіріп, халықтың ел басқару ісіне араласу мүмкіндігін кеңейтуі тиіс, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды да күшейтуі керек.

– Жалпыхалықтық мүдде үшін жасалып жатқан шараларға қарсы пікір айтушылар да жоқ емес. Қалай ойлайсыз, негізсіз бе?

– Рас. Сыншылар Тоқаев ұсынған бастамалар косметикалық сипаттағы өзгерістер екенін және автократ жүйенің сипатын өзгертпейтінін айтады. Әрине, елдегі ақпараттық кеңестікте саясаттанушылар мен заңгерлер, тіпті қарапайым халық арасында да Конституциядағы 6-бап, (1. Қазақстан Республикасында мемлекеттік меншік пен жеке меншік танылады және бірдей қорғалады), 7-бап, (2. Мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады) деген баптар жөнінде көптеген тартыстар, пікірлер бар, ол заңды да. Бірақ оның бәрін Конституциялық Кеңесте, жұмысшы топтарында кәсіби заңгерлер мен мамандар талқылап, дәлелді жауаптарын беретін болар, ең бастысы – кез-келген өзгеріске ұшырайтын баптар халық қолдауына ие болуы тиіс.

– Отаншылдық тәрбие, патриоттық ұстаным мәселесіне де келіп жеткен сыңайлымыз…

– Өте дұрыс. Оған қоса, конституциялық референдум азаматтарға зор жауапкершілік жүктейді. Отаншылдық міндетті түрде тұлғаның жоғары әлеуметтік белсенділігін көрсетеді, өйткені, оның өзі еңбекте табыстарға жету үшін, қоғамға, ел-жұртқа, халыққа қызмет ету үшін биік серпін болып табылады. Сол себепті, күрделі рухани және саяси-әлеуметтік құбылыс ретіндегі қазақстандық патриотизм – Отанды қорғау, нығайту және гүлдендіру жолында онымен ажырамас тұтастығын саналы түрде ұғынатын тұлғаның руханилығы, азаматтығы және саяси-әлеуметтік белсенділігінің бірлігі. Бұл кез-келген мемлекеттің түбірлі саяси міндеті екені белгілі. Отаншылдыққа тәрбиелеудің негізгі көздеген мақсаты – өзінің бай тарихи тәжірибесіне сүйене отырып, келер ұрпақты еңбекке, өнер-білім машықтарын меңгеруге, отбасын, туған өлкесін, Отанын сүюге, ар-намысын қорғауға, т.б. ізгі адамгершілік қасиеттерге баулу. Отансүйгіштік рух – тәуелсіз еліміздің әлемдік өркениет көшіне қосылып, дүниежүзілік қауымдастықтан лайықты орнын алуына мүмкіндік беретін бірден-бір күш. Олай болса, жас ұрпақ ең бастысы – отбасында асқақ отансүйгіштік сезімге тәрбиеленуі тиіс.

– Сөз соңында түйінді сөзіңізді тыңдасақ…

– Жүсіп Баласағұн бабамыз: «Адамдардың артықшылығы өнері, ақылы, білімі болса, ол – адамның өз қажеттіліктері үшін таптырмайтын қасиет» деген. Ғұлама ойшыл адамды осы асыл қасиеттерді бойына жинақтауға шақырады. Мұндағы басты мақсат – адамның өзінөзі тәрбиелеуінің көрінісі, саяси санасы және сауаттылығында. Мемлекеттің тағдыры сындарлы кезеңге тірелген шақта ауызбірлік танытатын уақыт келді. Сондықтан, баршаңызды Конституциялық референдумды қолдап, қатысуға шақырамын.

Сұхбаттасқан Гүлжан ӘМІРОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button