ЕЛДІҢ ЭНЕРГЕТИКА САЛАСЫНДА СОҢҒЫ ЖЫЛДАРЫ ҚОРДАЛАНҒАН ТҮЙІНДЕР ӨТЕ КӨП. СОНЫҢ КЕСІРІНЕН ТҰТЫНУШЫЛАР ТАРАПЫНАН ЭНЕРГОКЕШЕННІҢ ҚЫЗМЕТІНЕ КӨҢІЛ ТОЛМАУШЫЛЫҚ БАСЫМ. БҰҒАН ЕҢ АЛДЫМЕН, ЭНЕРГИЯ ЖҮЙЕЛЕРІНІҢ ТОЗУЫ СЕБЕП. ОНЫ ЖАҢАРТУ ЖӨНІНДЕ БАТЫЛ ҚАДАМДАР ЖАСАЛҒАН ЖОҚ. ОСЫДАН ТУЫНДАҒАН КҮРДЕЛІ ПРОБЛЕМАЛАР БҮГІНДЕ ӘБДЕН ПІСІП-ЖЕТІЛДІ, БҰЛ – КӨБІНЕСЕ ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ НЫСАНДАРДАҒЫ АПАТТАР. 20 НАУРЫЗ КҮНГІ СОЛТҮСТІК ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ОРТАЛЫҒЫ – ПЕТРОПАВЛ ҚАЛАСЫНДАҒЫ No2 ЖЫЛУ-ҚУАТ ОРТАЛЫҒЫНДА ТҮТІН ҚҰБЫРЫНЫҢ ІШІНАРА ҚҰЛАУЫ ДА ОСЫНДАЙ САЛҒЫРТТЫҚТЫҢ САЛДАРЫ.
Соған байланысты Қазақстан Республикасы Парламенті Мəжілісінің депутаты, «Amanat» партиясы фракциясының мүшесі Дүйсенбай Тұрғанов 30 наурыз күні республика Премьер-Министрі Əлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдады. Əрине, Петропавлдағы №2 ЖЭО-да болған апаттан кісі өлуі еліміздің кез-келген өңірінде қайталануы əбден мүмкін. Сондықтан, Қазақстандағы барлық энергия кəсіпорындарына ортақ шұғыл шаралар қабылдау қажет. Əйтпесе, станциялардағы апаттар саны жыл сайын өсе бермек. Депутаттық сауалда Дүйсенбай Тұрғанов өзінің көпжылдық еңбек тəжірибесіне сүйеніп, жан-жақты мысал-дəйектер келтірген. Оның айтуынша, алдын ала деректер Петропавлда 60 жыл бұрын салынған қондырғының айтарлықтай тозуы апатқа тікелей себеп болғанын айғақтаған. Бірнеше күннен кейін қайталанған апат қала тұрғындарын жылудан «қақты».
«Станциялардың технологиялық қондырғыларының «шаршауы» – бұрыннан келе жатқан проблема жəне жағдай жыл[1]дан жылға нашарлап барады. Өйткені, салалық кəсіпорындар мұндай құрылыстарды жаңартуға қауқарсыз. Себептердің бірі – электр қуаты нарығындағы инвестициялық келісімдер негізгі генерациялық жабдықтарға (турбоагрегаттар, қазандар жəне генераторлар) ғана жасалады», – деп атап көрсетті халық қалаулысы өз хатында.
Дүйсенбай Нұрбайұлы Үкімет басшысына жолдаған хатында тек соңғы бір жылда елде бірнеше ірі апат болғанына дəлелдер келтіріпті. Атап айтқанда, 2021 жылғы қаңтарда – энергожүйенің Оңтүстік жəне батыс аймақтарында, осы жылдың қаңтарында – Орталық Азия біріккен энергожүйесінде бұрын-соңды болмаған апат салдарынан Қазақстанның оңтүстігі түгелдей, Өзбекстан мен Қырғызстан халқы тас түнекте қалды. Бірнеше сағат, кейде тəулік бойы ірілі-ұсақты елді мекендер, тіпті шағын қалалардың ыстық су немесе жарықсыз қалған кездері де бар. Оның бəрін есепке алса, күлдей зиян.
Үкімет басшысы Əлихан Смайыловтың атына жолданған сауалда депутат мына мəселеге ерекше назар аударған: «Саланың даму перспективаларына көбірек қатысты энергетикалық жүйені жаңғырту проблемасымен қатар, қазір энергия жүйесінің қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету де өзекті мəселе. Өкінішке орай, көп ұзамай бұл іспен айналысатын ешкім болмауы да мүмкін. Энергетика – экономиканың стратегиялық салаларының бірі. Бірақ біздің елде бұл саладан кадрлар «қашып» жатыр. Мамандардың көп тұрақтамауы, ең алдымен, жалақының төмендігінен. 2020 жылғы ресми деректерге қарағанда, салада 102 мың адам жұмыс істейді екен. Ал, энергетиктердің орташа жалақысы ел бойынша орташа жалақыдан 26%-ға төмен (264 383 теңгеге қарағанда – 195 764 теңге). Ресей Федерациясында электр энергетикасы саласындағы орташа жалақы – соңғы статистикалық деректер бойынша 306 572 теңге (54 745 рубль). Бұл – Қазақстан бойынша көрсеткіштен 36%-ға жоғары. Осының кесірінен білікті персонал басқа салаларға, ал шекара маңындағы елді мекендерде – Ресей Федерациясына кетіп жатыр».
Мəжіліс депутатының жанайқайы да түсінікті. Себебі, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев электр энергетикасындағы кадр мəселесіне назар аударып, Үкіметке саланың кəсіби кадрлық əлеуетін жəне бəсекеге қабілетті жалақы төлеу деңгейін қалыптастыру жөніндегі шараларды іске асыруды тапсырған болатын. Мемлекет басшысы елде энергетика саласы үшін кадр даярлайтын 24 жоғары оқу орны бола тұра, электр жабдықтары мен жоғары кернеулі желілерді жөндеушілер, басқа жұмысшы мамандықтарының тапшы екенін айт[1]ты.
Қазір республика бойынша инженерлік-техникалық персоналдың орташа жасы – шамамен 50 жас. Егер орташа жалақының деңгейі осыдан жақсармаса, бұл жағдай одан ары шиеленісе түсері сөзсіз. Соның салдарынан 2015-2020 жылдары кадрлардың тұрақсыздық көрсеткіші 4%-дан 15%-ға дейін өсті. Бүгінде бұл саладағы ең төменгі жалақы – табиғи монополиялар субъектілерінде, яғни электр қуатын беретін өңірлік электр желілері компанияларында қалыптасқан. Олардағы табыс елдегі энергетиктердің орташа жалақысынан да, өңірлік орташа жалақыдан да аз. Мысалы, өндірістік қызметкерлердің орташа жалақысы «Алатау Жарық компаниясы» АҚ-да өңір бойынша орташа жалақыдан 54%-ға (305 000 теңге – 198 000 теңге), «Павлодар электр желілік тарату компаниясы» АҚ-да 75%-ға төмен (225 000 теңгеге қарағанда 128 000 теңге) төмен. Ал, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-ндегі өндірістік персоналдың орташа жалақысын күнкөріске де жетпейді, өңір бойынша орташа жалақы – 209 000 теңгеге қарағанда небары 96 мың ғана (118%). Сөйтіп, қазір өңірлік электр желілік компанияларындағы кадр тапшылығы ел бойынша орта есеппен 11-16%, ал кейбір өңірлерде (мыс., «Алатау Жарық компаниясы» АҚ-ында 34%-ға жеткен.
Мамандығы бойынша энергетик Дүйсенбай Тұрғанов егер осы мəселелерді шешу мақсатында шұғыл шаралар қабылданбаса, онда энергия кəсіпорындары жақын арада электрмен жабдықтау сенімділігін қамтамасыз етуді айтпағанда, энергия жүйесінің тұрақтылығын сақтауға қажетті онсыз да аз ғана қалған инженерлік-техникалық қызметкерден айырылып қалады. Бұл мəселені білікті мамандар бірнеше рет көтергенмен, нəтиже жоқ. Мəселе түйінін шешудің мұншалықты кешіктірілуі кез-келген уақытта энергетикалық коллапске əкеліп соқтыруы мүмкін. Энергетика саласының маңыздылығына қарамастан, осы уақытқа дейін саланы дамытудың ұзақ мерзімді дербес стратегиясы əзірленбегенін Премьер-Министр Əлихан Смайыловтың қаперіне берген Мəжіліс депутаты Үкіметтен бірінші кезекте Президенттің сала қызметкерлерінің жалақысын қайта қарау жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында қабылданып жатқан нақты шаралар туралы жазбаша ақпарат беруді сұрады. «Саланы дамытудың ұзақ мерзімді дербес Стратегиясын əзірлеу – кезек күттірмейтін міндет» деп көрсетілген депутаттық сауалда.
Қуандық ШƏКІРОВ